«Қылмыс 1997 жылы жасалған»: Қазақстан азаматын өлтірді деген күдікті шетелден экстрадицияланды
63 жастағы қазақстандық Новосибирск қаласында отандасын тонап, өлтіріп кеткен.
Кісі өлтіріп, ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікті азамат Бельгиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Қылмыс 1997 жылы жасалған. Бұл туралы Алматы ПД басшысы Арыстанғали Заппаров Facebook-тегі парақшасында мәлім етті.
63 жастағы қазақстандық Новосибирск қаласында отандасын тонап, өлтіріп кеткен. Сондай-ақ кезінде оны босату үшін туыстарынан 100 мың доллар өтемақы талап еткен. Күдікті Бельгиядан Алматыға жеткізілді. Қаскөйлер бұл ауыр қылмысты адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасағаны белгілі болды.
"Тергеу барысында қылмысқа қатысушылар ұсталып, оларға түрлі жазалар тағайындалды. Сот органдарынан қашып кеткен қылмыскерлердің біріне қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, сондай-ақ мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланды. Іздеудегі азамат жалған деректермен Бельгияда жасырынып жүргені белгілі болды. Алматы қалалық Прокуратурасының үйлестіруімен және Интерполдың көмегімен күдікті ұсталып, Алматы қаласына жеткізілді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Алматы қалалық ПД астығының орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.