Жаңалықтар

Желіде тараған видеодан кейін Алматыда полицейлердің үстінен іс қозғалды

Алматы ПД

Белгісіз автор жариялаған бейнежазбада полиция қызметкерлеріне көлік ішінде ақша беру фактісі бейнеленген.

Әлеуметтік желіде шыққан бейнежазбаға байланысты алматылық полицейлердің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

17 мамыр күні әлеуметтік желіде белгісіз автор жариялаған бейнежазбада Алматы қаласының полиция қызметкерлеріне көлік ішінде ақша беру фактісі бейнеленген.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көрсетілген жарияланымға уақытылы ден қойып, шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданбағаны үшін пара алу фактісі бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.