Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған
1 маусым – Балаларды қорғау күні
Елімізде осыған дейін балалардың құқығын реттейтін 40-тан астам нормативтік құжат қабылданған екен. Былтыр Қазақстанда балаларға берілетін жәрдемақыны алу жасын 12 айдан 18 айға дейін ұлғайтатын және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын айтарлықтай жақсартатын Әлеуметтік кодекс қабылданды. Үкімет 2025 жылға қарай АӘК алу критерийлерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен орташа табыс деңгейіне дейін өзгертуге міндеттелді. Осы шараның арқасында АӘК алуға құқылы балалар саны артады.
Өткен жылы Президент «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасын қабылдады. Нәтижесінде, балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін олардың жинақ шоттарына жылдық инвестициялық кірістің 50 пайызы аударылып отырады. Сондай-ақ былтыр 19,7 млн адамды қамтитын «Отбасының цифрлық картасы» ақпаратты басқару жүйесі енгізілді. Аталмыш жүйе отбасына мониторинг жүргізуді күшейтуге, әлеуметтік қорғауға қолжетімділікті жеңілдетуге және азаматтарды өз құқықтары туралы белсенді ақпараттандыруға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы 2024-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдады, онда бала құқықтары басты назарда болады. Аталмыш жоспарға балалардың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін реттеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейту, медициналық мекемелерден тыс жерде туған балаларды тіркеу туралы заңнаманы қайта қарау, балалар еңбегі мәселесін талдау, гендерлік теңдікке септесу және инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау кіреді.
Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Онда бала тәрбиесі, қорлаудың алдын алу, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, мектептерде әлеуметтік-эмоциялық оқыту дағдыларын жетілдіру басымдыққа ие. 1 маусым балаларды қорғау күніне орай газетіміз балалар құқығына қатысты сала мамандарына хабарласып, пікірін білген болатын.
Жанна АСАНОВА, Сенат депутаты:
Адамның құқығын сақтау баланың құқығын қорғаудан басталады
– Соңғы жылдары қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың көбеюі алаңдаушылық туғызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқықбұзушылықты оған белгіленген жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етті. Бұл мәселе Мемлекет басшысының басты назарында болды. Өз Жолдауында өзекті мәселені көтеріп, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Президент өз сөзінде: Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет. Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек. Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет, – деді. Мәжіліс талқылаған заң Сенатқа жеткенде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі бойынша заңның қабылдануын қолдайтын 5 мыңнан астам өтініш түсті. Олар жеке азаматтардың, қоғамдық және құқық қорғау ұйымдарының атынан жазылған. Ауқымды іс-шаралар, талқылаулардан кейін заңды Сенат мақұлдап, зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейіп, ендігі жерде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленді. Бүгінде елімізде балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетуге арналған «111» және «150» нөмірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Жалпы алғанда, еліміздің Конституциясынан бастап, қабылданған әрбір заң мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. Жаңа заң тек ана мен баланы қорғамайды. Отбасында физикалық қысымға ұшыраған қарттар, ер-азаматтар да болады. Міне, олардың барлығы жәбірленушілер. Бұл зорлық-зомбылық жасайтын әр адамға қатысы бар заң. Өркениетті қоғамда бала құқығы басты назарда болуы керек. Еліміздің ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сондықтан оларды қоғам болып қорғау керек. Өйткені адамның құқығын сақтау алдымен баланың құқығын сақтаудан басталады.
Аягүл МИРАЗОВА, Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері:
Тәрбиесіз берілген білім құрдымға кетіреді
– Қазір заман тез өзгеріп жатыр. Бұрын ата-ана, бала, мұғалім басқаша ойлап, әрекет ететін, қазір мүлдем бөлек. Айырмашылық жер мен көктей. Біздің кезімізде мұғалімнің міндеті білім беру болатын. Ал ата-ананың міндеті – баласын мектепке жіберу, сабақтан қалдырмау, тазалығын қадағалау, асырау болатын. Ал баланы үйде әке-шешесі тәрбиелейтін, мұғалім мектепте жөн сілтейтін. Бүгінде мұның бәрі келмеске кетті. Қазір мұғалім мен ата-ананың ойы бір жерден шықпайды. Келеңсіз жағдай болса, көп ретте мұғалім жазықты болады. Араздасқан оқушыларды татуластыру мұғалімдерге тіпті қиын. Мұндай жағдайда әр ата-ана өзінің күшін, «жеткен жерін» көрсеткісі келеді. Үлкендер тіл табыспаған жерде балалар қайдан тату болсын? Оларға қателіктерін айтып, бір-бірінен кешірім сұратудың орнына ата-аналар ер-тоқымын бауырына алып тулайтын көрінеді. Мұғалімдер балалардың сабақ үлгерімінде де осы мәселемен бетпе-бет келеді екен. «Ата-ана артық сөйлемесін» деген мұғалім олардың қалаған бағасын қойып беріп, құлағын тыныштандырады. Яғни, білімге берілетін баға да әділетсіз. Өзім өмір бойы педагог болғанда көрген тәжірибемнен айтарым, баланың кемшілігін жасыру қателік. Жауырды жаба тоқу жақсылыққа апармайды. Баласының қателігін көрген ата-ана сол кемшілікпен жұмыс істеуі керек. Міне, осы жерде бала, ата-ана, ұстаз үштағаны бірлесіп, сол баланың болашақта жақсы адам болып қалыптасуына үлес қосады. Біз білімге көңіл бөліп, тәрбиені екінші орынға ысырдық. Уақыт бұл механизмнің бізге қарсы жұмыс істейтінін көрсетті. Тәрбиесіз берілген білім құрдымға кетіреді. Еліміздің әр өңірінде оқушылар арасында жаппай төбелесу етек алды. Бұрын балалар мұндай қатыгез болмайтын. Бірді-екілі келеңсіздіктер «ауыл арасында» шешіліп жататын, әр мектеп тентегін өзі түзеп алатын. Қазір енді осы қатыгездікті қолдан жасап отырғанымыз рас. Ұлттық құндылықтарға негізделген қазақы тәрбиемізді жоғалтып, бұл мәселеде көршілес елдерден қалыс қалдық. Ұтылғанымызды енді ұғынып жатырмыз. Өзінің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білгендер көштен қалмайды екен. Олар жаһандану кезеңіне ұлттық болмысымен ілесіп бара жатыр. Біз жалаңаштанып қалдық. Сондықтан жастар тәрбиесіне мығым болуымыз керек. Әрине, бәрі бірден бола қалмайды. Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады. Уақыт керек, десе де бәрін мемлекетке ысырып қоя салмай, ұлт тәрбиесі мәселесінде әрбір ата-ана өз баласына жауапкершілік алуы керек. Дені сау, өзінің құнды екенін білетін, психикасы қалыпты, ата-ана мейірімі мен махаббатын сезініп өскен бала болашақта жақсы адам, сапалы маман болып қалыптасады.
Ақмаржан КӨШЕРБАЕВА, БҰҰ-ның UNFPA қорының Қазақстандағы құрметті елшісі:
Жаңа заң еліміздің әрбір азаматын қорғайды
– Ересектердің шамамен 75 пайызы отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалап отыру үшін дене жазалауын қолдануды құптайды. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зорлықпен тәртіпке салу шараларына душар болады. Мектеп оқушыларының үштен екісі басқа оқушылар немесе мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетуге немесе кемсітуге шалдыққан немесе соның куәсі болған. Бүл – Юнисеф-тің мәліметі. Елімізде соңғы жылдары зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар саны көбейді. Қиын жағдайға тап болғандар заңға жүгінгенмен, зорлықшылар айыппұлмен құтылып келді. Биыл заң қатаңдатылып, ұрып-соғу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Отбасындағы ұрыс-керіс енді заң жүзінде шешіледі. Ерлер қауымы «Енді елімізде ажырасу көбейеді» деп дабыл қағып жатыр. Бұл заң әйелдер мен балаларға ғана басымдық бермейді, керісінше еліміздің әрбір азаматын зорлық-зомбылықтан қорғайды. Алайда осы заң қабылданар алдында, қабылданғаннан кейін де қоғамда ерлер мен әйелдер екіге бөлініп, осы тақырыпта ұзақ-сонар айтысқа көшті. Алайда балалар назардан тыс қалып жатқандай. Отбасындағы алауыздық, жанжал баланың психикасына қатты әсер етеді. Балалардың өзіне қол жұмсауына қатысты зерттеу жасадық. «Өз-өзімді қалай өлтіремін?» деген сұрақты Google-ға жазсаңыз, бірнеше нұсқаны ұсынады. Ал дамыған елдерде мұндай сұраққа «Сенім телефонына хабарласыңыз», «Психологқа барыңыз» деген позитивті нұсқаларды ұсынады. Біз осы деңгейге жетуіміз керек. Біздің қоғамда бала ішіндегі ойын, сезімін, қорқынышын әке-шешесіне жеткізе алмайды. Әсіресе, ер-азаматтарымыз отбасы, бала тәрбиесіне араласа бермейді. Баласының қандай мектепте, нешінші сыныпта оқитынынан хабарсыз. Баламен ашық әңгімелесіп, өзінің өткен өміріндегі тәжірибесін айтып отырса, бала да әкесінің сезімі, қорқыныштары болғанын түсініп, қабылдай бастайды. Сонда алдынан қиындық шықса, өзіне қол салуды ойламайды, қорғаны, ақылшысы әкесі бар екенін біледі. Осы орайда аналарға да бір кеңес айтқым келеді, әкенің отбасындағы жауапкершілігін мойныңызға артпаңыз. Әкенің рөлі тек бала-шағаны асырау емес, балаларымен дұрыс қарым-қатынас орнату, олардың өміріндегі оқиғалардан хабардар болу, тәрбиесіне тікелей араласу. Сонда бала да қоғамның толыққанды мүшесі болып өседі.
Эльвира ҚАСЫМ, психолог:
Психикасы қалыпты адам балаға зорлық көрсетпейді
– Маған көбінесе жасөспірім баласы бар ата-аналар жиі келеді. Олардың балаларымен кикілжіңі көп, тіл табыса алмай жатады. Екінші топ – 3 жасқа дейін баласы бар аналар. Бұл топта баласын жазалап, ұрып қоятындар көп. Ал үшінші топқа баласы энурезден зардап шегетін, тырнағын тістейтін, шашын жұлатын себептермен келеді. Біз баланы таяқпен тәрбиелеу деген әдеттен әлі арылған жоқпыз. «Біз де бала күнімізде таяқ жеп өскенбіз, содан жаман болдық па?» дейтіндер көп. Бұл – адамның өзінің психикасының қорғанышы. Ол осылайша өзіне бір кездері жасалған физикалық зорлықты ақтап алып отыр. Осылай жанына түскен жараны қаптап қояды. Сондықтан өзі де сол зорлықты қайталайды. Оны психоанализде агрессормен идентификация деп атайды. Жалпы, адам өзінің жанын зерттегенде ақ пен қараны ажырата бастайды. Терапия кезінде адам өзін ұрғанын, сол кезде жаны ауырғанын, өзін ешкімге керек емес сезінгенін қабылдап, оның өзіне ұнамағанын түсінеді. Сонда барып адамның қорғаныш механизмдері шешіледі. Баламен қарым-қатынаста оның сезімдерін, олардың түсініксіз іс-әрекеттерін ата-ана ретінде қабылдау үшін, тәжірибесі көптеу ересек адам ретінде баласына көңіл бөлу үшін адамға белгілі бір дәрежеде психикасын сауықтыру керек. Тым құрығанда ата-аналарға арналған тренинг, семинарларға қатысып, баласының ерекшелігі туралы ойлануы керек. Бірақ осылардың ішіндегі ең тиімдісі – адамның өзінің жанына үңіліп, өзімен жұмыс істеуі. Психикасы қалыпты адам балаға зорлық көрсетпейді. Жеке тәжірибемде баласын ұрып келген аналар кейін бұл әрекетін тияды. Бұл –үлкен жетістік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Бәлкім, сіз өз ата-анаңыздан көрмеген жақсы өмірді балаңыздың көріп жатқанын, оны ешкім ұрмағанын бейсаналы түрде қызғанатын шығарсыз. Бейсаналы түрде іштей баламен бала болып жарысқыңыз келетін шығар. Мұны, әрине, өзіңіз сезбейсіз. Бұл – сананың емес, бейсананың әрекеті. Сондықтан өзіңіздің ересек екеніңізді сезініп, эмоционалдық тұрғыдан қабылдап, баламен ата-ана ретінде қарым-қатынас жасағыңыз келсе, психологпен жұмыс істеңіз. Қазір елімізде сауатты, білімді, тәжірибелі мамандар өте көп. Кәсіби маманмен жұмыс істеу бұл – балалардың өміріне жасалған үлкен инвестиция, жақсы тәрбие, сау қарым-қатынас.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ