«Соңғы үкім» – күрделі көркемдік шындығымен ерекшеленетін туынды
«Соңғы үкім» – тарихи шындыққа адалдығымен қатар, күрделі көркемдік шындығымен де ерекшеленетін кинотуынды.
«Соңғы үкім» фильмінде «қазақтың осы уақытқа дейін грамматикасы жоқ екен ғой» деп әлде таңданған, әлде мысқылдаған ұлты орыс тергеушіге Ахмет атамыз араб тілінің грамматикасы орыс тілінің оқулығынан мың жыл бұрын жазылғанын ескертіп, «халықтардың тағдыры адам тағдырына ұқсас, әрқилы қалыптасады, бір ел білімге ерте жетігеді, енді бірі кешеуілдеп жетеді» деп жауап қайырады. Меніңше, көркем туындының да тағдыры әртүрлі қалыптасады. Қайбір шығарма бірден көзге ілініп, дабыраға шығады. Абай айтпай ма: «Батырды айтсам, ел шауып алған талап, қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, әншейін күн өткізер әңгімеге, тыңдар едің бір сөзін мыңға балап» деп. Ал енді тағдыры бөлек, сыртын ғана танымай, тереңіне бойлап, сырын ұғу үшін уақыт қажет ететін, оқырман мен көрерменнің ықылас-ыждағатына ғана емес, парасатына да зәру бір шығармалар болады. Өзім көрген «Соңғы үкім» фильмі осы соңғылар қатарлы дүние деп білдім.
Кинотеатрдан шыққан соң ойландым. Бұл фильмде не жоқ деп. Бұл фильмде әсіреқызыл жасандылық жоқ. Көрерменге қайтсем жағам, қайтсем еліктірем деп тарихқа, шындыққа қиянат жасау жоқ. «Қазағым-ай, елім-ай» деп өп-өтірік күңіреніп, өп-өтірік ұрандап ошаңдаған немесе бөстекі көсемсіген кейіпкер жоқ. Тарихта кеткен есемізді кинода болсын, қайтарып алайық деген түйтелікпен жат жұртты тұқырту жоқ. Шаш ал десе, бас алып, қит етсе, қазақты сүйреп апарып атып-асып жатқан патша жендеттерін де көрмейсіз. Өйткені біреу білер, біреу білмес, XIX ғасырдың орта шенінен бастап, кеңес билігі орнаған уақытқа дейін Ресей империясы өлім жазасына құлықсыз болды. Соғыс жағдайы енгізілген жердегі әскери-далалық аталатын қатыгез соттар болмаса, басқа соттар да, құзыреті күшті генерал-губернаторлар да өлім жазасына кесе алмайтын. Ал көпшілік алдында жұртты үркіту мақсатында көрінеу өлтіруге мүлде тыйым салынған болатын. Кинотеатрға бірге барған туысым: «Патшалық Ресейде православ дініндегі әйелдің мұсылманға тұрмысқа шығуы, дінін ауыстыруы қылмыс саналғанын білмеуші едім» дегенді айтты. «Несі таң, – дедім, – теократиялық елдерде қазір де солай. Сауд Арабиясында немесе Иранда мұсылман қызы бөгде діндегі жігітке шықсыншы, арғы жағы немен тынарын болжау да қорқынышты». Әлбетте, мұндай салтты дұрыс немесе бұрыс деп баға беруден аулақпын. Бірақ конституцияға бағынған зайырлы мемлекет емес, дін тәртібін ғана мойындайтын елдің бәріне ортақ жағдай осы.
Фильмді түсірушілер маңызды тарихи фактілерден тартып, ірілі-ұсақты детальдерге дейін мұқият қарағаны бірден байқалады. Яғни, тарихи драма өзінің шынайы тарихилығымен, деректілігімен ерекшеленіп тұр. Бәлкім, сол себепті болар, жекелеген сыншылар «Соңғы үкім» көркем фильмнен гөрі деректі фильмге ұқсайды, деректі оқиға тізбегі сияқты деп жатыр. Құдай бар-ды, өз басым тарихи шығарманы деректілігі үшін кінәлағанды бірінші рет көріп отырмын. Егер тарихи туынды, мейлі, ол көркем әдебиет болсын, мейлі, ол спектакль, кино болсын, тарихи негізден алыс жатса, дәйексіз болса, онда оның қай жері тарихи, қай жері шындық? Әдетте, басқаша болушы еді, тарихилығы төмен, шындыққа қайшы деп сынаушы еді. Кім біледі, бұл да қазіргі күлдібадам, алас-күлес танымның бір нышаны болар? Әлде, біздің жұртқа шынайы тарих керек болмай қалды ма? Бірақ менің пайымымда, «Соңғы үкім» – тарихи шындыққа адалдығымен қатар, күрделі көркемдік шындығымен де ерекшеленетін кинотуынды. Маған киношығарманың кейде алға, кейде артқа шегініп, хронологиялық желіні психологиялық-ассоциативті ағысқа тәуелдеген ерекше құрылымы ұнады. Басталған бетте қара түнді тілгілеп келе жатқан машина жарығы бірден жүрегіңді жұлқып әкетеді. Ақаңды басқа да бейбақыттармен бірге өлімге айдап бара жатқан көрініс санаңды жаншып жібереді. Асығып-үсігіп жаныққан, әбігер үстіндегі ажал мергендері үшін Алаш ардағы Ахмет Байтұрсыновтың еш қадірі жоқтығы, аз уақыттан соң кеудесін қорғасын талқандап, ол аз болса, желкесін және оқ тесіп, құпия мола, атаусыз орға құлайтын елеусіз көптің бірі ғана екені – ауыр да болса ақиқат.
А.Байтұрсынов өмірінің сегіз кезеңін арқау еткен фильмнің бүкіл оқиғасы кейіпкердің абақты табалдырығынан аттап шығып, ажал көлігіне мінген сәті мен межелі жерге жетіп, ажал қақпасынан аттайтын сәтінің арасында өтеді. Басқаша айтқанда, екі сұмдық нүкте, керез жағалау арасындағы естеліктер көпірі іспетті. Фильмнің қай сахнасын көріп отырсам да, – мейлі, ол Бадрисафасымен танысатын өмір қуанышына толы мезет пе, мейлі, «Қазақ» газетінің тұңғыш нөмірін қолына ұстап, мейірленіп тұратын кезі ме, мейлі, қанша қажыса да, тергеушінің қысасына сынбай, кісілік қалпын сақтап, сабырмен жауап беріп отыратын тұсы ма, – бәрібір, фильм басталғанда түрме қақпасынан шығып кететін, жер бетіндегі соңғы сапарына әкетіп бара жатқан өлім керуені есімнен бір шықпады. Көңілдің астан-кестенін шығарған осы ақтық нүкте, ақырғы ақиқат драмадағы әр эпизодқа басқаша қаратады, басқаша қабылдатады. Әділетіне жүгінсек, бір қарағанда, қым-қиғаш, жүйесіз оқиғалардың бір-бірімен ілмектесер өз қисыны, өз шындығы барын байқау қиын емес. Әр сахнадан асқан сайын Ахмет бейнесінің жаңа бір қырын танып, тағдырының терең сырын түйсіне түсесің. «Мен романымның әр тұсына бір жіптің ұшығын тастаймын, сол жіптің ұшығы басқа бір тұста жалғасып жатады» дейді Диккенс. Дәл сондай принципті екі бірдей Өлмесханнан аңдадық. Екеуі де – Ахмет өмірінде кездейсоқ ұшырасатын «жіп». Екі бөлек тағдыр, бірі қапыда мерт болады, екіншісі ажалдың нақ аранынан аман сытылып шығады. Осы екеуінде не сыр бар? Ойлы адамға «Соңғы үкім» ұсынатын бір жұмбақ – осы. Жандарм офицері, ақсүйек кейіпті жас жігіт Левановскийдің кейін Архангель қаласында можан-топай есепші кебінде кездесуінде қандай мән бар?
Ақыры, жұмбақ деп қалдық, ендеше, фильмнің ұзына бойында шытырман шидің арасында адасып жүретін сәбидің, бір түп шидің ығында жатқан киік лағының, қос панасызды аңдыған қасқырдың не сыры бар? Сол сәби ажал алаңына қалай тап болады? Ары-беріден соң жандармерия тергеушісі отырған кабинеттің терезе жақтауына айналып келе беретін қарға мен абақтыдағы тышқан да кездейсоқтық еместей көрінді. Айта берсек, алысқа кетеміз. Бірақ айтпасқа болмайтын жағдай –«Соңғы үкімнің» кейіпкерлері. Ахмет бейнесіндегі Азамат Сатыбалды шынымен-ақ биік деңгейге шыққаны байқалып-ақ тұр. Артық сөз, артық қимыл жоқ. Бұл баяғы бір заманда ғайыпқа сіңген алғашқы қазақ зиялысына тән дегдар, сыпа келбет, мінезге айналып кеткен бекзат әдет, қандай да бір өзгерістің қылпуын көзбен қағып, көкейінде шөккен ауыр мұңды жанармен ұқтыратын сұңғылалық. Көз қарықтырып, оқ атылды, Ақаңды өзінің бала рухы жетектеп алып барады. Сол сәттегі актердің көзіне тұнған тұңғиық шерді ойын деп те, шеберлік деп те айту ұшқарылық болар еді. Бұл анда-санда бір ұшырасатын, адамның түп санасынан лықсып сыртқа тебетін, актерді кейіпкерімен тұтастырып жіберетін сирек құбылыс. Бадрисафа – қазіргі ұлттық кинодағы өзгеше кейіпкер. Өз сұлулығын білетін бұла арудан бар тағдырын сүйген адамының жолына байлаған дертті, мұңды кейуанаға айналуы соншама табиғи, соншама сенімді.
Жалпы, актерлердің қайсысы болса да сәтті таңдалған. Жайдарылығы да, қасарысса, қарыса қалар қайсарлығы да, ағаға құрметі де аңдалып тұрар Міржақып, сұсты, өзгеден десі басым Әлихан, әрқайсысы әр бөлек құлық, әр алуан кейіптегі, үш басқа өрістегі, бірақ түптеп келгенде үшеуі де тозақ отынан жаратылғандай үш тергеуші, басқа да толып жатқан кейіпкерлер нанымды шығыпты. Соның ішінде фильмдегі тағы бір бейнені атамасқа болмайды. Ол – Тимофей Седельников бейнесі. Алаш қайраткерлерімен ежелден жахаттас әділетшіл, сондықтан да атажұртында жүріп жерінен айрылған қазақ елінің кісілік хақын қолынан келгенше қорғаған, сол үшін өз ортасынан қағажу көрген адам. Тарихта болған осы қайраткердің бейнесі алғаш рет «Соңғы үкімде» көрінді. Бұл туындының тағы бір айрықша белгісі – тамаша табиғат суреттері мен фильм ауанына үйлесіп, келісіп тұрған музыкалық сүйемел дер едім. Ең әуелі мұнда дала образы бар. Әбден көз таныс болған көнтақы көріністерге ұқсамайтын сурет бар. Қарқаралы – Семей жолындағы алыста аласа жоталар мұнартқан шалғынды, кер дала, қоңырқай кейіптегі кең дүние Торғай даласы, финалда Ахмет кешіп келе жатқан көделі сары жазық – жадыңда жатталып қалар ыстық бейнелер. Ал жойқын ағысты көкжайқын алып дарияны қайдан түсірсе де, киноға өзгеше өң кіргізіп тұр. Осының бәріне күңіренген, кең тынысты музыка қосылғанда, қиялыңа қанат біткендей күй кешесің. «Соңғы үкімді» көріп шығып, білген-түйгеніміз осы. Жолы жарық, тағдырлы, талайлы туынды болсын деп тілейміз.
Нұрлан АСҚАРОВ, филология ғылымдарының кандидаты