T-Newspaper

Астанаға шетелден келетін емделушілер көп

Әзербайжаннан келген қонақ­тар­дың бірі, медициналық агент­тік ди­ректоры Камала Гулиева Ас­та­наның медициналық әлеуетін, қыз­мет көрсету сапасы жоғары баға­лады.

Астана қаласы әкімдігі мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бірлесіп ТМД елдері және ҚХР дәрігерлері мен медициналық агенттеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастырды. Екі аптаға созылған іс-шара елорданың медициналық туризмін дамытуға үлес қосады.  

Ақпараттық турдың басты мақсаты – медициналық туризмді дамыту ар­қылы қаланың медициналық ұйым­дарын ілгерілету, медициналық қызмет көр­сетудің негізгі бағыттарын та­ныс­тыру, әртүрлі елдердің медициналық ма­мандары және агенттерімен серік­тестік байланыстар орнату және ын­ты­мақтастықты нығайту. Сондай-ақ тур қатысушыларды қаланың ең үздік ме­дициналық мекемелерімен, негізгі ме­дициналық қызмет көрсету бағыт­тарымен таныстыруға және қаланың туристік инфрақұрылымын көрсетуге бағытталған. Жалпы, Астана қаласының ме­дициналық әлеуеті жоғары. Қалада заманауи медициналық тех­но­логиялармен жабдықталған көптеген ал­дыңғы қатарлы медициналық ме­кеме орналасқан. Олардың қатарында UMC корпоративтік қоры, Ұлттық ба­лаларды оңалту орталығы, Ұлттық ней­рохирургия орталығы, Ұлттық ғы­лыми онкология орталығы, ҚР Пре­зи­денті Іс басқармасы ауруханасының, Ха­лықаралық UMIT томотерапия он­ко­логиялық орталығының, Green Clinic, Razzak Residence Clinic, Doctor Dent, Callisto Beauty Clinic, Tulip Medicine сияқты ұйымдардың жұмысымен жете танысты. Негізінен, бұл мекемелер онкология, кардиохирургия, нейро­хи­рургия бағытында үздік емдеу шара­ла­рын ұсынады. Сондай-ақ экстра­кор­порал­дық ұрықтандыру (ЭКО) және ба­лаларды оңалту бағдарламаларын, ем­деу процестерін үнемі жетілдіріп оты­рады. Сонымен қатар заманауи диаг­ностика және емдеу құралдарымен жаб­дықталған. Мысалы, UMIT Ха­лық­аралық томотерапия онкологиялық ор­­талығы ең соңғы технологияларды қол­­данады. Экстракорпоралдық ұрық­тандыру бағдарламалары үшін қажетті заманауи технологиялар мен жабдық­тар бар. Аталған тур барысында шетел­дік емделушілерге ұсынылатын қызмет түрлері таныстырылып, жан-жақты мәлімет берілді.   Әзербайжаннан келген қонақ­тар­дың бірі, медициналық агент­тік ди­ректоры Камала Гулиева Ас­та­наның медициналық әлеуетін, қыз­мет көрсету сапасы жоғары баға­лады.

– Бізді Астана қаласының әкімдігі мен Ин­вес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту бас­қармасы арнайы шақырды. Қа­зақ­стан шетелден медициналық ту­рис­тер қа­былдауға сақадай сай екеніне кө­зім жетті. Өзім науқастарды шетел­дер­де ем­делуге жіберумен айналы­са­мын. Ас­танада көптеген емдеу меке­ме­сі­нің жұ­мысымен танысқанымда, олар­дың за­манауи талаптарға сай тех­но­ло­гия­­лар­мен жабдықталғанын көрдім. Әсі­ресе, онкологиялық орталық жұмы­сы­ның жоғары деңгейде екенін айтқым ке­леді  және орталыққа шетелдік нау­қас­тар­ды жіберуге әбден болады, – деді ол.

2023 жылғы статистикаға сүйенсек, шет­елдік емделушілер арасында Қа­зақстан медицинасына қызығушылық артқан. Әсіресе, кардиохирургия, ней­рохирургия, стоматология, балаларды оңалту және репродуктология саласы сұранысқа ие. Мысалы, қытайлықтар ЭКО (экстракорпоралдық ұрықтан­дыру) бағдарламасына жиі жүгінеді екен. Бұл ЭКО-ға сұраныстың әлем бойын­ша да жоғары екенін және осы қызметті ұсынып отырған отандық ме­ди­цина саласында қызмет көрсету са­пасына сенімділіктің жоғары екенін көр­сетеді. Осылайша, Астана меди­ци­налық туризмнің танымал орта­лық­тарының біріне айналып келеді. Елорда шет­елден келетін емделушілерді қа­был­дауға және олардың қажеттілік­те­рін қанағаттандыруға дайын. Бұған ме­­дициналық қызметтердің қолже­тім­ділігі де себеп. Сондай-ақ қалада ме­ди­циналық туризмге бағытталған инф­ра­құрылым жақсы дамыған, оған қоса турист­ік және демалыс орындары да бар.