Жаңалықтар

Алдағы күндері 35 градусқа дейін күн ысиды

egemen.kz

Жалпы республиканың басым бөлігінде күндіз ауа температурасы жоғарылайды.

«Қазгидромет» РМК 30 мамыр - 1 маусым аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz. 

Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш тәулікте республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында, 1 маусымда батысында атмосфералық фронттардың әсерінен құбылмалы ауа райы сақталады. Найзағай ойнап, бұршақ жауады, екпінді жел соғады. 

«Еліміздің оңтүстігінде жоғары қысымның ықпалымен жауын-шашын тоқтайды. Баренц теңізінен келетін жоғары қысым аймақтарға жайылып, салдарынан түнде және таңертең минус 3 градусқа дейін үсік жүреді», - делінген хабарламада.

Жалпы республиканың басым бөлігінде күндіз ауа температурасы жоғарылайды. 

«Республиканың батысында, оңтүстігінде 27-35 градусқа дейін, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта 15-25 градусқа дейін, оңтүстік-шығыста 22-27 градусқа дейін бірте-бірте көтеріледі. Шығыс облыстарда ауа температурасы 10-20 градусқа дейін төмендейді», - делінген хабарламада.