Жаңалықтар

М.Кравченко: Қазақстан жастары – климаттың өзгеруіне қарсы күресте қозғаушы күш

Екі ай бұрын ғана құрылған «Climate for Us» ұйымы бірнеше елмен байланыс орнатып үлгерген.

«Қазақстан экофорумы» қауымдастығының жетекшісі Максим Кравченко Қазақстан жастарының климат өзгеруіне туындайтын мәселелерді шешуде әлеуеті бар екенін айтады. Ол Алматы қаласында өтіп жатқан Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Орталық Азия конференциясында жастар көтерген бастамалар мен нәтижелері туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, Қазақстан жастары өз еркімен түрлі ұйым құрып, бұл өзекті мәселені көп жерде көтеріп жүр.

«Қазіргі жастар климаттың өзгеруі мәселесін шешуге белсенді атсалысып жүр. Жұмыс барысында жастардың өз бастамаларын іске асыруға толық әлеуеті бар екенін байқап жүрміз. Сондай-ақ бұл бастамаларды қолдап жатқан қаржы донорларының да баса назар аударып жатқанын байқаймыз. Осы ретте жастардың амбициясы жоғары екенін айта кеткен жөн. Әлбетте, кейбіріне сарапшы секілді талдайтын әлеует бола бермейтіні анық. Дегенмен олар да үлкендер секілді бұл көкейтесті мәселеге алаңдайды. Алайда олар түрлі жиындарда біліктілігі жоғары мамандармен кездесіп, сұхбаттасып, ақырында осындай ұрпақтар диалогы арқылы байланыс орнатып жүр. Пандемия кезінде көп мәселені шешетін жиындар өткізілмей қалды. Қазір соның орнын толтырып, түрлі жиындар өткізіп, қатысып жүрміз», – дейді М.Кравченко.

М.Кравченконың айтуынша, сондай жиындардың бірінде «Climate for Us» жастар ұйымы құрылған.

«Экологиялық мәселелерге бей-жай қарай алмайтын алматылық бір топ жастар Ташкентте өткен конференциядан соң, рухтанып, «Climate for Us» деген атпен өз ұйымдарын құрды. Бұл ұйымның құрылғанына небәрі екі ай ғана болды. Дегенмен олар аз уақыт ішінде Қырғыз Республикасы, Өзбекстандағы өздері секілді жастармен байланыс орнатып үлгерді. Бізде климат мәселелерін шешуге бағытталған арнайы ұйымдар бар. Мұндай ұйымдар саны көп болуы керек. Экологиялық қозғалысты қолдау керек. Биыл Бакуде Орталық Азия жастары бас қосады. Онда олар климат өзгерісіне қатысты жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдарға өз ұсыныстарын жолдай алады. Осындай диалог құру арқылы көп мәселені айқындап, ортақ шешімін табуға болады», – дейді М.Кравченко.