Қоғам

«Бұл бала сөз түсінбейді»: Ақын Мұнайдар Балмолда әнші Төреғали Төреәліні сотқа бермек

Коллаж: turkystan.kz

Бұл жайлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ақын Мұнайдар Балмолда «Қазақтың жылқылары» деген әнін белгілі әнші Төреғали Төреәлі иемденіп алғанын мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

«Менің «Қазақтың жылқылары» өлеңіме Алтынбек Каресов ән жазып, екеуіміз жаңа туынды шығарған едік. Сол әнімізге Төреғали Төреәлінің көзі түсіпті! Түскені құрсын, ұрлап алып, сөзін жоқ қылып, оның орнына Қ. Алакөзовке сөз жазғызып алып, бір қожалықтың әні қылып, айтып жүр екен! Тик-токтан бір байқап қалып, ескерту жасадым. Жақсылықпен қоя қой, менің авторлық құқыма қолыңды сұқпа деп! Жоқ, бұл бала сөзді түсінбейтін болып тұр! Ютуб арнасында, өзінің парағында осы ән тұр деп маған жігіттер хабарласып жатыр. Бұл әнші жігіт Алтынбекке (композиторға) хабарласып, әнді сұрапты. Алтынбек өзінің келісетінін, бірақ Мұнайдар ағамнан рұқсат сұраңыз деген. Ал Төреғали мені адам екен демеген, ағам екен демеген, өзім білемге салыпты. Ал осынысы дұрыс па? Менен сұраған да жоқ. Мен рұқсат бермейтін де едім. Сөзін өзгертпей айтса, онда ойланатын едім. Ол менің сөзімді жоқ қылған ғой. Ән өлеңіме бола туды, соған арнайы жазылды! Бірінші өлең туды, соған менің тапсырысыммен ән жазылды. Сонда бұл әннің авторы кім?», - деп жазды ашулы ақын.

Сондай-ақ ол эстрада жұлдызын осы әрекеті үшін сотқа бергісі келетінін де айтқан.

«Оны сотқа берсем ше? Менің әнімді рұқсатымсыз алғаны аздай, онымен өзіне жалған абырой жинап жүр. Мұғалжар жылқысы жайлы әндетіп, біреулерден ақша алып, мейманасы тасып тұрған болар. Осылай қазақтың жылқыларына, яки ұлтымыздың, халқымыздың асыл жануарына арнаған әнімді тапап өтпекші, жоқ қылмақшы!»,- деді М. Баймолда.

Ақын аталған жағдайға байланысты көпшіліктің пікір білдіруін өтінген.