Өткен 2 айда БҚО-да 40 шақты киіктің өлексесі табылған
Өткен 2 айда БҚО-да 40 шақты киіктің өлексесі табылған
Батыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда браконьерлерден мыңнан астам киік мүйізі тәркіленген, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, оңай олжаға құныққан браконьерлер осы уақыт аралығында 500-дей аталық бөкенді баудай түсіріпті. Тек үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде даладан 40 шақты киіктің өлексесі табылған.
Арнайы жүргізілген тексеру барысында 180-ге жуық киік мүйізін сатпақ болған қаскөйлер қолға түсті. Аталған аймақтағы дала еркелерін қорғауға 52 инспектор тартылған. Браконьерлермен күресті жандандыру мақсатында Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы «Киіктерді қорғау» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Дегенмен бұл істе құқық қорғау органдарының көмегі ауадай қажет. Бірақ, прокурорлардың айтуынша, полиция қызметкерлерінің өздерінің де заңсыздыққа баруы жиілеп отыр.
«Ағымдағы жылдың 25 ақпанында ішкі істер бөлімінің әкімшілік басқармасының қызметкерлерімен Орал-Атырау тас жолында Чапаев ауылының маңында Nissan TERRANO автокөлігі ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында 6 киік мүйізі табылды. Бұдан басқа, көлік ішінде 2 жергілікті полиция қызметкері ұсталды. Қазіргі таңда аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді Орал қалалық табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Тәжіғалиев.