Спорт

Елордада паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты басталды

Н.Байбулин

Биылғы чемпионатқа қатысушылар санының көп болуы бұл спорт түріне деген қызығушылықтың арта түскенін дәлелдейді.

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев паралимпиадалық боччадан жыл сайынғы республика чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыста жекелей сыннан бөлек, алғаш рет командалық және жұптық сайыстарда жеңімпаздар анықталады.

Чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тілеген Мәулен Әшімбаев боччадан ұлттық құрама мүшелерін таяуда Финляндияда өткен беделді халықаралық жарыста жеңіп алған жүлделерімен құттықтады. Федерация Президенті бұл үлкен жеңістердің басы екенін атап өтті. Ол үшін, ең бастысы, табандылық пен төзімділік, ерік-жігер мен сенім және жаттықтырушылар мен спортшылардың үйлесімді жұмысы қажет.

«Жақында Финляндияда өткен жарыста ұлттық құрамамыздың мүшелері Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев алғаш рет қола медаль жеңіп алды. Бұл жыл өткен сайын спортшыларымыздың кәсіби деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Шеберліктері шыңдалып, өздеріне деген сенімділіктері және ірі жеңістерге деген құлшынысы артып келеді. Аз уақыттың ішінде бұл спорттан жарық жұлдыздарымыздың шыққанына және әр жарыс сайын қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Біз баршаңызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда инклюзияны дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Біздің жетістіктеріміз – осындай қолдаудың және үлкен команданың бірлескен жұмысының нәтижесі», – деген Мәулен Әшімбаев спортшыларға, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларға алғыс білдірді.

Айта кетейік, Финляндияның Лахти қаласында өткен сайыста Қуаныш Асқарбеков жекелей сында қола медаль олжалады. Сондай-ақ командалық жарыста да Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, жекелей сында Итиана Шыңғысханова – төртінші, Меруерт Тілебалды – бесінші, Балжан Бөлекпаева – алтыншы және Темірлан Алтынсары сегізінші орын алғанын атап өткен жөн.

«Соңғы жылдарда елімізде бочча қарқынды дамып келеді. Аз уақыттың ішінде аталған паралимпиадалық спортпен тұрақты айналысатындар қатары шамамен 20 пайызға артып отыр. Бұл ерекше қажеттілігі бар мыңдаған азаматқа спортпен шұғылдануға, жаңа достар табуға және халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады. Елімізде боччаның осылай кеңінен танылып, жаңа қозғалысқа айналып келе жатқанына қуаныштымын. Бұл ретте сіздер үлкен үлгі көрсетіп келесіздер», – деді Федерация Президенті.

Биылғы чемпионатқа қатысушылар санының көп болуы бұл спорт түріне деген қызығушылықтың арта түскенін дәлелдейді. Былтыр ел чемпионатына 10 өңірден 50-ге жуық спортшы келсе, биыл 12 өңірден 89 спортшы қатысуға өтінім берді. Қазіргі таңда 10 облыста Қазақстан бочча федерациясының филиалдары жұмыс істейді. Ал, 12 өңірде бочча үйірмелері бар.

Сонымен қатар, бүгін Федерация конференциясының кезектен тыс отырысы өтті. Онда қатысушылар инклюзивті спорт түрлерін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде жаттығу базасын дамыту, қаржыландыру, спортшылар арасында бәсекелестікті арттыру, тәжірибе жинақтау және тағы басқа басымдықтарды талқылады.