Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш ашылды
Жас сарбаздар даңқты қолбасшыға құрмет көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ескерткіш алдынан сап түзеп өтті
Бүгін Ақкөл қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.
Ескерткішінің ашылу рәсіміне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық Қаһарманы, отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаев, Халық Қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, елордадағы әскери колледждің курсанттары, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, Сағадат Нұрмағамбетовтің жақындары және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар әскерилер ротасының құрмет қарауылының және Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталық оркестрінің сүйемелдеуімен даңқты батырдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.
Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ ол Сағадат Нұрмағамбетовтің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі екенін және батырдың есімі ел тарихына мәңгіге жазылғанын атап өтті.
«Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Батырдың ескерткіші – халықтың қаһарман ұлына ыстық ықыласының, Отанға қорғауға өмірін арнаған барша азаматқа шынайы құрметінің белгісі. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз», – делінген ел Президентінің құттықтау хатында.
Өз сөзінде Сенат Спикері генаралдың ерлігі мен елге сіңірген еселі еңбегі әрдайым халықтың жадында сақталатынын айтты. Сондай-ақ ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен соңында қалған рухани мұрасын дәріптеу маңызды іс екенін, мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайта түсетінін тілге тиек етті.
Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі бүкіл ғұмырын Отанға қызмет етуге арнағанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге ол игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғысын білдірді.
Жас сарбаздар даңқты қолбасшыға құрмет көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен ескерткіш алдынан сап түзеп өтті.
Айта кетейік, Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылғы 25 мамырда Ақмола облысының Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол – әскери колледждің курсантынан армия генералына дейін, пулеметшілер взводының командирінен тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министріне дейінгі жолды жүріп өткен бірегей тұлға. Сағадат Қожахметұлының ерен ерлігі мен қайсарлығы КСРО-ның, Қазақстан Республикасының және тағы басқа мемлекеттердің 16 орденімен және 30 медальмен марапатталды.