Асылбек әкелі Рауан: Тарихи Отанымды ең үлкен байлығым деп білемін
Тұлба сұмыдық жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы)
TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек. «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған. Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.
Редакциядан
«Қазақстан» деген сөзді естісем болғаны, жүрегімнің лүпілі артып, кеудемде көбелектер ұшып жүргендей ерекше сезімге бой алдырамын. Кішкентей кезімде бұл сезімді түсініп болмайтынмын. Ал ес білгелі бұл менің атажұртыма деген махаббат пен сағыныштың астасуынан шыққан сезім екенін ұғындым. Әрине, бала күнімде тарихи Отан, атажұрт сөздерінің маңызына мән бермек түгілі, Қазақстанды бізге бейәлім шет мемлекеті деп ойлайтынмын. Ал қазір есейе келе Қазақстан туралы ойым өзгерді.
Бұрындары «Ұлтым қазақ болса, неге мен Қазақстанда емес, Моңғолияда өмір сүремін?» деп жиі ойланатынмын. Кейін үлкендерден мұның себебін, тарихын естідім. Ал хат танығалы бері ғаламтордан және кітаптан Қазақстан туралы мәліметті көп оқитын болдым. Сөйтіп, ұлт, ел мен жер тарихы туралы көп дерекке қанықтым. Көп нәрсені байыбна жетіп түсіндім.
Мұқағали Мақатаев Отанды үш бақытының біреуіне теңегендей, мен де тарихи Отанымды ең үлкен байлығым деп білемін. Ол жерге әлі табаным тимесе де, қиялыма ерік беріп, онда жүргенімді елестетемін. Күндердің күнінде Қазақстанға барып, көпшілік айтып жүрген тым жақсы дүниелерді өз көзіммен көріп қайтуды қатты армандаймын.
Әлемді дүр сілкіндірген жаһандану үрдісінің қарқынына қарай, бізді ХХІ ғасырдың «жолы болғыш ұрпақтары» деп айтып жатады. Біз – расымен де жолы болғыш ұрпақпыз. Ғаламтор арқылы кез келген дүниемізді іздеп, таба аламыз. Сол ғаламтордың арқасында біз, қиырдағы қазақтар Қазақстанмен тығыз байланыс орнатамыз. Қазақстанды өз көзімізбен көрмесек те, ол туралы ақпараттарды интернеттен біліп, хабардар болып отырамыз. Сол кезде байқағаным, біз түгілі, шетелдіктер де біздің дәстүрге, ұлттық киімдеріміз бен аспаптарымызға және ұлттық тағамдарымызға қатты қызығады екен. Сол үшін тіпті ат басын тіреп, арнайы елге де баратындар саны көп болса керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, туристердің санын одан бетер арттыру үшін атамекендегі біраз қалалардың туристік әлеуетін жақсарта түссе екен дейсің.
Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылардың біразын бақылап жүремін. Барған жарысынан құр қол қайтпайтын атлеттерге, әсіресе жастарға қарап, біз тек қонақжай ғана емес, сонымен қатар табанды әрі шыдамды ұлт екенімізді жете түсінемін.
Біздің, жастардың осындай төзімді, өнерлі әрі білімді болуымыздың пайдасы ертең бізге тиері анық. Себебі елдің болашағы бізден басталады. Мен оқушы болсам да, мұның маңызы мен мәнін жете түсінемін. Мұны тек мен емес, шетте туып-өскен, десе де Қазақстанға тартып тұратын әрбір оқушы да түсінеді деп ойлаймын. Сол үшін біз, қиырда тұратын оқушылар осы кезден бастап, көп оқып, еңбек етіп, мектеп бітірген соң Қазақстанның университеттерінің біріне оқуға түсуге талпынуымыз керек. Сосын азамат болып, оң мен солымызды танып алған соң, ата-ана, туған-туысқа көмектесіп, оларды атажұртқа көшіріп, бір шаңырақ астында тынбай, адал еңбек етуіміз керек. Жоғарыда айтып өткендей, бәрі бізден басталады.
Асылбек әкелі Рауан,
Тұлба сұмыдық жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы)