Атажұрт

Нұрбике Сейітханқызы: 6 жасымда «Мен – қазақпын!» өлеңін жаттап алдым

сурет: turkystan.kz

Дэлүүн сұмыны аға мектебінің 7г сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы)

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған. Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Мені алға жетелейтін бірнеше арман бар. Ол – мектепті үздік бітіріп, қалаған оқуыма түсіп, ата-анамның үмітін ақтау. Білімімді жетілдіру үшін Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының біріне оқуға түсуді армандаймын.

Мен – жырақта жүрген қазақ қызымын. Сол үшін көп естіген атамекенімді өз көзіммен көргім келеді. Күнде интернет-теледидардан естіп, тыңдап жүрген «желбіреген көк туын» өз көзіммен көрсем деймін. Дәл осындай сезім мен көңіл күй шетте жүрген әр қазақтың  көкейінде жүреді деп ойлаймын. 6 жасымда ағам «Мен – қазақпын!» деген өлеңді жаттатқан болатын. Ол өлеңді бірден жаттап алып, үнемі айтып жүретінмін. Бірақ сол кезде ол өлеңнің не мағына беретінін, не үшін жазылғанын және кім жазғанын біліңкіремейтінмін. Мектеп табалдырығын аттап, хат танып, жазу-сызуды үйренгеннен кейін, бір күні дәл сол өлеңнің жолдарын бір оқулықтан көріп қалдым. Сол-ақ екен, бірден ұстазыма оқып бердім. Ұстазым да, сыныптастарым да таң қалды. Бәрі «Өлеңді жақсы оқиды екенсің» деп мақтады. Сол кезде бойымды мақтаныш билегені әлі есімде. Сабақ бітір-бетпес үйге жетуге асықтым. Келіп ағамнан өлеңнін мән жайын сұрадым. Ағам маған оны қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев шығарғанын айтып берді. Ол өлеңнің неліктен «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп басталатынын сұрадым. Ағам тарихты жақсы білетін еді. Сол кезде ол қазақ халқының басынан өткен қиындықтар туралы айтып берді. Төрт жол өлеңнің мағанасын түгелдей түсіндірді.

«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген».

Осы өлеңді оқыған сайын қазақ еліне, атажұртқа деген сүйіспеншілігім арта түседі. Осы өлеңнің мағынасын ете түсінгелі бері, ғаламтордан, кітаптан үнемі Қазақстан туралы ақпарат оқитын болдым. Өткен жылы ағам шетелден оқудан келгенде көп кітап пен газеттер әкелген еді. Сол кітаптардың ішінен Бекен Қайратұлының өлеңін тауып алғанмын. Онда мынадай өлең жолдары бар.

Алтай таудың ар жағынан келдім,

Бай-өлке аймағынан келдім,

Әлі өңі бұзылмаған,

Қазақтың қаймағынан келдім.

... Атамекен, нұр алайын деп келдім,

Шертіп бір күй, қуанайын деп келдім.

Сен жыласаң, жоқтау айтып тоқтаусыз,

Сен қуансаң, қуанайын деп келдім...

Бекен ағаның осы өлең жолдарын түгелдей жаттап алдым. Бұл өлеңді де оқыған сайын ерекше күйге бөленемін.

Атажұртқа саяхаттап бару – осындағы әр қандас баланың арманы. Сол секілді мен де атамекенге табан тіреуді армандаймын. Ол арманның орындалатын ауылы да алыс емес деп ойлаймын.

Нұрбике Сейітханқызы,

Дэлүүн сұмыны аға мектебінің 7г сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы)