T-Newspaper

Нұртілек Қайратұлы: Қазақстан атауын естігенде, жүрегім тулап...

сурет: turkystan.kz

Тұлба сұмыны жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған. Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Мен атажұрт туралы ойлағанда өзім­ді ерекше жолы болғыш адам ре­тінде сезінемін. Себебі менің қос ата-анам­дай сезілетін Моңғолия және Қа­зақ­стан деген екі жұртым бар. Не­ге десеңіз, мен өзім Моңғолия елінің Баян-Өл­гей аймағының Тұлба деген кіш­кен­тай қалашығында туып-өстім. Қазір осы жерде ата-анаммен бірге тұрып жатырмын. Бұл жер – менің туған жерім. Дейтұрғанмен, менің ұлтым – қазақ, әрі ата-бабамның байырғы жұрты қазақ елі болғандықтан, Қазақстанды өз атажұртым деп санаймын. Сондықтан Қазақстан менің жүрегімде ерекше орын алады. Қазақстан деген сөзді естісем, жүрегім тулап, батыр елдің жайдарлы, қо­нақжай, бауырмал ұрпағы мен күннен-күнге дамып өркендеп келе жатқан ел елестейді. Мен Қазақстанды осылай елестетемін. Менің ойымша, атажұртын, ата мекенін сағынып жүрген әрбір қандастың ойындағы атажұрт осындай болса керек. Өз басым атажұртта болып көрмесем де, бойымда сағыныш се­зімі менмұндалап тұрады. Бұған балалық шағымнан бастап «Ба­ла­пан» арнасынан түрлі көрсетілім, ертегі, балаларға арналған қызық бағ­дарламарды көріп-өскенім себеп болса керек. Өз бетіммен қазақ ертегілер, батырлар жыры, аңыз, әңгіме қамтылған түрлі кітап оқып, көз алдыма сол батырлар елестеп, осындай туындыларға арқау болған киелі жерге барғым келіп жүретін. Менің әкем «Қазақстан» арнасынан жаңа­лықтарды қалт жібермей, үнемі көріп отырады. Оған ілесіп, мен де құлағымды түріп жүремін. Әрі атажұрттан келген туған-туыстарым да көп нәрсені ортаға салып, жағымды жаңалықтарды бөлісіп отырады. Мұның бәрі атажұртқа деген сүйіспеншілікті оятпай қоймайтыны айдан анық. Мен Интернеттен, теледидардан көрген-білгенімді жазатын болсам, қазір Қазақстан жан-жақты дамып жатқанын анық аңғаруға болады. Әсіресе, спорт, өнерді қолдауға көп күш пен қаражат жұмсалып жатқаны байқалады. Спортқа, өнерге қызығушылығы бар балаға өз арманына жете алатындай мүмкіндік толық жа­салған. Жастарға арналған спорт кешендері, арнайы мектептердің жақсы жасақталғанын айт­пағанда, ұлттық құрамалар, бапкерлер мен атлеттер үшін барлық жағдай жасалғанын жаңа­лықтардан көруге болады. Әсіресе, болашағын спортпен байланыстырған студенттерге шәкіртақы тағайындау, олар­дың шыңдалуына жағдай жасау арқылы жастардың спортқа деген қызығушы­лығы күннен-күнге арта түсетіні белгілі. Ал мұндай жағдайда жетіліп, еңбектенген жас өрен өз арманына адаспай жетe алатыны сөзсіз. Оған – Қазақстан құрамасының әрбір Олим­пиада ойындарынан әрқашан жүл­делі орын ала­тыны дәлел. Сон­дық­тан Қазақстанда өзін дамытамын, жетілдіремін деген адамға әрқашан жол ашық деп ойлаймын.  Атажұртымызда әлемге аты жайыл­ған спортшылар жетер­лік. Алдыңғы шепте тұрған Геннадий Головкинді ерекше атап өтуге болады. Бірнеше дүркін әлем чемпионы. Өз салмағында теңдесі жоқ боксшы. Қазір бокс спортына қызығатындар оған қатты еліктейтінін байқап жүрміз.  Ал өнерге келетін болсақ, Қазақстаннан шығып, әлемге танылғандар да жетерлік. Мұндайда алдымен Димаш Құдайбергенұлы мен Иманбек ойға оралады. Олардың әлемде миллиондаған жанкүйері бар. Мұндай қарқынмен келешекте Қазақстан спорт пен өнер саласы бұдан бетер дамыған, жоғарыда аталған спортшы, өнерпаз аға-әпкелеріміз секілді талай жұлдыз шығатын елге айналады деп сенемін.  Бұл екі саладан бөлек, IT, цифрлық даму, инновация саласының да қарқынды дамып жатқанын айрықша атап өтер едім. Қазақстанда Astana Hub деп аталатын IT саласын дамытуға бағытталған Орталық Азиядағы ең үлкен орталық жұмыс істейді. Онда тиімді стартап жобаларды ілгерілетуге толықтай мүмкіндік бар екенін естіп-біліп жүрмін. Осы ретте мен Қазақстанның ІТ саласын көркейтуге өзіндік үлесімді қосқым келеді. Болашақта атамекенімдегі белді оқу орындардың бірі – Назарбаев университетіне оқуға түсіп, IT мамандығын меңгеруді мақсат етемін. Сөйтіп, Astana Hub-тың стартап­шыларының қатарына қосылғым келеді.  Атажұртқа оқуға түскім келуіне екінші себеп – тарихи Отанға оралу. Шетте мен сияқты атамекенді аңсап жүрген жас көп болғандықтан және ел­дегі жастарды қолдауға арналған түрлі жобалар іске асырылып жат­қандықтан, Қа­зақстан келешекте жастардың мекені болмақ деген ойдамын.  Интернет, газет, теледидардан әрі туыстардан естіп-білгенімнен ой  түйсем, Қазақстан менің көзіме қазір көп елден әлдеқайда көш ілгері, бірлігі жарасқан, бейбіт күн кешкен берекелі ел, тарихи Отаны деп санайтын әр азамат асығатын, жай турист болып келіп қоймай, осында мәңгіге қал­уға ұмтылатын ел ретінде елестейді.

Нұртілек Қайратұлы,

Тұлба сұмыны жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)