Айсая Ақансеріқызы: Қазақ ұлтын әлемге танытатын – жастар
Тұлба сұмыны жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)
TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек. «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған. Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.
Редакциядан
«Арманымдағы атажұрт» дегенде жүйрік ойым сан саққа жүгіріп, бала қиялым алысқа жетелейді. Мен қиыр шетте, Моңғолия елінде тұрып жатсам да, қазақтың кіндік қаны тамған жері Қазақстан еліне, жеріне деген сүйіспеншілігім зор. Ата-бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, сан қилы заманды бастан өткерді. Олардың арманы тарихи отанына оралу болатын. Наурызбай, Бөгенбай, Қабанбай батырларымыз елі, жері үшін жанын аямай жаумен айқасты. Ұлтымыздың зиялы ақын-жазушылары Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және тағы басқа қайраткерлер тәуелсіздік үшін күресіп, ақырында көбі репресияға ұшырады. Қазақ халқы осы күнге жету үшін талай қиын қыстау күндерді басынан өткізді. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстанға шетелдерде тұратын қазақтар көше бастады. Қазақстан осы күнге дейін «Отаным» деп барған қандастардың барлық жағдайын жасап, құшақ жая қарсы алып отыр. Ең алдымен, атажұртымда табиғаты әсем жерлер көп екенін атап өткім келеді. Арқаның сары даласы саналатын Бурабай, Шығыстың шырайлы өлкесі, түркілердің бесігі болған Түркістан қалаларының әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шығыс Қазақстандағы Қатон-Қарағай тауының Алтай тауымен астасуы, оның тұмса табиғаты таңғалдырмай қоймайды. Табиғаты көздің жауын аларлықтай әсем жерлерге туристер жыл сайын ағылып келіп жатқанын байқаймыз. Әсіресе, бас қала – Астананы көруге асығатындар көп. Ондағы «Бәйтерек» монументі – Астана қаласындағы ең көрнекті ғимараттардың бірі. Елордаға ат басын бұрған кез келген жан ең әуелі осы монументке баруды қалайды. Мен бұл мәліметтерді кітаптан, ғаламтор желісінен оқып-білемін, теледидардан көріп-естимін. Әрине, кітап бетінен, көгілдір экраннан көрген бір бөлек. Ал өз көзіңмен көру, ол жердің суын ішу, жерін басу ол тіптен бөлек сезім. Атажұрт дегенде сан мыңдаған қазақ шоғырланған қала, театрлар, аламан айтыс, ұлттық спорттық ойындар, көкпар бәйге, қазақ тілінде дәріс берілетін оқу орындары, қазақ кинолары, қазақша жазылған мекенжай, нұсқаулықтар, қаздай тізілген киіз үйлер тігіп, ұлттық мейрам – Наурыздың ұлан асыр болып тойланып жатқанын елестетемін. Сонымен қатар ұлт зиялыларының, шетелдік ғалымдардың қазақ тіліне аударылып жазылған миллиондаған кітабы тұрған кітапханалар, ұлт тарихы мен тәуелсіздігінің кепілі болған тарихи жәдігерлер мен мұрағаттар сақталған мекен ретінде елестетемін. Мен атажұртымыздың түркітектес халықтардың арқа сүйері, айбары, Азия барысы болғанын қалаймын. Олай болу үшін әр қазақ, тіпті қиырда тұратындар ел мәдениеті мен ғылым-білімін ілгерілетуге өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазақ болып туылған соң, әлбетте Қазақстанға барып, тұрақтағым келеді. 20 миллион халық мекен еткен Қазақстан елі қазір дамудың даңғыл жолында. Менің арманымдағы атажұрт қандай сонымен? «Армансыз адам – қанатсыз бұлбұл», – дейді дана халқымыз. Армандай білу – адамзатқа берілген ерекше сый. Адам жақсыны көксейді, тіршілігі үшін маңыздыны армандайды. Арман асқақ болған сайын аяулы десек, сол аяулы арманның бәрі ұлтымыз бейбітшілікте өмір сүргенде ғана жүзеге асады. Мен ең алдымен халқымыз татулықта, тал бесікте тербелгенін қалаймын. Қазақстанда қанша ұлт өкілдері тұрса, олардың барлығы қазақ тілінде емін-еркін сөйлесе деймін. Менің арманымдағы атажұрт – қаласы мен даласы жарыса дамыған, жаңаша келбетке ие болған ертегідей шаһар, тәуелсіз, жері мен шеті қиырсыз, даласы гүл баққа оранған, еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін тек қазақ тілінде сайраған, даласын батырлар қорғаған, қаласына зәулім сарай орнаған, бірлігі бекем халқы бар жер. Зұлматқа, соғысқа, жамандық атаулыға жол бермейтін, қарттарын қадірлейтін, жастарын жасытпайтын, әділдіктің ақ жолынан таймайтын ұлт болуын қалаймын. Армандағы болашақты жасайтын – білімді де, жігерлі жастар. Күллі жасқа сенім артқан Алаш ардақтысы Мағжан атамыз «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда» деп бекер айтпаған. Расында, қазақтың егемендігін сақтайтын да, тәуелсіздікті баянды ететін де, қазақ ұлтын әлемге танытатын да – жастар. Мен болашақта ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтағым келеді. Қасиетті атамекеніміздің жарқын болашағы жолында күні бүгіннен қарышты қадамдар жасап, жаңа Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесімізді қосқым келеді. Ғабиден Мұстафин «Арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» дегендей, қиялым қияға жетелеп, атажұртты көру, онда өсіп-жетілу арманым орындалса екен деймін.
Айсая Ақансеріқызы,
Тұлба сұмыны жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)