Вандализмге қарсы заң қабылданды
Жұмыс тобының жетекшісі Марат Бәшімов түзетулер халықаралық құқық нормаларын ескере отырып, отандық заңнаманы жетілдіру қажеттігіне байланысты әзірленгенін айтты.
Осы аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» және электромобиль инфрақұрылымын дамыту туралы заңдарды қабылдады.
Жұмыс тобының жетекшісі Марат Бәшімов түзетулер халықаралық құқық нормаларын ескере отырып, отандық заңнаманы жетілдіру қажеттігіне байланысты әзірленгенін айтты.
– Депутаттар вандализм, ғимараттарды, қоғамдық орындарды қорлау және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қатысты жазаны қатайтуға бағытталған түзетулер енгізді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында вандализмнің теріс салдарымен күресу қажеттігі туралы айтқан болатын. Енді вандализм үшін 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізу, не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылады. Қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есеге – 10 АЕК-ке дейін, ал қайталанған жағдайда – 20 АЕК-ке дейін өсті, – деді Марат Башимов.
Талқылау нәтижесінде депутаттар «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңды ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Мәжілісмендер экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері туралы заңды да екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Арман Қалықовтың айтуынша, заң аясында «электромобиль» және «электрқуаттау станциясы» жаңа ұғымдары енгізіледі. Жолдарды жобалау кезінде электрқуаттау станциялары үшін бөлек орындар бөлу, тұрғын және қоғамдық аймақтарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау станциялары бар тұрақтар орналастыру жоспарлануда. Электромобиль иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады. Электрқуаттау станцияларымен жабдықталған орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
– Екінші оқылымда депутаттар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның әкімдігіне электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау жөнінде құзырет беруге, электрқуаттау станцияларын электр желілеріне өз бетінше қосуға тыйым салуға қатысты түзетулер енгізді, – деді А.Қалықов.
Сондай-ақ депутат автобус және троллейбус жүргізушілерінің жасын 23 жасқа дейін төмендету және оларға кемінде 3 жыл, ал D1 кіші санатындағы жүргізушілер үшін 1 жылдан кем емес жұмыс өтілін белгілеу нормалары қарастырылғанын айтты.