Күй әлемінің аққуы
Айналаңызға қарасаңыз туған ел мен ата-ана алдындағы парызын өтеу үшін басқаға өнеге болар қадамдар жасаған жандардың көптігіне көз жеткізесіз. Күйші Анар Мұздаханованың өмірі – соның бір ғана мысалы.
Қай халық болмасын, ұлды жоғарырақ қоятыны жасырын жай емес. Ал бізде ол «Ұл туғанға күн туады» деп ашық айтылады. Бұрын қариялар жас келінге «Ұл тап» деп бата беретін болса, қазір тіпті «Ұлдың аты – ұл ғой, шіркін, қашанда» деп әндетеді. Бәлкім, баяғы жаугершілік заманда ұлдың ел қорғаушы, асыраушы болатыны осындай тілекті басым еткен болар... Бірақ әкенің жолын ұл ұстай ма, қыз ұстай ма, қиналған сәтте қайсысы сүйеу болып, үміт отын сөндірмей, қай баласы алға жетелейтіні белгісіз...
Әлеуметтік желіден қара домбырасын кие тұтып, оны өмірінің мәніне айналдырған күйші Анар Мұздаханованың шығармашылық кеші өтетіні туралы оқып қалдым. Бұқара халқына қызмет етуді де осы аспабынан бір сәтке ажырамай жүзеге асырып келе жатқан күйші елордада, ұмытпасам, бұған дейін екі рет осындай жеке концерт берген. Мынау – үшіншісі және мерейлі жасына орайластырылған сияқты. Тақырыбы қандай! Қазақ қасиетті санайтын құсқа теңеп, домбыраға тәу еткізіп тұр – «Аққу-домбыра»! Өмір ұшқыр ғой. Біз танысқанда Анар Арқалық қаласындағы музыка мектебінде балаларға домбыра тартуды үйретіп жүрген жас мұғалім болатын. Ол туралы сұрастырғанымда, мектеп ұжымы да, облыстың мәдени саласын басқаратын адамдар да, талантты домбырашыны мақтай таныстырды. Ал менің елге сапарыма себепші болған Анардың әкесі Айтбай Мұздахановтың өнер жолындағы адам айтса сенгісіз ерлігі еді. Кеңес заманында ерлік туралы сөз болса, «Құрыш қалай шынықты?» атты кітап ұсынылып, аяқсыз қалса да, ұшқыш болған Маресьевтің аты аталатын. Сонда маған «Бізде де сондай ерлік жасап, өмірін өнеге ететін жандар бар екенін жазу керек» деген ой келуші еді. Сөйтіп жүргенде аяғынан айрылып, тракторына қайта отырған қыз туралы естідім. Аты – Жадыра Таспамбетова, қызылордалық күрішші. Оның ерлігі туралы қазақ баспасөзі дүркірете жазды. Кейін апамыз депутат болды, Социалистік Еңбек Ері атанды. Біз оқу бітіретін жылы І Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестиваліне әр республикадан жеңімпаздар іріктеліп, торғайлық өнерпаз Айтбай Мұздаханов облыстық, республикалық іріктеулерден озып шыққан еді. Бірақ артынша, өкінішке қарай, ол оқыс жағдайда оң қолынан шынтаққа дейін айрылып, дүбірлі жарысқа қатыса алмай қалғаны туралы хабарды естідім. Ел адамдарының айтуынан жарақаты туралы жақсы білетіндіктен, арада біраз уақыт өткенде, ол кісінің қолына домбыра алғанын естіп таңғалдым. Көңіл түпкіріндегі «өмірін өнеге ететін жан» туралы жазу сезімі бас көтеріп, елге жетеледі. Одан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Сол сапарым өмірге құлшынысы, өнерге деген сүйіспеншілігі болмасты болдыратын, тағдыр сынына қасқая қарсы тұратын азаматтың атын республикаға танытқан алғашқы материалдың жазылуына себепші болғанына қуанамын. Сонда мені әке-шешесінің үйіне Анар ертіп апарып еді. (Кейін республикалық бас басылымда «Тағдырмен бетпе-бет» деген мақалам шығып, кейін ол үздік материал ретінде жүлдеге ие болғаны бар).
«Құздан құлағандай болдым...»
Біреу білсе, біреу білмейтін болар, Айтбай Мұздаханов – Торғай өңіріне танымал болған өнерпаз. Біздің бала кезімізде үлкенірек ағай-апайларымыз оның өнері туралы тамсана айтатыны есімде. Қолына түскен музыкалық аспаптың бәрінде ойнап, ән айтатынын аудандық театрдың сал-серісі – ойын-тойдың көркі, ортасының сәні екенін сол әңгімелерден естіп, біліп өстік. Жаңа ашылған Торғай облысының рухани тізгіні Өзбекәлі Жәнібековтің қолына тиген соң, онсыз да өнерге бейім ел ішінде көркемөнер шарықтай түсті. Ел ішінде түрлі салада еңбек ететін жандардың сахна сәні болатыны, әсіресе Амангелді, Жангелдин аудандарында, таңсық емес-ті. Үйдің төрінде домбыра тұратыны, ойын-тойда жас-кәрі демей өнерін ортаға салатыны, мектеп оқушыларының өзі ән шығарып, өлең жазатыны – үйреншікті құбылыс болғанымен, сырттан келген кісілер бірден байқайды екен. «Кешке қарай дастарқан басында дөңгелене отырған жұрт домбыраны бірінен кейін бірі алып, ән салып, күй тартады екен, – деп келді астық жинау науқанында комбайн айдауға барған әріптесім, белгілі аудармашы Есенқұл Сафуани аға. – Япырау, домбыра тарта алмаймын деген бір жанды кездестірмедім». Айтбай аға да сондай жан еді, өнерді жан-тәнімен сүйгенімен, негізгі кәсібі инженер-механик, қандай жұмысқа салса да, белсене кірісіп кететін белді мамандардың бірі болған. Сөйтіп, шаршап-шалдыққанын кешкілік домбыра шертіп басатын. Астық жинау науқанында ауыл адамдары күн-түн демей еңбек етеді. Сондай қарбалас күннің бірінде бидайды желдетіп, ұшыратын техника кілт тоқтап, жүрмей қалады. Мұндайдың талайын көрген Айтбай аға кезекші механиктің келуін күтпей, жөндеуге өзі кірісіп кетеді. Біраз айналдырған соң гүр етіп от алған машинаның зыр айналып тұрған тегершігі оның мойын орағышын іліп, тарта жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша қуатты машинаның тегершіктерінің арасына мойын орағышпен қоса оң қолы да тартылып кетеді... Бұл жай домбыраны серік еткен Айтбай үшін зор апатқа тең еді. Арада неше жыл өтсе де, әңгімелесу барысында сол күнді қинала еске алған-ды күйші. Радиодан күй берілсе, қабырғаға сүйеулі тұрған домбыраға бір баланың қолы тиіп кетіп «дың» ете қалса, ауа жетпей қалғандай күй кешетінін айтқанда, ентіге дем алды. Оның мұндай күйін көрген жары Ханзада бір күні радионы мүлде өшіріп, музыкалық аспаптардың бәрін тығып тастапты. «Құлаққа ұрған танадай, мең-зең күй кештім» деген күрсіне. Сосын күйші жарқылдап жүрген жерінен құзға құлағандай болғанда, әуенсіз, күйсіз тереңнен алып шыққан қызы Анар екенін айтқан-ды. Жарақатын емдетуге, тұрмыстық қиындықтарды жеңуіне, көңілін аулауға жары, достары, балалары көп көмектесті, әрине. Бірақ өнерсіз өмірін «сұрқай күндер тізбегі» дейтін әкесі шын мәнінде өмір сүруі үшін домбыра тартуы керек екенін түсінді Анар. Солай болғанымен оң қолы шынтағынан кесіліп, сол қолының үш саусағы ғана қалған әкесіне домбыра ұсынуға жүрегі-дауаламады. Осы жерде әкесінің құрдасы Әбдісалық Нұржанов Анарға көмекке келді. Ол кісінің кесек сөйлейтін, әділін айтатын кісі екенін жұрт білетін. Сол мінезіне салып: «Еңсеңді көтер, Айтбай! Сен домбыраны қалай да қолыңа қайта алуың керек, домбыра тартпасаң, өміріңнің мәні жоқ демеуші ме едің?» – деп өктем сөйлеген. Өзіне де өбектеуден гөрі осындай қайрау жетіспей жүрген еді. Досының сөзінен кейін ол Анар көзі мөлдіреп, бауырына басып тұрған домбыраға қол созады...
Рухтың қайта оралуы
Күйші Айтбай Мұздахановтың тынысы қайта ашылып, тағдырмен тайталасқан өнер жолы сол күннен басталды десек те болады. Әуелі алюминий сымнан жасалған ілмекті оң қарына байлап, екі шекті шертуді игереді. Сол қолдың үш саусағы перне бойлап жүгіргенімен, мың иірімді күйді нақышына келтіре алмай қиналғанда, қасында отырған Анар іліп алып кететін болды. Педагогтігі көмектесті. Қыздың жүрегін елжіреткен аяу, перзенттік махаббаты көңілін босатса, ұстаз Анар сабасына түсіріп, сезіміне ие болуды үйренді. Әке жүрегіндегі әуенді жүрегімен ұғып, нотаға түсірді. Ең бастысы, оңаша отырғанда ғана домбыра шертетін әкесіне биік өнерпаздық рухтың қайта оралуына себепші болды. Әуелі отбасының, сосын ауылдастарының алдына шығып, өнер көрсетті. Күндердің күнінде қалың жұртшылықтың алдына алып шықты. Ал Айтбай Мұздахановтың қазақтың домбыра тарту, күй шығару тарихында із қалдырған бұдан кейінгі жолы туралы бүкіл қазақ жұрты білді. Таңданды, сүйсінді, сенер-сенбесін білмей, аңыздай айта бастады. Әкелі-қызды екеуі домбыраларын ұстап, ел аралағанда, үлкен концерттерге қатысқанда, телехабарларға түскенде өз көздерімен көріп, таңдай қағысты. Әке шығармашылығының насихатшысына айналған Анар 2008 жылы Айтбай Мұздахановтың 30 күйі мен 10 әнін нотаға түсіріп, «Бабалар үні» деген кітабын жарыққа шығарды. Әкесі 70-ке толғанда, туып-өскен жерінде, сосын елорданың төрінде шығармашылық кешін ұйымдастырды. Өмірге қайта келгендей шабыттанған күйші бүгінде әні, күйі бар жүзден астам туындыны дүниеге әкелген. Әкесінің бірнеше күйі Анардың өз репертуарына енген, тағы бірнеше күйін оркестрге түсіріп, оларды Астана филармониясының ұлт аспаптар оркестрі орындап жүр.
Әке жолын қуған қыз
Қазақтың қара домбырасы – бізге бабадан қалған мұра. Кез келген ұсталық, үйшілік, бағбандық, тағы басқа кәсіп, жыршылық, жыраулық өнер сияқты домбыра тарту қасиеті де атадан балаға беріліп отырған. Оны сезініп, түйсініп ұстай алғандар ғана ұстаған. Өнердің биік шыңына көтерілу бағы таңдаулы ұрпағына ғана дарыған. Анардың әкесі Айтбай ғана емес, бабасы Шомақ, ұлы атасы Молдаш атасы Мұздахан дәулескер күйші, керемет домбырашы болған деседі шежірешілер. Олардың қара домбыраны серік еткен соқтықпалы-соқпақты тағдыры, киелі өнері «жолы жіңішке», жаны нәзік Анарға бұйырғанын айтсаңызшы. Осыған орай бір оқиға еске түсті. Елде бір сынықшы бар деп еститінмін. Сол ауылға келін боп түскен апамыз «Артық сөзі жоқ, мінезі де орнықты кісі, – деп сипаттайтын. – Ал егер ол кісі мазасызданып, есік алдында ерсілі-қарсылы жүре бастаса, сыралғы балалары атын ерттей бастайды». Айтқандай-ақ, шамалы уақыт өткенде біреулер көмек сұрап келгенін талай рет көріпті. Ондай ғажаптың сырын түсінбей, сенер-сенбесімді білмей таңдағанмын. Арада бірнеше жыл өткенде, сол кісінің бойжеткен қызын көрудің орайы келді. Біз қыдырып барған шалғай ауылда туысымыздың баласы аттан құлап, мертіккенде әке-шешесі алдыртты. «Ауруханаға апарайық» дегенімізге құлақ аспады. Маңдайынан моншақ тері шып-шып шығып, миының әлдебір қуысындағы нәрсені көргісі келгендей көзін аспанға тігіп, баланың аяғын сипалап отырғаны көз алдымда қалып қойды. Біз көлікке мінерде шырылдап жатқан жасөспірім жылауын тоқтатып, ұйықтап кетіп еді... Демалыс аяқталып, жұмысқа кірісіп кеткенбіз. Бірде алаңдап, баланың жағдайын сұрап хабарластым. «Аттай шауып жүр» дейді жеңгеміз. Айтайын дегенім, әкесінің сынықшылық қасиеті ұлдарына емес, сол қызына қоныпты. «Бір ұлының да қолында қасиет бар еді, бірақ қадірлеп ұстамады» дейді ауылдағылар. Осы жайды әңгімелеп отырғанымызда, Анар: «Қанмен берілген қасиетті тек еңбекпен дамытуға болады» деп, күле отырып, мына жайды еске алды: «Мен – егіздің сыңарымын ғой, Серік деген бауырым бар. Әкем оған домбыра үйретіп отырғанда, мен көрші бөлмеде тыңдап отырып, өз бетімше тартатынмын. Серік қанша үйретсе де ұқпайды, бейімі, құлқы жоқ боп тұр ғой... Бір күні әкем: «Ойбай, мен балама үйретіп жүрсем, қызым ойнап отыр ғой. Қой, қызыма үйретейін» деді. Жетістікке жеткендер айтатын «Талант – 5 пайыз, 95 пайызы – еңбек» деген сөз де осыған саяды ғой. Бір айта кетерлігі, Айтбай аға мен Ханзада апаның басқа балалары да өнерпаз және ел құрметіне бөленген жандар. Бірақ «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, маған ата-анасы үшін де, бауырлары үшін де Анардың орны бөлек сияқты көрінеді.
Елін сүюдің өнегесі
Жаратушының оған өмірде ғана емес өнерде де шоқтығы биік болу бақытын бұйыртқаны, бәлкім, осы бөлек болмысынан да болар. Күйші қыздарымыздың ішінде өзіндік орны бар өнерпаз талай мәрте түрлі өнер сайыстарында топ жарып, мерейі үстем болды. Сонау тәуелсіздік таңы атқан кезде Ақтау қаласында өткен Республикалық аспапшылар конкурсында 1-орын алып, лауреат атанды. Мемлекет тарапынан да өнері жоғары бағаланып, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген мәртебелі атаққа ие болды. Ол Отанының бұл құрметіне өнерімен жауап беріп жүр. Ел тарихына үңіліп, даму кезеңдеріне атаулары сөйлеп тұрған «Естелік», «Самғау», «Тархан баба», «Қашаған», «Тәуелсіздік», «Шығыс таңы», тағы басқа күйлерді арнауы да – соның бір көрінісі. Ел өңірлерінде гастрольдік сапарларда жиі болады. Ресей, Қытай, Мажарстан, Түркия, Оңтүстік Корея, Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, басқа да мемлекеттерде халықты қазақ домбырасының үніне ұйытқан. Сондай-ақ күйші қыз – күйшілік өнердің дамуына үлес қосу мен кіндік қаны тамған жерімен байланысты ұштастырып жүрген жан. Соңғы мысал: былтыр ұлт батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай «Қанатты домбыра» атты облыстық жас домбырашылар байқауы өтті. Оны Анармен ақылдаса отырып, аудандық «Саз» мектебі ұйымдастырса, Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов пен Мұздахановтар әулеті демеушілік жасады. Бұл да – өнеге боларлық іс. Бізде кейбір стереотиптер бар, солардың бірі — иманды болуды дінмен ғана байланыстыру. Сол жолды ұстанғандар ғана ізгі іс жасайды деп сендіруге тырысу. Жолымда отыз жыл бұрын кездескен Анардың ол кезде Құранда: «Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық...» («Әнкабут» сүресі, 8-аят) делінгенін білмегені анық. Бірақ барлық іс-әрекеті соған сәйкес келеді. Және бір жақсысы – мұндай жандар аз емес. Айналаңызға қарасаңыз туған ел мен ата-ана алдындағы парызын өтеу үшін басқаға өнеге болар қадамдар жасаған жандардың көптігіне көз жеткізесіз. Күйші Анар Мұздаханованың өмірі – соның бір ғана мысалы.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Арқалық қаласының құрметті азаматы