Бақыт Сарбалаұлы: Өзге ғылымдар маман жасаса, әдебиет адам жасайды
Сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Қазақ әдебиетінің кәсіби әдебиеттану, әдеби сын саласы ХХ ғасырда пайда болды, дамыды. Әрине, бір кезде көркем сөзді саясат билеп, әдебиетте тұрпайы социологиялық сын өріс алған кезең болды, сондай-ақ әрбір әдеби туындыдан «партиялық мән» іздеп, әдебиеттің адам жанының қалтарыс-бұлтарысын ашып, шындықты іздеген талпыныстарын тұншықтырып отыратын қатал цензураның дәурені жүрді. Дегенмен өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап сталиндік кезеңнен кейінгі «жылымық» кезінде әдебиет біртіндеп ояна бастады. Соның ішінде қазақ әдеби сынына да ой-пікірін ашық айтатын қаламгерлер келіп, көркем шығармаға көркемдік тұрғыдан қарайтын, әдеби туындының саясатқа үйлесімінен гөрі өнер мүлкі деп тану басталды. Сол тұстағы Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов секілді қаламгерлердің сын мақалалары әдебиетті бағалаудағы әділдігімен, тереңдігімен тартымды болды. Ал бұлардан кейінгі кезеңде, яғни, 60-жылдардың соңына қарай әдеби сынға келгендердің ішінде Бақыт Сарбалаұлы өз сыншылық концепциясымен көзге түскен-ді. Біз танымал сыншымен сұхбатымызда қазақ әдебиетіндегі сын жанрының өткені мен бүгінгісі, әдеби туындыларды бағалаудағы әділдік принциптері мен әдебиеттің ұлт руханиятындағы орны туралы әңгіме өрбіттік.
– Бақыт аға, әдебиетке о бастан бейімі бар адам келеді десек те, ақын-жазушыдан гөрі сыншының жөні бөлек. Сіздің дау-дамайы көп, жұрттан алғыс әпере бермейтін сын жанрына келуіңізге себеп болған не нәрсе? Сынға саналы түрде келдіңіз бе?
– Әрине, әдебиетке ұмтылысты бірден сыннан бастағам жоқ, мектепте 8-сынып оқып жүргенде өлең жазумен әуестендім, ол бірнеше жылға жалғасты. 10-сыныпта оқып жүргенде өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерге шықты, тіпті республикалық «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш» қой) «Қос жанар», «Әзіл» деген екі өлеңім басылып, әп-сәтте ақын боп танылып шыға келдім. Өйткені оны бүкіл қазақ оқып отыр! Бірақ ақынның да ақыны болады ғой, Қадыр Мырза Әли айтпақшы, «Ақынға керек ақыл көп, Жындылық керек аздаған». Ақын болған соң мінезді, жүректі, батыл болу керек, ал мен жас кезімде ұялшақтау, тұйықтау едім. Сондықтан мен ақындар туралы әлгіндей сөздерді оқығанда «менен нағыз ақын шықпайды-ау» деп ойлайтынмын. Ал сынға келуім өзіме кездейсоқ сияқты көрінетін баста.
1965 жылы Гоголь атындағы (қазір Қорқыт ата атында) Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түстім. 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Сізге қандай өлең ұнайды» деген әдеби пікірталас жүріп жатты. Оның алғашқы мақаласын белгілі ақын Тоқаш Бердияров жазып, одан кейін дискуссияға араласқандар көбейе бастады. Мен де осы пікірталасқа мақала жаздым. (Әрине, ол кезде әдеби сын дегенді жете игеріп кетпесем де, әдебиет туралы талай сын мақалалар оқығам. Тіпті, орыстың атақты сыншысы В.Белинскийдің қазақша оқулықтарда жарияланған сын мақалаларын оқып шыққам). Сөйтіп, «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» атты сын мақалам 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Мақалада мен ақындардың үлкен-кішісіне қарамай, өзімше әділ пікір айтып, танымалдарын сынап, жастарын мақтағаным бар. Мәселен, қазақ-кеңес әдебиетінің ірі өкілі С.Сейфулин, М.Әлібаев секілді ақындардың өлеңдеріне сын айтсам, Т.Медетбеков, К.Ахметова секілді ақындардың лирикаларын мақтадым. Бұл менің алғашқы және менің сыншылылық жолымды ашқан мақалам болды.
– Әдеби ортаға нағыз сыншы ретінде қалай танылдыңыз, алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?
– 1969 жылы Алматыда жас қаламгерлердің тұңғыш кеңесі өтті. Оған Қызылордадан бес-алты адам келдік, ішінде Тынымбай Нұрмағамбетов екеуміз бармыз. Кеңеске қатысып, мұндағы Қаржаубай Омарұлы, Сейсен Мұхтарұлы, Жүсіп Қыдыров секілді жерлестеріммен, Кеңшілік Мырзабеков, Нұрлан Оразалин секілді қатарластарыммен жүздестім. Сонша қаламгерлердің арасында Сағат Әшімбаев екеуміз ғана сыншы екенбіз. Біз З.Серікқалиевтің секциясына түстік. Ол секцияда Ш.Мұртаза, М.Мағауин секілді мықтылар болды. Олар менің жазғандарым туралы жақсы пікір айтты. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінде бір мақалам шыққан, соны оқыған болуы керек. Оқуды бітірген соң ауылда бір жыл мұғалім болдым да (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ жетіспеген соң тарих пен географиядан оқыттым), келесі – 1970 жылы Алматыға келдім. «Лениншіл жасқа» барып Сағат Әшімбаев құрдасыммен кездестім, мақала беріп кеттім. Бірақ ол жерге жұмысқа тұру мүмкіндігі болмады. Сосын Іле аудандық «Путь Ильича» деген газетке жұмысқа тұрдым. Газет редакторы Жақсылық Нұрғалиев деген жақсы кісі екен, мені аудармашы етіп жұмысқа алды. Онда жеті-сегіз ай жұмыс істеген соң ойландым, «Алматыға әдебиет үшін келген жоқпын ба?» деп. Сөйтіп, қалаға келіп, редакцияларды аралай бастадым. Қазіргі «Достық» көшесінде екі қабатты ағаш үй болатын (қазір жоқ, бұзылып кетті), онда Оқу министрлігіне қарайтын «Қазақстан мұғалімі», «Учитель Казахстана» газеттері мен «Қазақстан мектебі» журналдары болатын. Мен «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакциясына хабарластым. Мектепте жүргенде білім саласына қатысты бір мақала жазып, оның «Қазақстан мұғалімі» газетіне шыққаны бар, олар мені бірден таныды. Жұмысқа алынып, ол жерде төрт жыл еңбек еттім. Ол кезде «Қазақстан мұғалімінің» беделі күшті, оқу, білім мәселелерімен облыстарға іссапарға барғанда бір Облоно (облыстық білім бөлімі) басшысы шығарып салып, екіншісі қарсы алып тұрады. Дегенмен бір бүйірімде әдебиет жүрген соң, өзім істеп жатқан газетке әдебиетке қатысты мақалалар жазып жариялай бастадым. Ғалымдардың кітаптары туралы жазып тұрдым. Мәселен, сол кезде белгілі әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалиевтің «Күретамыр» деген кітабы шығып, сол туралы мақала жарияладым. Бір күні Рымғали аға келіп тұр редакцияға «Бақыт деген бала қайда?» деп. «Менмін» дедім. «Ұстазың кім?» деп сұрады, «Әуелбек Қоңыратбаев» дедім. «Е, бәсе, ұстазыңа тартқаның көрініп тұр» деп мені ресторанға ертіп әкетті, әлгі мақалаға ризалығын білдіріп. Сөйтіп, сөйтіп әдеби ортамен араласа бастадым. «Қазақстан мұғалімінде» төрт жыл жұмыс істеген соң «Лениншіл жас» газеті жұмысқа шақырды. Сын бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналин екен, сол бөлімге алды. Ол жерде де төрт жыл істедім. Ол жерде де әдебиетке қатысты мәселелер жайында жиі жаздым.
– Қазақта сізге үлгі болған сыншылар кімдер? Олардың шығармашылығын қалай бағалайсыз?
– Әрине, біздің алдымызда ойлы, білімді, парасатты да білікті сыншылар болды. Оларды өнеге тұттық. Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев ағаларымыз мықты сыншылар еді. Бұлардың қай-қайсысының да әдеби талғамы өте жоғары, терең адамдар еді. Әрбірі бір-бір тұлға! Осылардан көп үйрендік. Әрине, М.Қаратаев сияқты рух беріп отыратын үлкендер болды, бірақ мен схематизмге құрылып, сіресіп қалған суық сындарды оқи алмайтынмын. Сондықтан сынға жан берген жоғарыдағы бес кісіні жаныма жақын қабылдап, өзіме ұстаз тұттым. Оларды іштей «қазақ сынының бес қасқасы» деп атайтынмын. Асқар Сүлейменов сыни мақаланы аз жазды, бірақ қандай керемет етіп жазды! Ал Әбіш Кекілбаевтың сындары қандай керемет еді, қайта-қайта оқығың келетін шығармалар. Шын мәнінде, Мұқағали Мақатевтың көзі тірісінде оның ақындық қуатын танытып мақала жазған Әбіш аға еді ғой. Сол сияқты Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев секілді мықты ақындарға арналған керемет сыни-талдау мақалалары да олардың шығармашылығына берілген әділ баға еді.
– «Ол кезде ағалардың жастарға деген қамқорлығы ерекше болатын» дейді ғой сіздің қатарластарыңыз. Сіздің де арқаңыздан қағып, маңдайыңыздан сыйпаған кісілер болған шығар?
– Айтарың бар ма, ағалардың жақсылығын талай көрдік қой. Ол кезде өнегесі мол үлкендер қаламының желі бар жастарды қадағалап, ретті жерінде қол ұшын созып отыратын. Алматыға әдебиет жолына бас байлап келгендердің алдынан шығатын мәселенің үлкені – баспана еді, оған қол жеткізгенше пәтерден пәтерге көшумен күні өтетін талайдың. Біз де көрдік ол қиындықты... Баспана демекші, менің де баспаналы болуыма ағаларым көмектесті. «Ленишіл жастан» кейін «Жалын» альманағына жұмысқа алынғам. Бас редакторымыз қазақтың белгілі ақыны Тұманбай Молдағалиев. Сол кезде бас-көз демей, түрлі мекеме қызметкерлерін арасында ауылшарушылық жұмысына жегіп қоятын бір әдет болушы еді. Біз де сондайға ілініп, Талдықорған облысының бір ауданына картоп теруге кеттік. Соны аяқтап келсем, мені Шерхан Мұртаза ағам шақыртып жатыр деген хабар жетті. Ол кезде ол кісі Жазушылар одағының екінші хатшысы. Шерағама кірсем, маған «қайда жүрсің, неге хабарласып тұрмайсың?» деп ұрысты. Сөйтсем, Одақ 40 пәтерлі үй салғызып, содан жастарға да пәтер бөлгелі жатыр екен. Шерағаң тізімге жастардан мені, Марат Қабанбайды, Ибрагим Исаны, тағы біреулерді қостырған, іздетіп жатқаны сол екен. Шерағаң принциптің адамы ғой, адамды жеріне емес, жазғанына қарап бағалайтын кісі. Сосын біздерге үй бергенде біреулер үстінен арыз жазыпты, «Біз Жазушылар одағының мүшесі болсақ та, тар үйімізді кеңіте алмай отырмыз, Шерхан Мұртазаев болса, Жазушылар одағына мүше емес адамдарға пәтер бергізді» деп. Сосын Шерағаң дереу мен секілді үй алған жастарды одаққа мүшелікке қабылдатып жіберді. Шерағаңның ұстанымы, беріктігі сондай, адами қарым-қатынасқа әдебиетті араластырмайтын, екеуіне екі бөлек қарайтын. Тұманбай ағамның айтып күлгені бар: «Талай жерде бірге жүреміз, бірге ішеміз, сөзіміз жарасады. Бірақ газетіне мені сынаған мақаланы бастырды» деп.
– Сыншылар туралы жалпы қаламгерлер жақсы пікір айта бермейді ғой, оның үстіне сыншылардың сынын қабылдамайтындар көп. Сондай көзқарастан зардап шеккен кезіңіз болған жоқ па?
– Енді бізді де сынағандар болды ғой, «Сарбалаев желпініп жазады» деп. Желпіну емес шабыттану болар. Шығарма мені қызықтырмаса, толғандырмаса қалай жазам ол туралы? Мықты шығармалар адамға шабыт береді. Сосын шабыттанып жазасың. Кез келген шығарма жүректен шығуы керек. Қадыр айтпақшы, «Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» ғой. Жақсы шығармада автордың тақырыпты жақсы игеруі, көркемдік жинақтауы, пішіні мен мағынасының керемет үйлесімі көрініп тұрады. Мұның бәрі шабытпен жазылғандықтың белгісі. Сол кезде жабық реценция деген болды, баспаға тапсырған кітабыңның аты-жөнін көрсетпей біреуге рецензияға береді, туындыға әділ сөзін айтсын деп. Яғни, рецензент шығарманың жетістігін де көрсету керек, кемшілігін де жасырмауы қажет. Сол жабық рецензияның баспа табағына 10 сомнан төлейтін еді. Баспаға ұсынған ең алғашқы кітабым 1981 жылы жарық көрген «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағым болды. «Жалын» баспасынан шықты. Сол кітапқа жабық рецензия жазған Мұхтар Мағауин әбден сынап, жинақтың быт-шытын шығарған. Бір-екі мақаламды мақтаған, әрине. Бірақ мен ол кісінің сындарының көбін қабылдаған жоқпын. Кейбір жерлерін жөндеген болдым, бірақ негізінен кітап о бастағы қалпында қалды. Мұхаң өзіне ұнамағанды ұнатпайды, жақсы көргеніне кір жұқтырмайтын мінезі бар кісі. Екеуміз жазушыларға берілген Жамбыл көшесіндегі үйде көрші тұрамыз. Мұхаң неге маған шүйлікті десем, ол кісі өз қатарласы Асқар Сүлейменовті ұнатпайды екен, ал мен кітапта Асқар ағамды мақтаған екем. Әрине, бұл арада біреуді кінәлағым кеп отырған жоқ, ондай-ондай қайшылықтар үлкен кісілердің арасында бола береді ғой. Тек кейде сондайдан жазықсыз біреулердің зәбір көретіні болады. «Қызыл алмадан» соң араға бес жыл салып «Жазушы» баспасынан «Ақиқат алдында» деген әдеби-сын кітабым жарық көрді. Ол кітабым Қытайдағы «Ұлттар» баспасынан да шығыпты. Кейін Қытайға барғанда көрдім, ол жақтағы қандастар «Сіз «Ақиқат алдынданың» авторысыз ғой» деп мені бірден таныды. Ол кітапта поэзия туралы да, проза туралы да мақалалар бар. Әсіресе, көптеген повесті қалдырмай тізіп, талдап шыққан мақалам ерекше болды, онда шын повесть қандай болады дегенді бірталай авторлардың повестерін өзара салыстыра, талдай отырып көрсеттім. Төгілтіп тұрып жазған сияқтымын. Бұлардан соң халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына лайық деп танылған «Өткірдің жүзі» деген кітабым жарық көрді. Оған қайта құру кезінде жазған, сынды қатты-қатты айтқан мақалаларым енді, оның бәрі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Сондағы «Жақсы деген немене, жаман деген немене» деген мақаламда Ғ.Қайырбековтің «Алтай аясында» деген кітабына енген шығармаларының 70 пайызы ортақол деп жаздым. Мақала шыққан соң ол мен отырған жерге келіп ұрысып кетті, бірақ қызығы сол, ертесіне келіп кешегі айтқан сөздеріне кешірім сұрады. Тұрсынхан Әбірахмановаға «Халық жазушысы» деген атақ берді, мен оны ол атаққа лайық емес дедім. Қадыр Мырзалиев ағамды да сынадым. Әрине, Қадағам өте талантты, мықты ақын ғой, бірақ неге екенін білмеймін, әлде қаламақы үшін бе, кітаптарында ортақолдау өлеңдер де жүреді. Қадағаң әлгі сынымнан кейін біраз уақыт менімен сөйлеспей жүрді. Кейін қайта араласып кеттік қой, өзі туралы айтқан сынымды меңзеп, «Сенің де көрмейтінің жоқ екен» деп күлді. Қадырдай мықты ақында нашар өлең болмауы керек. Оның «Ой орманы», «Бұлбұл бағы» деген кітаптары сұмдық күшті кітаптар болды ғой, оны қалай ұмытасың? Қадыр аға маған ұстазым есепті адам. Мәселен, институтқа түсер кезде жазған шығарма жұмысыма «Шығарма – шығарма емес, өзіндік ой, соны пікір айтқан шығарма – нағыз шығарма» деген сөзін эпиграф етіп алғанмын. Сондай кісінің өзіне сын айтқан соң басқаның көңіліне қараймын ба? Сыншы айтар жерде айтудан қашпауы керек, әйтпесе сөзіңнің қадірі болмайды. Қанша қаламгерді сынасам да, ешқайсысы келіп менің жағамнан алған емес, өйткені мен өзімді бірқалыпты ұстадым. Ешкімге артық сөз айтып, әділетсіздік жасамадым. Бәрімен сәлемім түзу болды. Әрине, сыныма шыдамай, үстімнен арыз жазғандар да болды, мәселен, Жаппар Өмірбеков. Ортақол ғана ақын ғой, оның шындығын неге жасыру керек? Тұманбай ағамды да сынаған кезім болды, өйткені шөп те өлең, шөңге де өлең қылып жіберген кездері болды. Кімге болса да өлең арнай беретін көңілшектігі бар. Әйтпесе, табиғатынан мықты ақын ғой.
– Әдеби ортадан лайықты бағасын алған сыншысыз ғой, дегенмен қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбдірашевтің сіз туралы мынадай эпиграммасы бар екен: Қаратаев сынның қаулысын алады, Сабалаевқа тек даулысы қалады. Тоқбергенов сынның қазығын алады, Сарбалаевқа тек жазығы қалады. Әшімбаев сынның атағын алады, Сарбалаевқа тек шатағы қалады. Мұндағы айтылғандардың шындығы қалай, ол жайында не айтасыз?
– Қандай шындық болса да, өзің туралы шығарманың астарын өзің ашу ыңғайсыздау шығар. Мұхамеджан Қаратаев енді үлкен сыншы ғой, оның айтқаны мен біздің айтқанымыздың салмағы бірдей бола бермейді. Жұрт ол кісіге жарасқан сөзді бізге жараспайды деп санауы мүмкін кейде, өйткені бәрі адамдардың қабылдауына байланысты. Төлеген Тоқбергенов ағамыз да белгілі сыншы, мәдениетті қылып, төгілтіп жазды. Қатты айтып жұрттың көңіліне де тие бермейді. Кітаптарының аттарына дейін әдемі. Ал Сағат Әшімбаев құрдасым жақсы жазды. Атағы шықты, үлкен қызметке барды. Бірақ кейін ала сынаудан бас тартты ғой. Жарасқанның әр шумағының соңын маған тіреп отырғанын әртүрлі түсінуге болады. Бәлкім, жұртқа мен сияқты қаттылау айтатын сыншы керек пе, білмеймін ғой. «Шатағы қалады» дегенде, мен қалай болса солай сын мақала жазбаймын, жазсам ашығын айтуға тура келеді. Соны меңзеген шығар.
– Бірталай уақыт «Ана тілі», «Қазақ елі» газеттерінде басшылық қызметтерде болдыңыз. Сол кездерде сынды қалай жаздыңыз?
– Жалпы, мен сын жанрында ғана жазып келе жатқан адаммын ғой. Реті келіп тұр деп ғылым қумадым. Кезінде Серік Қирабаев ағамыз Ғылым академиясына шақырды, кандидаттық қорға, ғылыми дәреже ал деп. Бірақ сында қалдым. Кейін «Ана тілі» газеті ашылғанда соған бардым, бас редактордың орынбасары болып. Ол газет мықты газет болды. Сол кездегі руханиятқа қатысты материалдарды жиі беріп, көп нәрсені батыл айттық. Бұл жерде әдеби болмағанмен әлеуметтік өткір сындар болды. Ол кезде газетке басылған сөздің құдіреті бар, сыналған адамдар қазіргідей құлағының артынан өткізіп жібере алмайды. Бірде депутаттарды сынап мақала жаздық. Әшейінде халықшыл көрінетін, қазақ тіліне жаны ашып, қазақша сөйлеп жүрген депутаттар Парламентте тілге қатысты заң қабылдағанда, қазақ тіліне қарсы дауыс берген ғой! Неге олай еткенін түсінбедік. Бәрін аттарын айтып тұрып мақала жариялағаннан кейін біраз адам газетке хабарласып кешірім сұраған еді. Ондай ел басқарғандар, жауапты адамдардың жіберіп жатқан кемшіліктерін сынаған талай мақала шығардық қой. Қазір жазып жатсың ба, айтып жатсың ба, сынап жатсың ба – бәрібір болып кеткен заман болды ғой. Баспасөздің күші болмаса айттың не, айтпадың не?..
– Қазіргі қоғамда бірін-бірі сынамай отырмайды. Жұрттың әйтеуір біреуге көңілі толмайды, оның ішінде қаламгерлер қауымы да бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Кімді-кім сынаса да, сын әділетті болуы қажет. Әділетсіз сын адамды да, қоғамды да жирендіреді. Әрине, біреу біреудің көңілінен шыға қояйын деп өмір сүрмес, бірақ адамгершілік тұрғыдан келгенде – азаматтық ұстаным деген болуы керек. Желтоқсан оқиғасы кезінде талай қаламгерлер алаңға барды. Ішінде өзім де болдым. Сол кезде, желтоқсанның 17-сі Қазақ телевидениесінде істейтін Әділбек Тауасаров деген досымыз бізге – «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына қоңырау соқты «Мына жақта біздің жастарымызды сабап жатыр ғой, ана атақты қаламгерлерге айтсаңдаршы, келіп ара түссін» деп. Ол кезде «Қазақ әдебиетінде» Д.Әшіханұлы, И.Оразбаев, Ұ.Есдәулетов, Ж.Қорғасбек, мен – негізінен біздің буын істейтін. Сосын біз жүгіріп барып үлкендерге айттық. Әлжапар Әбішев бар еді, ол ештеңе демей кетіп қалды. Басқа да үлкендер болды, араша түсуге жарамады ғой, несін жасырамыз. Зым-зия қашып кеткендер де болды. Олжас сол кезде одақ басшысы еді, көрінбеді, оны үйқамақта ұстаған болуы керек. Бірақ біз – газет қызметкерлері алаңға бардық. Кейін сол үшін бізді КГБ шақырып қайта-қайта тергеді ғой. Әрине, адам болған жерде неше түрлісі болады, бес саусақ бірдей емес, сондықтан қаламгерлерді түгелімен жазғыруға болмайды, олардың арасында да сын сағатта елмен, халықпен бірге болғандары көп, алаңға барғаны үшін жазаланғандары да жетерлік. Қаламгердің қаруы – сөз, сондықтан олар болып жатқан жағдайға өз көзқарасын білдіріп, айтарын кезінде іркіп қалмаса несіне жазғыру керек?
– Қаламгер қауымның тарихқа көзқарасы қалай болуы қажет?
– Тарихты айтқан, әрине, әділеттілік керек! Барды бар, жоқты жоқ деу тек қаламгерлерге жүктелген міндет емес, ол саналы азаматтың бәріне ортақ. Дегенмен ақын, жазушы айтса әсерлірек, сонысымен басқалардан пікірі ерекшеленіп тұрады. Тарих демекші, тарихи тұлға болсын, тарихи оқиға болсын – оған баға бергенде елдік, ұлттық деңгейде өз мүддеміз тұрғысынан айтуымыз керек. Оны жазушыларымыз айтпай жүрген жоқ, тек соны көріп, насихаттауымыз кемшін дер едім. Мәселен, мен белгілі жазушы Марал Ысқақбаев туралы мақала жаздым. Сол кезде оның «Жойқантөбе» деген повесін қайта оқыдым. Сонда ол Ақсақ Темірдің зұлымдығы, оның адамның кесілген басынан мұнара тұрғызғаны туралы сұмдық оқиғаларды баяндаған. Қайталап оқығанда мен ойландым, мұншама жауыздыққа барған Темір мұсылман ба өзі деп. Ал шын мәнінде, Әмір Темір туралы тереңірек оқып қарасаң, ол біз үшін тарихи тұлға емес, біздің бабаларымыз құрған мемлекеттерді қиратып, түркілерге үлкен қиянат жасаған адам. Ол Алтынорданы құлатты, Осман империясының билеушісі Баязид Иылдырымның әскерін талқандап, өзін тұтқында өлтірді. Сөйтіп, батыс елдеріне қатер төндіріп тұрған екі мемлекетті қиратты. Нәтижесінде, жауларымыз күшейіп, біз қанша ғасыр бодандықтың қамытын кидік. Әмір Темір Сұлтан Баязитті жеңген соң, бұл туралы естіген Француз королі IV Карл оған 1405 жылы ескерткіш орнатқызып, астына «Европаны құтқарушы» деп жаздырған. Атақты суретшілер оның портретін салып, ол туралы пьесалар жазылған. Бұл нені білдіреді? Ол оның өзгелер мүддесіне қызмет еткен, түркі тұқымдастарға зор қасірет әкелген адам екенін көрсетеді. Ендеше, осы тарихтың тек ақиқатын жазуы керек жазушылар. Ал біз Шыңғысханды монғол дейміз, оның жан-жағында жүргендердің бәрі қазақ рулары. Оның ұрпақтарының бәрі қазақ ішінде. Қазіргі моңғол елінде оның ұрпақтары жоқ, оларда Шыңғысхан, Жошы деген адам аттары да жоқ. Ендеше, неге біз өз бабамыздан безуіміз керек? Сондықтан мен бір кезде «Кешір бізді, Шыңғыс бабам» деген мақала жаздым. Біздің тарихшыларымыз әлі ескі сүрлеумен жүргендей әсер қалдырады кейде. Ал қаламгерлеріміз бұл жағынан келгенде алда келеді, батыл. Жалпы, ақын-жазушыларымыз тарихқа келгенде аузы бір болып, шығармаларын елдік мүдде тұрғысынан ғана жазуы тиіс.
– Бүгінде жұрттың әдебиет оқуға құлқы жоқ деген әңгіме бар қоғамда. Расымен солай ма екен? Егер рас болса, бұл тенденция қаншалықты зиянды?
– Тұтасымен әдебиет оқымайтын ел болмайтын шығар! Қазіргі ақша қуған заманда көркем әдебиет оқырмандары біршама азаюы мүмкін, бірақ ол әдебиет мүлде керексіз болды деген сөз емес. Қаламгерлер жазып жатыр, оның ішінде жақсы-жаманы аралас болуы да заңды, елдің бәрі классик емес. Дегенмен жақсы шығармалар да туып жатыр. Басылып шығып, халыққа тарап жатыр. Оқылып та жатыр. Әдебиетсіз қазақтың өмірі бар ма? Абай айтпай ма, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп. Біздің барлық салтымыз әдебиетпен тығыз байланысты. Бір кезде «Әдебиет түзелмей, әлеумет түзелмейді» деген мақала жазып едім. Әлі сол пікірдемін. Барлық пән, барлық ғылым тек маман дайындайды: физика физикті, химия химикті, математика математикті дегендей. Ал Адам дайындайтыны тек тарих пен әдебиет қана. Демек әдебиетсіз рухани әлем жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ