Жаңа заң мердігерге меже бола ма?
2015 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен. Бұл жолғы енгізілмек өзгерістерден нәтиже қандай болмақ?
Жақында мемлекеттік сатып алу саласына өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымынан өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер қабылданса, бір жұмысты толық аяқтамаған мердігер басқа конкурсқа қатыса алмайтын болады. Ел ішінде «қара тізім» аталып кеткен жосықсыз мердігерлер тізімі де кеңеймек. Сондай-ақ сатып алуға «қоғамдық мониторинг» институты енгізілмек.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі қазірге дейін ақша жымқырғысы келетіндерге үлкен алаң, таптырмас мүмкіндік болып отыр. Айла-шарғы да түрлене берген. Салада мәселенің көп екені сонша – Президент, қазіргі-бұрынғы Үкімет басшыларынан бастап, сала сарапшылары, кәсіпкерлер мен мердігерлер, ең аяғы халық та жүйені ретке келтіріп, тікенін тегістеп, олқылықтың орнын толтыратын қандай да бір шара қабылдау керек екенін айтумен келеді. Сәйкесінше, «сақалды құрылыс», сапасыз нысан, жосықсыз мердігерлер де азаймады. Жымқырылған қаражат та қолдан-қолға сусып, қалталарға кетіп жатады. Осылайша, былтыр жаңа жоба әзірленіп жатқаны белгілі болды. Дегенмен айта кету керек, 2015 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен. Бұл жолғы енгізілмек өзгерістерден нәтиже қандай болмақ?
Бұған дейін заң жобасы Мәжіліске түспей тұрып мәселені бір қозғаған едік. Енді, міне, нақты қандай өзгерістер енгізілетіні де анықталып қалғандай. Сол себепті сатып алу саласын бір саралауды ұйғардық.
Шағымдану тетігі астыртын бизнеске айналған
Статистикаға сәйкес, жалпы бюджет шығысындағы мемлекеттік сатып алу үлесі – 30 пайыз мөлшерінде, бұл – шамамен еліміздің ЖІӨ-нің 5 пайызы. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрбір бесінші қылмыс осы салада жасалады екен. Бұл – «Антикордың» былтырғы мәлімдемесінен алынған ақпарат. Жалпы, бұл саладағы қылмыстардың 80 пайызға жуығы бюджет қаражатын ұрлау және орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде пара алуға байланысты тіркеледі екен. Мемлекет басшысы бірнеше рет сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылдық бюджет процестерінің барлығында байқалғанын атап айтқан еді. Қаншама шара қабылданса да, жағдай айтарлықтай өзгермеді. Осыған байланысты квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу мен сатып алудың барлық жүйесін қайта қарау туралы тапсырма берілген болатын. Биыл жыл басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов қолданыстағы жүйе мемлекеттік сатып алу процесін әдейі тежеуге мүмкіндік беретінін, соның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және жалпы алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын айтқан еді. Сонымен қатар конкурсқа шағымдану тетігін астыртын бизнеске айналдырып алғандар да көбейген. – Мұндай жағдайда тұрақты түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Конкурстарға шағымданудың төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек, – деді Олжас Бектенов Үкіметтегі кеңесте.
Жоба Сенатқа жолданды
Өткен аптада жаңа заңның жобасы Мәжілісте қаралып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жаңа редакциясы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев баяндама жасады. Жұмыс тобының жетекшісі жасаған мәлімдемеге сүйенсек, депутаттар атқарушы органмен бірлесіп, заңға отандық жеткізушілерді қолдау және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартатын тетіктер енгізген. – Екінші оқылымға дайындық барысында мемлекеттік сатып алу бойынша шағымдану рәсімдері, өнім берушілердің жауапкершілігі, сондай-ақ бір көзден сатып алу тәсіліне қатысты қағидалар нақтыланды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен шағымды ұйымдастырушы қарайды. Оның шешіміне әкімшілік іс жүргізу аясында шағым түсіру мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тоқтатпайды, – деді Руслан Қожасбаев. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілмек түзетуді қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қабылданған құжатта Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндет ескерілгенін, бірақ мұнымен тоқтап қалмау қажет екенін айтты. – Жақында Президенттің «Экономиканы либералдандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданғанын білесіздер. Енді тиісті комитет мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалардың Жарлық нормаларына сәйкестігін тексеруі қажет. Бұл мемлекеттік сатып алу саласына да қатысты. Ең алдымен, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегі «сары беттер» (жеке меншікті қолдау) қағидаттарын сақтауға және басқа да салалық заңнамалық актілерге қатысы бар. Болашақта бизнес қатыса алатын және қатысуға тиіс салаларға мемлекеттің араласуын азайтуымыз керек. Жалпы, жұмысты Президент Жарлығы аясында жалғастырып, қажет болған жағдайда депутаттар тиісті заң жобаларын қабылдауға бастамашылық етуі қажет, – деді Ерлан Қошанов.
Не өзгереді?
Биылғы ақпанда Қаржы министрі Мәди Такиев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасында сатып алу жүйесіне қатысты барлық сын ескерілетінін айтқан болатын. Сонымен, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында қандай өзгерістер қарастырылып отыр? Ең алдымен, «мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымы енгізілмек. Сондай-ақ ол бойынша нормалар регламенттелетін болады. Бұған дейін бұл салаға қоғамның бақылауы керек екені жиі айтылып жүрді. Тәуелсіз сарапшылар, БАҚ өкілдері, халықтың бақылауының арқасында біршама құйтырқылықтың жолы кесілетіні жасырын емес. Портал түсініктірек, жалпыға ұғынықты болған сайын қоғамдық бақылау да күшейе түсетіні анық. Заң жобасын талқылау кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қоғамдық бақылау аясында мемлекеттік сатып алу шарттары ашық бола түсетінін мәлімдеді. Яғни, азаматтар мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген жұмыстар дұрыс орындалмаса, шағым түсіре алатын болады. – Ішкі мемлекеттік аудит камералдық бақылау жүргізеді. Тапсырыс беруші техникалық ерекшеліктерді енгізген сәтте біздің бақылау органдары ондағы талаптарды тексере алады. Егер талаптар тым қатаңдатылған болса, оны түзету туралы тапсырыс берушіге хабарлама жіберіледі. Яғни, біз бұл заң жобасы мемлекеттік сатып алу саласында ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 3-орында тұр, – деді вице-министр. Одан бөлек, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институты енгізілмек. Сондай-ақ потенциалды өнім берушілердің рейтингі әзірленетін болады. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бектіледі. Сонымен қатар заң жобасы аясында жүктелген жұмысты мерзімінде орындамаған және сапасыз атқарған мердігерлерге қолданылатын шара қатаңдатылмақ. Сондай-ақ құжат рәсімдеу мерзімі едәуір қысқартылады. Ал отандық өндірушілерге офтейк-келісімшарттар арқылы қолдау көрсетілмек. Яғни, жергілікті тауар өндірушіге артықшылық берілмек. Нысанды салу және пайдалануға беруге қатысты кешенді жұмысты қамтитын EPC келісімшарттары енгізіледі. Ауыл әкімдіктеріне 4 000 АЕК-ке дейін бір көзден сатып алуға рұқсат берілмек. Бұл шешім ауыл әкімдіктерінің тиімділігі мен дербестігін арттыру үшін қабылданғаны айтылды. Сондай-ақ депутат Руслан Қожасбаев мердігерлерге жұмысты аяқтау мерзімін өткізіп алғаны және сапасыз жұмыс істегені үшін жүктелетін жауапкершілікті күшейту үшін оларды «жосықсыз қатысушылар» тізіміне енгізу, айыппұл өндіру, сондай-ақ тұтынушыларға осындай жеткізушілермен шартты мерзімінен бұрын бұзу мүмкіндігін беру ұсынылып отырғанын айтты. Сонымен қатар бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шарт жасасу жөнінде шешім қабылдаған мемлекеттік орган басшысының (тапсырыс берушінің) дербес жауапкершілігі белгіленеді. Мұнда «баға – сатып алынатын тауардың, жұмыстың, қызметтің сапасы» қағидасы жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа қандай өзгерістер қарастырылғанын толығырақ білу үшін жұмыс тобында қызмет еткен депутаттың бірі мархабат Жайымбетовтің пікірін білген едік.
Мархабат Жайымбетов, Мәжіліс депутаты:
Өзгерістер мердігерлердің жауапкершілігін күшейтеді
– Мемлекеттік сатып алу саласының мәселелері маған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған кезімнен жақсы таныс. Себебі осы жауапты салаға жетекшілік еткен болатынмын. Сол кезден бері сыны мен күрмеуі көп мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру қажет екенін айтып, осы саладағы түрлі мәселені жиі көтеруге тырысып келемін. Сондықтан жаңа Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы Мәжіліс қарауына түскен кезде, ойда қордаланып жүрген, тәжірибеде кездескен шешімін қажет ететін ұсыныстарымды енгіздім. Мәселен, мердігердің салғырттығынан нысандар уақытында салынып бітпей, «сақалды» құрылысқа айналса да, дәл сол мердігер мекемелер келесі конкурстарға еш кедергісіз қатысуын тәжірибе жүзінде ешкім шектей бермейді. Яғни, қолданыстағы заңнама оларды жауапкершілікке тартуға дәрменсіздік танытып, тек айыппұл төлететін. Енді біз ұсынған жаңа заң қабылданса, мердігер жүктелген нысанды аяқтамаған болса, ол басқа конкурстарға қатыса алмайды. Бұл өзгеріс мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердің де екеуара жасалған шарт талаптары орындалмаса, уақытылы сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді. Халық арасында «қара тізім» қатарындағы сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енді нысандарды тастап кеткен мердігерлер ғана емес, құжаттарында жалған ақпарат берген кәсіпкерлер де енгізіледі. Бұл өзгеріс жалған құжаттар ұсынып, конкурс жеңімпазы болуға ұмтылатындардың жолын кесіп, заңсыз әрекеттерін шектейтін болады. Жеке секторға «строительство под ключ» ұғымы таңсық емес. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен құрылысы басынан аяғына дейін бір мердігермен жүргізілетін жұмыстар мемлекет қаржысына да жүзеге асырылатын болады. Құрылыс саласының қыры мен сыры қанық жан ретінде осындай елеулі өзгерістердің енгізілуіне себепші болуым заңдылық деген ойдамын. Сондай-ақ сатып алуларға «қоғамдық мониторинг» институты енгізіледі. Мамандар болмаса, мемлекеттік сатып алу туралы пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желідегі жарияланатын мәліметтерден қалыптасады. Келесі енгізілген ұсынысымның бірі – мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізіп қана қоймай, кез келген мүдделі тұлғалардың саладағы заңнама бұзушылықтардың алдын алуға атсалыса алуы. Қазіргі заман талаптарының бірі – ақпараттың ашықтығы мен жариялылығы екенін ескерсек, енгізілетін норма саланың «жақсы атпен» танытпақ. Елеулі ұсынысым деп ауыз толтырып айта алатын тағы бір өзгеріс – сапалы тауар алу үшін оның маркасы мен брендін көрсете алу мүмкіндігі. Аз көлемдегі, яғни 1 000 АЕК-ке дейінгі 400 мыңға жуық сомаға жарияланатын сатып алулардағы бұл норма – сапасыз, арзан тауарлардың орнына өзіндік сапаға ие тауарды алуды қамтамасыз ететін болады. Ауылдық округ әкімдері үшін тағы бір керемет жаңалық – оларға 4 000 АЕК-ке, яғни 14,7 млн теңгедей сомаға дейінгі сатып алуларды айлап конкурс өткізбей-ақ, бір көзден алуға мүмкіндік беріліп отыр. Мұнан бөлек, қосалқы мердігерлерге беріліп келген жұмыстардың жарты көлемі енді 30 пайызға азаятын болады. Бұл сатып алу мердігерлердің конкурста жеңімпаз атанғанымен, қосалқы мердігерлерге беріп тастауына шектеу қойып, жеке дара жауапкершілігін арттыратын болады. Бұдан өзге, тауарлардың электронды каталогын қалыптастыруға, мемлекеттік сатып алудың электронды дүкен, аукцион және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерін айқындайтын ұсыныстарыма да әріптестерім тарапынан қолдау білдірілді. Жылдар бойғы тәжірибемнен түйгеннен енгізген ұсыныстарым заң жүзінде қабылданып, жүзеге асырыла бастауы саланың ілгері басуына оң ықпалын тигізеріне сенімдімін.
Ескерілмеген, еленбеген қандай мәселе бар?
Ұсынылып отырған өзгерістердің нәтижесі, әрине, уақыт еншісінде. Дегенмен тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, сатып алуға қатысты мәселелердің кейбірі заңда қарастырылмай қалған. Соның ішінде, «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары туралы түйткілдің түйіні сол күйі қалып отыр.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры:
«Самұрық-Қазынаның» сатып алулары сол күйі қалды...
– Бұл заң жобасында қарастырылмаған бір мәселе – «Самұрық-Қазынаның» және басқа квазимемлекеттік компаниялардың сатып алулары. Бұған дейін 2022 жылғы халыққа жасаған Жолдауында Президент нақты тапсырма берген болатын. Сол кезде «Самұрық-Қазынаның» сатып алуларды мемлекеттік сатып алулар сияқты бір платформада ұйымдастыру қажет деп шегелеп тұрып айтқан еді. Демек, «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары бір заңмен, яғни «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен және бір жүйеде, яғни мемлекеттік сатып алу порталында өтуі қажет, нақты әрі түсінікті жайт. Өкінішке қарай, жаңа заң жобасында бұл өзгеріс жоқ. «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары компанияның өзінің порталында ұйымдастырылады. Екінші мәселе – жаңа заңның көлемі, яғни бұрыңғы заң 52 баптан тұрса, жаңа заң 26 баптан тұрады, екі есе азайған. Барлық реттеу заңға тәуелді актілердің деңгейіне түсті, яғни заңдармен емес, ережелермен, қағидалармен реттелмек. Бұл жерде жемқорлыққа байланысты сын-қатер туындауы мүмкін. Өйткені заң жобасы әзірленген кезде әртүрлі комиссиялардан, депутаттардан, қоғамдық талқылаудан өтеді. Ал ережелер тек қана министрлік кабинеттерінде әзірленуі мүмкін. Бұл ретте осы ережелерді, қағидаларды қабылдаған кезде министрлікке сарапшыларды, қоғам өкілдерін тартып, кеңінен талқылау қажет. Өйткені талқыламаса, кейбір олигархтардың, құрылысшылардың мүдделерін қорғайтын ережелер пайда болуы ықтимал. Халықтың мүддесін емес, мемлекеттің пайдасын емес, тек қана біреудің қалтасының қамына жұмыс істейтін ереже болуы мүмкін. Өйткені жаңа айтып өткенімдей, енді барлық реттеу заңмен емес, ережелер негізінде жүзеге аспақ. Басқа аймақтың жобаларын мүлде басқа аймақтың мердігерлері жеңіп алып жататынын білеміз. Бұл мәселе бұрыннан бар. Облыстарға барғанда, әкімдер де осы жайтқа назар аударады. Жол саласында, құрылыс саласында ешқандай жауапкершілігі жоқ басқа облыстың компаниясы келіп, жобаларды уақытында аяқтамай, созбалаңға салып жатады. Бұл мәселені шешу үшін заңда нақты сол жергілікті компанияларға бір-екі пайыз жеңілдік беру қарастырылған. Мысалы, екі компания қатысады. Бағасы бірдей болса, жергілікті компанияға басымдық беріледі. Меніңше, бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені сол облыста тұратын кәсіпкер жауапкершілікті сезінеді, абыройы бар, сондай-ақ сол жерде өзі тұрады.
Жалпы, «тендер» десе, бірден «бармақ басты, көз қысты», созбалаңға салынған «сақалды» құрылыстар, жөнсіз келісімдер мен жауапсыз мердігерлер ойға келетіні жасырын емес. Дегенмен бұл жолғы жаңа заң, оның төңірегінде қабылданып жатқан шаралар нәтиже беретініне жауаптылар сенімді. Бұл заң жобасының барлық мәселені реттеуге қауқарлы болуы қоғам үшін, халық үшін аса маңызды. Себебі мемлекеттік сатып алу – мемлекетке сатып алу, ал мемлекеттің қаржысы – халықтың ақшасы.