Жаңалықтар

Шымкенттік дәрігерлер инсульт алған адамды мас деп ойлап, көмек көрсетпеген

depositphotos.com

Миына көп қан құйылған 45 жастағы науқас комаға түсіп кеткен.

Шымкентте миына қан құйылған науқасты дәрігерлер мас деп ойлап, көмек көрсетуден бас тартыпты, деп хабарлады turkystan.kz.

«КТК» арнасының мәліметінше, жолда өзін жайсыз сезінген әйелді көшедегі бейтаныс адамдар №1 ауруханаға жеткізген. Бірақ науқастың құсып жібергенін көрген кезекші дәрігер ішімдікке тойып алған деп, палатаға кіргізіп, ұйықтатып тастаған.

«Бірінші көмек көрсетілмеген. Кейін кезекші дәрігерге барсам, «рентгенге түсірдік, қол-аяғы, басы сау, үйге алып кете беріңіз, жай ғана мас, ұйықтап жатыр» деді. Қалай енді бұл? «Уланған шығар, иісі жоқ» деп айтсам да, көңіл аудармады», - деді науқастың күйеуі Құттымұрат Азтаев.

Инсульт алған Қалдыкүл Мамытова палатада екі сағаттай жатып қалған. Тек күйеуі келген соң ғана токсикология бөлімшесіне апарып тексертіпті. Тек сонда ғана инсульт белгілерін анықталған. Дереу өзге ауруханаға апарып, басына ота жасалғанша, арада алты сағат уақыт өтіп кетіпті. Миына көп қан құйылған 45 жастағы науқас комаға түсіп кеткен. Әйелінің мүлде ішімдік ішпейтінін айтқан күйеуі ісіне салғырт қараған дәрігердің үстінен полиция мен прокуратураға шағым түсірді. Ал ауырып келген адамды «мас» деп ойлаған дәрігер науқастың құсқанын көріп, «қате жормал жасадым» деп ақталып отыр.

«Арбамен әкелді. Үсті-басы бәрі құсық. Ішкен шығар деп ойладым. Анализінен ештеңе шықпады. Анализ кейін көрсетеді. Сөйтіп токсикологияға тапсырып келіңдер дедім. Болды, басқа ештеңе болған жоқ», - деді нейрохирург Қанат Мырзабаев.