Жаңалықтар

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы «Жарқын болашақ» олимпиадасына қолдау көрсетті

сурет: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі

Олимпиадағы жалпы 5 000-нан аса оқушы қатысып, 2 000-ға жуығы іріктеуден өтіп, оның 200-і ақтық сында бақ сынады.

Мамырдың 21-22 күндері Астанада қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық шығармашылық байқауы өтті. Олимпиадағы жалпы 5 000-нан аса оқушы қатысып, 2 000-ға жуығы іріктеуден өтіп, оның 200-і ақтық сында бақ сынады. Бұл туралы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ және «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен өткен байқауға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қолдау білдірді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. «Жарқын болашақ» республикалық байқауының мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсаты Қоғам жұмысымен үндес келеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы биыл алғаш рет шараға әріптес әрі демеуші ретінде қолдау білдірді. Қоғамның негізгі жұмыс бағытының бірі – қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. Мектептегі әр баланың қазақша еркін сөз саптап, сауатты да, көркем жазуды меңгеріп шығуына үлес қосу. Ол үшін мектептерде «Оқу сауаты» және «Жазу мәдениеті» жобаларын іске асырудың жоспарын дайындап жатырмыз. Ал Білім инновациялық лицейлерімен бірге ұйымдастырылған «Жарқын болашақ» олимпиадасы дәл біз діттеген мақсатқа, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік, қабілеттерін шыңдауға бағытталған. Балалардың қазақ тіліне деген ықыласын, мәдениетіміз бен әдебиетімізге деген құрметін арттыруға негізделген, - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президенті Рауан Кенжеханұлы.

Шараның өзге де демеушілері – «Altyn Qyran Foundation»  қоғамдық қоры, «Jakko» және  «Almather» компаниялары.