Павлодарда зираттағы құлпытастарға QR-код қойылады
Павлодар қаласындағы 19 зиратты цифрандыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде қала аумағындағы зираттарды цифрландыру мәселесі бойынша семинар өткізілді, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық дін істер басқармасының мәліметінше, бұл бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметтерін жетілдіру барысында жасалынған. Аталған пилоттық жобаны іске асыру үшін мешіттер «Уақып» ҚҚ және «ҚазАэроСпейс» ЖШС-мен меморандумға қол қойған.
«Оның негізгі мақсаты ел аумағындағы зираттарды цифрландыру, жерлеу қызметін заманға сай электронды тұрғыда халыққа ұсыну болып табылады», – дейді басқармада.
16 мамыр мен 30 шілде аралығында Павлодар қаласындағы 19 зиратты цифрандыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Мобилді қосымшаға марқұмдардың аты-жөндері мен басқа да мәліметтер енгізіледі. Зираттардың орындары картада көрсетіледі және қосымшаны әлемнің кез келген нүктесінен қолдануға болады.