Жаңалықтар

Спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымы көбейтілмек

сурет: shutterstock

Мәжіліс жалпы отырыста спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады.

 

Спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымы көбейтілмек. Бұл туралы Мәжілістің ресми телеграм-каналында хабарланды.

Мәжіліс жалпы отырыста спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады.

Мақсат – қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, оның асыл тұқымды қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық, асылдандыру жұмысын жүргізу. Осы мақсатта «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізіледі. Жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі секілді пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жат қызылады, - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, түзетулерде асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырларын сатып алуы, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу көзделгені айтылған.