Тәртіп бұзған жүргізушіні қуған полицей 9 жасар баланы қағып кетті

Алматыда полицей қызметтік көлігімен жаяу жүргінші жолында 9 жастағы баланы қағып кетті. Бұл туралы қалалық ІІД хабарлады.

Төтенше жағдай Жангелдин көшесінде бүгін таңертең болған.ІІД өкілдерінің хабарлауынша, әкімшілік полиция басқармасының арнайы батальон экипажы жол ережесін бұзып, жасырынбақ болған көліктің ізіне түсіп қуып келе жатқан екен.

ІІД полиция көлігінің қосылған жарық-дыбыс белгілерімен келе жатқанын да атап өтті.

«Өкінішке орай қызметтік көліктің жүргізушісі рөлді басқара алмай, жаяу жүргінші жолағында 2007 жылы дүниеге келген баланы қағып кетті», – деп хабардар етті полиция.

Баланы полиция қызметкерлері бірден жақын маңдағы ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің алдын-ала болжамы бойынша, баланың аяғы сынған.

Қазір аталаған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Полиция қызметкерлеріне қатысты да қызметтік тексеріс басталды.

Ауруханадағылар жол апатынан зардап шеккен 9 жастағы баланың жеткізілгенін растады деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Оған алғашқы көмек көрсетілді. Қазір балалар ауруханасына ауыстырамыз. Оның жағдайы тұрақты», – деді Алматы қалалық №4 аурухананың өкілдері.

Back to top button