Жаңалықтар

"Күйеуі көңіл бөлмегеннен барған": Екі баласын тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінген әйелдің соты басталды

сурет: Түркістан облысы ПД

Күдікті Қызылода облысы, Шиелі ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.

Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінген қызылордалық әйелдің соты басталды. Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Қылмыс биылғы ақпанда болған. Жалдамалы пәтерден екі мен төрт жастағы ұл және қыз баланың денесі табылған. Кейіннен оларды анасы бір-бірлеп  дәлізге шығарып, тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінді. Әйел адам бір күн өткен соң Шымкент қаласындағы қонақ үйден ұсталған.

Күдікті, 30 жастағы Бота Хамитова Қызылода облысы, Шиелі ауданында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.

Сот актісінде келіншек бұл қылмысқа "күйеуі көңіл бөлмегеннен барған" деп жазылған.

“6-ақпан күні түсте жұмысынан шыққан бетте балаларын алып, Түркістан қаласына келген. Сапарын алдын ала жоспарлаған әйел 10 мың теңгеге көлік те жалдап қойған және алдын ала таңдалған жалдамалы пәтерге жол тартқан. Түнгі сағат он бірлер шамасында ойын сауық орталығына балаларын апарған әйел, бірер сағаттан соң сол маңдағы пәтерге келеді. Алдымен балаларын ұйықтатып, кейін қызын және ұлын кезекпен дәлізге шығарып, тұншықтырған. Сөйтіп, түнгі бірде балаларды өлтіріп, өзіне де қол салмақ болады. Алайда ойынан айнып, таңертең Шымкентке шығып кетеді”, – деп жазылған сот актісінде. 

Айыпталушының адвокаты есі дұрыс адам балаларын өлтірмейді деп психиатриялық сараптама тағайындауды сұрап отыр.

Сот отырысына марқұм балалардың әкесі жәбірленуші ретінде қатысты.