Алматыда көлік ұрлаумен айналысқан күдікті ұсталды
Күдікті үй иелерінің көліктерінің кілтін алып, ұрланған көліктермен қылмыс орнынан қашып отырған.
Алматыда полиция жалпы құны 30 млн теңге болатын үш шетелдік көлікті ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Ішкі істер органдары қызметкерлері жүргізген «Автокөлік» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде бұрын жасалған 27 көлік ұрлау мен айдап кету фактісі және өткен жылғы 7 қылмыс ашылды.
Қылмыстық есепке алынған 13 көлік анықталды, оның ішінде сегіз көлік ТМД елдері бойынша іздеуде болды.
«Іздеуде жүрген 1 қылмыскер және көлік ұрлау фактісі бойынша 6 дәлелді күдікті ұсталды. Осылайша, полиция осы жылдың сәуір-мамыр айларында Алматыда жалпы құны 30 миллион теңгеге жуық болатын үш шетелдік көлікті ұрлаған Алматы облысы Талғар ауданының тұрғынын ұстады. Анықталғандай, 34 жастағы ер адам пәтер мен үйлерден ұрлық жасаумен айналысқан. Ол басқа құнды заттармен бірге үй иелерінің көліктерінің кілтін алып, ұрланған көліктермен қылмыс орнынан қашып отырған», - делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.
Артынша қаскүнем қарыздарын өтеу үшін ұрланған көліктерді арзан бағаға сатып жіберген.
Күдікті қамауға алынды. Көліктер заңды иелеріне қайтарылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.