Хоккейден Қазақстан құрамасы элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды
Қазақстандық хоккейшілер алты ұпай иеленіп, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды
Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының элиталық дивизионындағы жетінші ойынында Польша командасын жеңіп, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Чехияда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы поляктарды 3:1 есебімен жеңді. Кездесу есебін алдымен поляктар ашқан еді, алайда одан кейін Никита Михайлис есепті теңестіріп кетті. 51-минутта Валерий Орехов құраманы алға шығарды. Ал 55-минутта Роман Старченко салған шайба командаға жеңіс сыйлады.
Осылайша, қазақстандық хоккейшілер алты ұпай иеленіп, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Ал Польша командасы топ-дивизионнан шығып қалды.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы оған дейін Францияны (3:1) жеңіп, ізінше Словакия (2:6), Латвия (0:2), Швеция (1:3), Германия (2:8) және АҚШ (1:10) командаларынан жеңіліп қалған болатын.