Риддерде 32 млн теңге жымқырған банк қызметкері сотталды
Сот шешімімен сотталушы 7 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 32 млн теңге жымқырған банк қызметкері сотталды, деп жазады turkystan.kz Риддер қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, әйел адам банктердің бірінде кассалық операциялар бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Өткен жылдың желтоқсан айының 11-20 аралығында ол 31 900 000 теңгені шеке шотына аударып алған. Күн сайын 2,5 млн-нан 5 млн теңгеге дейін аударып отырған.
«Айыпталушының кінәсі қаражаттың жетіспеушілігі анықталған есеппен, қолма-қол ақшаны тексеру актісімен, куәгерлердің берген жауаптарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен расталды. Сот шешімімен сотталушы 7 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл бойы банк қызметіне қатысты лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды», - делінген ақпаратта.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.