Жаңалықтар

Алматыда бизнесті заңсыз тексерген мемлекеттік қызметкер жазаланды

Бас прокуратура

Мемлекеттік органның әрекетінің заңсыздығын ескере отырып, тексеру актісі мен нәтижелері жойылды

Алматыда мемлекеттік қызметкер бизнесті заңсыз тексергені үшін жазаланды, деп жазады turkystan.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медеу ауданының прокуратурасына Алматы қаласы Медициналық-фармацевтикалық бақылау департаментінің заңсыз тексеру мәселесі бойынша жеке клиникалардың бірінің басшысы хабарласты.

Анықталғандай, департаментке медициналық орталықтың әрекетіне қатысты өтініш келіп түскен. 

Осы өтініш негізінде бақылау органының қызметкері кәсіпкерлік субъектісін тіркеп, тексеру жүргізді.

Прокуратура өтініш білдірген азаматтың заңды атауы ұқсас мүлде басқа медициналық ұйымның әрекетіне шағымданғанын анықтады.

Осыған қарамастан медициналық орталық заңсыз тексеруден өтті.

Мемлекеттік органның әрекетінің заңсыздығын ескере отырып, тексеру актісі мен нәтижелері жойылды.

Сонымен бірге жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 175 баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.