Жаңалықтар

Талдықорғанда оқушы қыз көпқабатты үйдің балконынан секіріп кетті

sputnik.kz

Қайғылы оқиға 16 мамырда «Болашақ» шағынауданында болған.

Талдықорғанда көпқабатты үйдің балконынан оқушы қыз секіріп кетті. Полицейлер суицидке не себеп болғанын анықтап жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

Massaget.kz сайтының мәліметінше, оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Қайғылы оқиға 16 мамырда «Болашақ» шағынауданында болған. Оқушы қыз көпқабатты үйдің 16-қабатынан секіріп кеткен. Бейнежазбада бойжеткеннің ҰБТ нәтижесіне байланысты өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған.

Жетісу облыстық білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство өкілдері оқушы қыздың жекеменшік мектепте оқитынын және ол ҰБТ-ны тек 21 мамырда тапсыруға тиіс болғанын айтты.

«Ол жекеменшік мектептің 11-сынып оқушысы, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бері осы мектепте оқиды. Оның оқу үлгерімі жақсы, мінезі ұстамды, өзін сыныптастарымен қатты араласпаған және мектептішілік есепте болмаған. Ол 2024 жылғы 21 мамырда ҰБТ тапсыру үшін тіркелген. ( ...) Оқушы денсаулығына байланысты мектепке бармаған. Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Жетісу облысы білім басқармасы өкілдері.