Орынбордағы 120 мың қазақты ұйыстырған Жаңабай
Қазақстаннан келгендер менімен жақын танысқан соң «Жәке, сіз Орынборда жүріп, біздің мәдениетті насихаттап жүрсіз. Қайырымдылық қорыңыз бар. Ал біз Қазақстанда жүріп, олай істемейміз» деп айтады.
Жаңабай Балабаев – Орынбордағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басшысы әрі «Бәйтерек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Ресейде қазақ көп шоғырланған өлкеде көп игі іс атқарып жүрген Жаңабай Айтқалиұлын танитындар оны көпке үлгі етіп, мақтанып айтып жүреді. Әсіресе, сонда туып-өскен спортшылар ол кісіден көп жақсылық көргенін жарыса айтады. Орынбордан бөлек, Қазақстанның бірнеше қаласында кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер-меценатқа хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ТИІМДІРЕК
Мен 1977 жылы 5 қыркүйекте Орынбор облысы Александр ауданы Энгельс ауылында дүниеге келдім. Атам – ауданның еңбек сіңірген шопаны болған, Ленин Орденін алған қазақ. Анам сақманшы, ал әкем веттехник болып жұмыс істеді. Ауыл мектебінен кейін, аграрлық университетті қызылға бітірдім. Мен туған ауылда 44 үй ғана болды. Оның алтауында қазақтар, ал қалғанында орыстар, украиндықтар, чуваштар және т.б ұлт өкілдері тұрды. Бала кезден үйдегілердің соғым сойып, жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құран оқығанын көріп өстім. Қолымызды жайып, дұға оқитынбыз. Алайда мен сол кезде мұны жете түсіне бермейтінмін. «Не үшін қол жаямыз?», «Кімнен не сұраймыз?» деп таңданатынмын. Кейін Орынборға келіп, университет бітірген соң жалдамалы үйде тұрдым. Сол екі арада шаңырақ көтердім. Алайда біразға дейін жұмыс таба алмай, әлекке түстім. Такси жүргіздім, күзетші болып жұмыс істедім. Сол уақытта әйелім қызымды жеті айлығында дүниеге әкелді. Ауруханаға барғанымда дәрігерлер сәбидің тыныс алуы қиын, өкпесі жетілмеді дейді. «Айтқаныңызды әкеп беремін. Не істеу керек?» дегенімде, дәрігер «Дұрысы, дұға оқыңыз!» деді. Ал мен дұға оқи алмаймын. Ол кезде жасым 24-те. Үйге келіп, кереуетке отыра кетіп, ағыл-тегіл жыладым. Содан соң бәрі оңайлап, қызым сауығып кетті. Жұмыс та табылды. Астық шығарумен айналысатын татар кәсіпкердің фирмасына жұмысқа тұрдым. Ол – бес уақыт намазын қаза қылмайтын, қажылыққа барып келген аңқылдақ азамат. Көптеген мешітке қайта жөндеу жұмыстарын жүргізетін. Оның қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім, түйдім. Бірде жұмыстан шыққан соң, «Уа Алла, маған мүмкіндік берсең, мен директорымнан артық сауапты іс істеймін» деп жалбарындым.
Онда бес жыл жұмыс істеген соң, жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым. Басында бір элеватор сатып алдым. Сосын астық сақтайтын қойма сатып алдым, содан соң екіншісін, артынан үшіншісін сатып алдым. Кейін астық таситын вагондар сатып алдым. Қазір Орынборда әріптесіммен сүт өнімдерін өндіретін зауыт салып жатырмыз. Сосын өнім сапасын анықтайтын өзіміздің зертханамыз бар. Жалға ғимарат береміз. Автопаркіміз бар. Шағын кафеге иелік етемін. Ас мәзірінде өзге ұлттың, соның ішінде өзіміздің ұлттық тағамдар да бар. Одан бөлек, мешіттерді қайта қалпына келтіру ісімен айналысамын. Бізде «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деп айтады ғой. Бұл іспен мақтануға әсте болмайды. Тек айналамда жүрген, мен секілді мүмкіндігі бар азаматтарға үлгі болсын деген мақсатпен айтып жатырмын. Былтыр Донгуз ауылында тұратын қазақтар мешіттің құрылысын аяқтауға көмек сұрады. Көмектесіп қана қоймай, қасына 250 адам сиятын асхана салып бердік. Содан соң Құйған ауданында мешіт салуға атсалыстым. Қазір қазақ көп шоғырланған Ясненский ауданында да мешіт салып жатырмыз. Одан бөлек, Қазақстандағы серіктестеріммен де ортақ кәсібім бар. Серіктесіммен бірге Қостанайда өсімдік майын әзірлейтін зауыттың жұмысына белсене араласамын. Оған қоса, іші ұлттық нақышта әрленген үш мейрамханаға да қатысым бар. Сондай асхананың бірін туристер көп баратын Грозный қаласында ашсақ деген жоспар тағы бар. Себебі шешендер бізді әрі біздің тағамдарымызды қатты құрметтейтінін білесіз. Екі ел арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын болғандықтан, маған Қазақстандағы кәсіпкерлермен жұмыс істеген тиімдірек.
Жолдасымның есімі – Оксана. Қазақ. Мамандығы – тіл маманы. Екеуіміз 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. 25 жастағы үлкенім Астанада жұмыс істейді. 23 жастағы қызым Мәскеуде Жоғары экономика мектебінде оқиды. Ортаншы ұлым 13 жаста. Астанада халықаралық мектепте білім алып жатыр. Одан кейінгі ұлым Орынборда мектепте оқиды. Ал екі жасар кенже ұлым үйде. Кәсіпкерлікке бет бұрған кезден бастап, қайырымдылықпен айналыса бастадым. Алайда жеке тұлға ретінде айналысу қиынға соқты. Уақытым тапшы болды. Сосын жұбайым дұрысы қор ашайық деді. Осылайша «Бәйтерек» деген атпен қайырымдылық қорын аштық. Ақша көп тапқан сайын, көмекке зәру адамдар саны да көбейе түсті. Әсіресе, қазақ тілі мен тарихын үйренгісі келетін азаматтар қатары артты. Алдымен осы екі істі қолға алдық. Кейін қатарымызға кәсіби мамандар өз еркімен қосылды. Мысалы, осында тұрмысқа шыққан қызылордалық Әйгерім домбыра үйрете алатынын айтып, секция ашты. Басында мен оларға ештеңе төлемедім. Содан соң «Ақыларыңды төлеймін, бірақ көп адам жинаңдар» деп айттым. Осылайша, біздің жұмыс жандана түсті.
БІЗ – 120 МЫҢБЫЗ
Бізде Қазақстандағыдай Халықтар Ассамблеясы секілді Ұлт істері жөніндегі федералды агенттігі белсенді жұмыс істейді. Ол агенттік әр ұлттың өзіндік мәдени автономиясын біріктіреді. Байдәулетов Азамат ағамыз бастаған топ Орынбордағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясына жауапты болған, алайда олар анау айтқандай белсенді жұмыс істей алмады. Бірде ол кісі маған келіп «Сенің шамаң жетеді. Мүмкіндігің бар. Автономияны сен басқар» деп ұсыныс білдірді. Осылайша, төрт жыл бұрын автономияның басшысы қызметіне тағайындалдым. Содан бері көлемді іс-шара, Наурыз, Көрісу мейрамын дүркіретіп атап өтіп жүрміз. Біз, Ресей қазақтарының Ресей халықтары құрылымында лайық орын алғанын көрсету үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз. Орынборда жалпы саны 36 аудан болса, оның 16-сында қазақтар тұрады. Тіпті, кейбір ауыл тұрғындарының елу пайызы – қазақтар. Ресей бойынша көп қазақ шоғырланған аймақ – Астрахан облысы. Онда 180 мың қазақ тұрады. Екінші орында Орынбор облысы тұр. Біз – 120 мыңбыз. Айтпасам да білетін шығарсыз, Орынбор – әр қазақ үшін орны бөлек орын. Мен мұның маңызын мәдени автономияны басқарған соң жете түсіндім. Біз Қазақстаннан келген қазақтарға экскурсия жасап, қала ішін аралатамыз. Қазақ КСР-нің алғашқы астанасы атағы бар. Одан бөлек, мұнда Ыбырай Алтынсарин оқыған мектеп бар. Маған дейін белсенді жұмыс істеген қазақтар ол мектепке естелік тақтайша қойған. Мұнда Қазақ КСР-нің бірінші үкіметі отырған ғимарат, Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй бар. Бізде Байтұрсынұлы, Алматинская, Актюбинская, Карагандинская деп аталатын көше бар. Әрі Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген Талғат Бигелдинов оқыған әскери училище де осында. Көп қайраткердің өмірі осы Орынбормен байланысты екенін тарихтан білетін боларсыз. 5 жыл бұрын «Оренбурский путь Ахмета Байтурсынулы» атты кітаптың жарыққа шығуына демеушілік көрсетіп, тұсаукесерін жасадық. Сосын кәсіпкер Серік Сәкенұлы оның қазақшаға аударылуына қаржылай көмек көрсетті.
Айта кетерлігі, біз үлкен спортта жетістікке жетіп жүрген этникалық қазақтарды қанатымыздың астына алып, көмектесіп жүрміз. Қазір Қазақстан атынан сынға түсіп, жасындай жарқырап жүрген дзюдошы Нұрлан Исатайды әкесі «Құдай қаласа, менің ұлым Олимпиада чемпионы болады» деп 9 жасында алып келген еді. Сол кезден бері оның киімі, жаттығу жиыны, жарысқа баруына дейін көмектесіп, баланың бетін қақпауға тырыстық. Ресейде халықаралық жарыстарға шектеу қойылған соң, оның грузин бапкері Грузияға баруды ұсыныпты. Біз оның тарихи Отаны – Қазақстанға баруын қаладық. Құдайға шүкір, ол баланың айы оңынан туып, азаматтық алып, бірден Азия кубогін, бір айдан соң Еуропа кубогінде алтын жүлде еншіледі. Содан соң кадеттер арасында әлем чемпионы атанды. Бұл тек біз үшін емес, Қазақстан үшін де үлкен жетістік болғанына бәріміз куә болдық. Нұрлан секілді біздің өлкеден шыққан мықтылар жетерлік. UFC лигасында белдескен тұңғыш этникалық қазақ Дамир Исмағұлов та – біздің ауылдың баласы. Одан кейін Қазақстаннан Жалғас, Шавкаттар сол лигада бақ сынауға көшті. Саламат Исбуллаев деген мықтымыз ақтөбелік спорт клубта жаттығып жүр. Жанар Құсанова есімді қызымыз – самбодан Ресей чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал Диас Ізбасаров паралимпиадашымыз түрлі спортпен айналысады. Ресейдің 30 дүркін чемпионы. Осылар секілді дарынды балаларға көмектесіп, қолдау көрсетуге тырысамыз. Айтпақшы, «Казахи Оренбуржья» деп шығатын журналымызға жетістіктеріміз бен іс-шараларымыз туралы жариялап тұрамыз. Спортшылардан бөлек, тұрмысы нашар адамдарға жыл сайын азық-түлік таратамыз. Ұлтқа бөлмейміз, көбіне ауыл тұрғындарына көмектесеміз. Жуырда бес баласы бар, жалғызбасты, қазақ әйелдің үйі өртеніп кеткен болатын. Осындағы жылумен қамтамасыз ету, терезе жасау, жарық тарту ісімен айналысатын қазақ кәсіпкерлерді жинап алып «Барлық материалды сатып әперемін. Көмектесіп жіберіңіздер» деп айттым. Сөйтіп, жақында ол әйелдің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп бердік. Арамызда «Жыл мұғалімі» атанған мамандарды да қолдаудан кенде емес. Этникалық қазақ екенін байқасақ, байланысып, не керек екенін сұрап, қолдау көрсетеміз. Осылайша, біз Қазақстан азаматтарына Ресейдегі қазақтар да сіздер секілді, яғни Ресей мен Қазақстан қазақтары бір халық екенін көрсеткіміз келеді.
Расында – біз бірміз. Тіпті, Қазақстаннан осында келген қазақтар «Сіздер бізге қарағанда дәстүрді берік ұстанады екенсіздер» деп таңғалысын жасырмайды. Дегенмен бізде тіл мәселесі ақсаңдап тұрғанын айта кеткен жөн. Бұрын Орынборға оқуға келген қазақтар өз ауылдарына барып, қазақи ортаға гүмп ете түсетін. Қазір ауылдағылардың көбі қалаға көшкен. Бұрынғыдай орта жоқ. Аса көп ешкіммен сөйлесе алмайды. Мен де балаларымның тіл білмей өсіп жатқанына қынжылатынмын. Сондықтан үлкенім мен ортаншымды менталитетті, тілді білсін деп Қазақстанға жібердім. Құдайға шүкір, үлкенім отбасылы болғысы келетінін айтып, өткенде құдаларыммен танысып қайттық. Бұйырса, Оралдан келін алғалы жатырмыз. Тамыз айының соңында үлкен той болғалы жатыр. «Келінім Қазақстаннан болса екен! Немерелерім Қазақстанда тұрса!» деп армандайтын едім. Сол тілеуім қабыл болып, әулетімізге инабатты, ибалы келін бұйырды. Автономия өткізетін іс-шараларға қажет ақшаны көбіне мен беремін. Ара-тұра басқа кәсіпкерлер де жұмыла кіріседі. Бизнес әлеміндегі беделімді пайдаланып, «Автобус керек», «Киіз үй қажет» деп хабарласамын. Олар кез келген бастамамды қолдай жөнеледі. Жуырда Наурыз мерекесін тойлаймыз деп, Орынбордың орталық көшесіне ұлттық киіммен шықтық. Тағамнан дәм татқыздық. Би биледік. Мұның әсерін еш сурет те, еш видео да бере алмайды. Сол алаңда тойлатып жүргенімізде өзге ұлттардың қызыға қарағаны өз алдына, өзіміздің этникалық қазақтардың бізге қарағанда, бойларын мақтаныш кернегенін аңғардық. Бұлай көшені аралау маған қатты ұнап қалды. Негізі, мен ол іс-шараға тек жұмыс ретінде қараған едім, алайда қайтқан кезде төбем көкке бір елі жетпей, ерекше күйге бөлендім.
ӘКЕ, МҰНДА БӘРІ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ
Жолдасым Оксана «Орынбордың келіндері» атты жобаны жүргізеді. Тұрмыстағы қарындастарымыз екі аптада бір рет жиналып тұрады. Одан бөлек, егде жастағылардың басын біріктіретін «Орынбордың әжелері» атты жобамыз және бар. Келіндер мен әжелер көбіне бірге жиналады. Үлкендеріміз келіндерге дәстүр, ырымдар туралы бар білгенін айтады. Сәлемді қалай салу керек, асты қалай беру керек секілді білуге тиіс нәрселерді үйретеді. Орынбор түгілі, Қазақстанның ішінде дәстүрді әркім әртүрлі ұстанады. Мысалы, Батыс пен Оңтүстіктікі бір-біріне ұқсамайды. Ал біз өзімізге жақын орналасқан Батыс Қазақстанның дәстүрін үйренеміз. Ерлерді де соған баулығымыз келеді. Былтыр мен төрт айда төрт жерлеу рәсіміне қатыстым. Әр жерде әртүрлі өткізеді екен. «Бұлай болмас, ортақ ереже әзірлеу керек» деп Қазақстандағы достарымнан ақыл-кеңес сұрап, бәрін тізіп алдым.
Автономияда балалар лагері жұмыс істейді. Үш ауысымда оқитын отызға жуық балаға қазақша тақпақ үйретіп, аға деген кім, нағашы деген қай жұрт деген секілді қарапайым түсініктерді үйретеміз. Одан бөлек, оларға қазақ халқының тарихын да баяндаймыз. Ересектерді де ұмыт қылмаймыз. Батаны қалай дұрыс беру керек екенін үйренгісі келетіндердің қарасы көп. Педагогикалық білімі бар қыздарымыз оларды жеке шақырып, бәрін үйретеді. Сонымен қатар бізде 80-ге жуық адам домбыра курсына қатысады. Қор жанынан құрылған «Бәйтерек» домбырашылар ансамблі көп концерт пен іс-шараларға қатысады. Өткенде сол ансамбль мүшелері Ақтөбеден келген қонақтарды күтіп алды. Кейін кеңседен шығып бара жатқанымызда домбырашы қыздарымыздың футлярын көтеріп, троллейбусқа мініп бара жатқанын көрсетіп қонақтарыма «Қараңдаршы. Қазақстанда көшеде мұндай көрініс көрмейсіздер. Ал Орынборда осылай» деп мақтандым. Расымен бізде Орынборда балалайка тартатын ансамбль жоқ, ал домбырашылар ансамблі бар. Одан бөлек, бізде ұлттық биді насихаттайтын «Тұмар» ансамблі бар.
Жоғарыда айтып өткенімдей, жастар арман қуып қалаға келеді. Көбісі біздің қатарымызға қосылады. Расында, қаланың өзінде көп қазақты көресің. Көшеде келе жатсаң, СҚО, Қостанайда келе жатқандай сезінесің. Әрі бізде еркін күрес секциясы бар. Сондай-ақ қолөнер бұйымдарын жасау, сурет салуды үйрететін үйірмелер және бар. «Отандастар қоры», «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» көмек көрсетіп тұрады. «Отандастар қоры» бізге алты домбыра, сосын түрлі шапандар беріп жіберді. Екі теледидар сыйлады. Әлбетте, олар біз қалағандай көп бере алмайды. Алайда, олар бізді ұмытпайды. Жыл сайын «Балдәурен» лагеріне отызға жуық балаға билет беріледі. Балалар қуана-қуана барады. Мен қайбір жылы ортаншы баламды жібергенмін. Бастапқыда «Әке, мұнда бәрі қазақша сөйлейді. Мен оларды түсінбеймін» деп жылағаны бар. Сосын екі аптадан соң қайтар кезде «Менің қайтқым келмейді дейді. Осында қаламын. Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Еуропадан келген қазақ балалармен достасып алдым» деп көңілімді бір марқайтып тастады. Қазір біз менің бұрынғы кеңсемде жұмыс істейміз. Арманым – Орынбор қазақтарын біріктіретін үлкен орталық жасақтау. Бізде осында ұлттық ауыл бар. Кезінде әр ұлт өзінің шағын үйін сонда салдыртқан. Қазір жалпы саны он екі үйшік тұр. Кезінде қазақтардың да жеке үйшігі болған. Есік алдында үш киіз үй тұр, музейі мен мейрамханасы тағы бар. Ол үйшікті жеке тұлға ашқандықтан, ол банкрот болып, ақырында банктің иелігіне өтіп кеткен. Қазір мен сол банкпен сөйлесіп, үйді қайтарып алу мәселесін қарастырып жатырмын. Құдай қаласа, оның ішін жөндеп, қор мен автономияның жұмысын бір арнаға тоғыстыратын, жалпы әр қазақтың бас қосатын орны қылғым келеді.
ӘУЕ БАЙЛАНЫСЫ АШЫЛСА ЕКЕН
Бізде қазір екі-ақ мәселе бар. Ең алдымен, Астана немесе Алматымен әуе байланысы ашылса екен дейміз. Жеті жыл бұрын аптасына екі рет Астанаға қатынайтын рейс болған еді. Ал қазір тек автокөлікпен Ақтөбеге немесе Қостанайға ғана бара аламыз. Қатынау қиындағаннан соң, қазір бас қалаға баратындар қатары сиреді. Елшілікке хат жазып, бұл мәселенің шешіп беруін өтініп жатырмыз. Себебі біз Ақтөбе немесе Қостанайға ғана емес, басқа қалаларды да аралағымыз келеді. Балаларымызды топ-топқа бөліп, ірі қалаларды аралатуды мақсат етіп жүрміз. Екінші мәселеге келсек, кезінде «Отандастар қорының» бұрынғы басшысы Абзал Сапарбекұлы Орынборға 50 адам өнер көрсететін алматылық ансамбльді алып келді. Олар домбыра мен қобызда ойнап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сол кезде экранда әр аспапқа қатысты сипаттама жазылған болатын. Ондағы қобызды өмірі көрмеген қазақтарды айтпағанда, орыстар «Біз қазақтың ұлттық аспабы домбыра ма деп жүрсек. Қобыз деген де бар екен ғой» деп аң-таң болды. Қанша дегенмен, үлкен ансамбльдің жөні бөлек. Киімдері де тіптен бөлек. Орындауы да ғажап. Мәдениетті насихаттауы тіптен басқаша. Орынборда осындай концерттер жиі ұйымдастырылса дейміз.
Себебі «Бұл өнерді біз ғана емес, Қазақстандағы бауырларымыз да осылай көрсете алады» деп мақтанып, жар салғымыз келеді. Бізге Тұрсынбек Қабатов, Абай Бегей, Асхат Тарғын, Нұрболат Абдуллиндер келіп, концерт қойған болатын. Жуырда Қайрат Нұртас келіп кетті. Біз көбіне әртістерді қайырымдылық концерттерге шақырамыз. Кейінгі кезде бізде коммерциялық концерт ұйымдастыратындар, той басқаратын агенттіктер қатары көбейді. Олар ақша табуды көздесе де, өздері білместен, бізге мәдениетті насихаттап жүр. Олар біз естімеген әнді тыңдатып, бұрын-соңды көрмеген әншіні алып келіп, таныстырып жатыр. Мысалы, Тұрсынбектің кешінде Нұрболат Абдуллин өнер көрсетті. Біз оның кім екенін де білмейміз. Тексеріп қарасақ, ол Қазақстандағы хит ән айтатын, танымал әншілердің бірі екен. Сөз соңында айтарым, жоғарыда атап өткенімдей, көп ісімді мақтанышпен айтып бергенім жоқ. Қасымда қалтасы қалың, алайда көздегені басқа жігіттерге үлгі болсын деймін. Себебі расында менің не істеп жүргенімді көріп-білген көпшілік соны қайталауға тырысады. Мысалы, Қазақстаннан келгендер менімен жақын танысқан соң «Жәке, сіз Орынборда жүріп, біздің мәдениетті насихаттап жүрсіз. Қайырымдылық қорыңыз бар. Ал біз Қазақстанда жүріп, олай істемейміз» деп төмен қарап айтады. Кейін Қазақстанға барған соң, біраз іске бастамашы болғанын байқап жатамын. Сосын мен елге барғанда олар нәтижелерін айтып, мақтанады. Осылайша, олармен қайырымдылық жасап, бір-бірімізбен жарысамыз.
Мақтанбаймын, бірақ мен – ауқатты адаммын. Маған ештеңе керек емес. Алла несібемді арттырып, көп іске бастамашы болуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай мүмкіндік барда мәдениетімізді ары қарай дамытқым келеді. Мен бір өңірге губернатор, ДУМА депутаты, бір кәсіпорынға бастық та болғым келмейді. Осы қарапайым кәсіпкер қалпымда қалып, айналама жақсылық жасап жүре берсем болғаны. Маған кәсіпкерлікпен айналысуға, көп жоба жасауға мүмкіндік беріп отырған Ресей үкіметіне ризамын. Ресей халқы бізді қатты құрметтейді, біздің де оларға құрметіміз шексіз. Орынбор өлкесінің тумасы болғандықтан, осында тұратын қазақтардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауға қолымнан келгенше тырысамын. Құдай қаласа, мені Орынбордағы Қазақстанның Құрметті консулы етіп тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр. Бәрі оңынан болса, жұмыс бұрынғыдан бетер жандана түседі деп сенемін.
Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ