Ауру – астан...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дерттің 80 пайызы белгілі дәрежеде дұрыс тамақтанбауға байланысты екен.
Ұлттың денсаулығы – табысты болашақтың негізі. Алайда адамдар ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеуге онша мән бермейді. «Ауру – астан» дейміз. Бірақ қандай астан екенін анық білмейміз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дерттің 80 пайызы белгілі дәрежеде дұрыс тамақтанбауға байланысты екен. Әсіресе, фастфуд пен газдалған, тәтті, энергетикалық сусындардың зияны ұшан-теңіз. Ғалымдар қанша дабыл қақса да, халық қауіпті өнімдерден бас тартпайды.
Статистика бойынша әлем халқының 80 пайызы асқазан-ішек жолдары ауруларына шағымданады екен. Асқазанға зиян тағамдарға газдалған тәтті сусындар, фастфуд өнімдері (лаваш, шаурма, фри, бургер), шала піскен ет өнімдері (шұжық, сосискалар, консервілер), жылдам әзірленетін сорпа, кеспелер («Доширак», «Роллтон» т.б.), дайын соустар, майонездер, дәмдеуіштер жатады. Аталған тағамдардың құрамында зиянды майлар, қоспалар, химикаттар, тұз, қант, «Е»-консерванттар мөлшері өте көп.
Халықаралық HBSC ғылыми орталығы қазақстандық мектеп оқушыларына зерттеу жүргізген. Зерттеу 806 мектепті қамтыған. Сауалнамаға 11, 13 және 15 жастағы 6,5 мыңнан астам оқушы қатысқан. Сөйтсек, балаларды қатты алаңдататын мәселенің бірі семіздік екен. «Әлемдегі әрбір 5-бала, республикадағы әрбір 12-бала артық салмақтан зардап шегеді», – дейді орталық мамандары. Сарапшылар Қазақстанда жасөспірімдердің бестен бірі немесе 17 пайызы күн сайын құрамында қанты бар сусын ішсе, әрбір төртінші жасөспірім тәтті жейтінін анықтаған. Жалпы, дамыған елдерде семіздікті емдеуге денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 10 пайызы жұмсалады. Осыдан он жыл бұрын АҚШ сенаторлары конгресте «Артық салмақ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселе көтерді. Өйткені семіздік түрлі ауру туғызып, баланың ой-өрісін шектейді, жұмыс істеу қабілетін күрт төмендетеді. Қазақ тағамтану академиясы кешенді зерттеу жүргізіп, «Қазақстан балаларының 11 пайыздан астамы семіздік дертіне шалдыққан» деп тұжырды.
Мамандар қазақстандықтар қант, тұз, ұн қосылған тағамдарды көп тұтынатынын айтып дабыл қағып отыр. Бұған өндірушілердің тәтті сусынға қантты қосуы да себеп. Қант адамның тәбетін ашады да, нарықта өтімді болады. Қазақстанда қантты тұтыну нарығының көлемі – шамамен 500 мың тонна. Халықтың қажеттілігі 245 мың тонна болса, сусын өндірісіне – 155 мың тонна, кондитерлік өнімдер дайындауға 100 мың тонна кетеді. Яғни, тәтті сусынға сұраныстың артуы құмшекерді тұтыну көлемін де ұлғайтқан.
Қантты сусынның басқа да зияны баршылық. Ол ағзада зат алмасу процесін бұзып, көмірқышқыл мен майдың жиналуына, тұз-электролиттік тепе-теңдіктің ауытқуына, қан құрамында холестериннің көбеюіне әкеп соғады. Тәтті сусынды көп ішетіндер арасында жүрек-қантамыр аурулары да молынан ұшырасады. Гарвард университетінің профессоры Васанти Маликтің сөзінше, адам қантты сусынды күнделікті тұтынса, жасына жетпей өлу қаупі 21 пайызға дейін өсуі ықтимал. Қазақ Тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың: «Қант деген қазақтың табиғатында болмаған. Біз оның орнына сүтті пайдаланғанбыз. Мен көпшілікке бие сүтін ішуді ұсынамын. Бие сүті адам ағзасының қуатын арттырады. Оның құрамында ағзаға зиянды өнімдер жоқ. Бие сүтін «Тәңір ұсынған сусын» деп айтар едім» дегені бар. Осы орайда тақырыпқа байланысты сала мамандарына хабарласып, пікірлерін білген едік.
Гүлнәр ТҰРДЫНОВА, ҚР ПІБ МО аруханасының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғарғы санатты әдіскер-дәрігері:
Қазақстандықтар тұзды көп қолданады
– Әлем бойынша дұрыс тамақтану күрделі және өзекті мәселеге айналып отыр. Қазір халықтың басым бөлігі қайта өңделген тағамдарды көп қолдана бастады. Мәселен, табиғи таза еттің орнына шұжық, қақталған, сүрленген ет өнімдерін, жеміс, көкөністердің консервіленген түрлерін, фастфуд өнімдерін, жартылай фабрикаттарды жиі тұтынады. Мұндай өнімдердің ағзаға пайдасынан гөрі зияны көп. Қайта өңделген тағамның дәмін жақсарту мақсатында олардың құрамына өндірушілер үш негізгі ингредиент – қант, май, тұзды өте көп мөлшерде қолданады. Бұл азық-түлік бизнесін дамытудың бір жолы болып отыр. Қант, май, тұз ауыз қуысына түскенде мидың ләззат алу орталығын қоздырады да, адамды осы өнімдерді қайта тұтынуға тартып тұрады. Өкінішке қарай, бүгінде адамдардың тамақтануға деген көзқарасы өзгерген. Егер табиғат заңы бойынша тамақты ағзаның тіршілігін қамтамасыз ету үшін ішіп-жейтін болса, ал қазір адамдар тамақ ішу үшін өмір сүретін болып кетті. Яғни, тамақты ләззат алу үшін ішеді, «Өзімді қандай дәмді, тәтті тамақпен еркелетсем екен» деп ойлайды. Тәтті сусындар, жоғары сұрыпты ақ ұннан жасалатын печенье, торт, вафли сынды кондитерлік өнімдер адам ағзасына түскеннен кейін қандағы қант деңгейін жоғары көтеріп, ұйқы безіне салмақ түсіреді, инсулин гормонының синтезін күшейтеді, ол өз ретінде тәбетті ашып, адамды тағы да тамақ ішуге итермелейді. Тамақтану саласындағы кәсіпкерлер фастфуд өнімдерінің жанына қосып неліктен газды, тәтті сусындар ұсынады? Өйткені адам оларды ішкен сайын тағы да іше бергісі келеді. Таңнан кешке дейін кеңседе жұмыс істейтіндерде қимыл-қозғалыс аз болғандықтан энергияны да аз шығындайды. Ал ағзаға түскен қант көп калория береді, ол шығындалмаса майға айналып, қорға жиналып, артық салмаққа душар етеді. Бара-бара мұндай семіздікпен 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамыры ауруына алып келеді. Бүгінде кондитерлік өнімдерге сұраныс жоғары, дүкендерде ығы-жығы халықты жиі кездестіреміз. Мәселен, көшеде кетіп бара жатқан адам тәтті тоқаштың, бәліштің иісіне елітіп, ағзада шартты рефлекс жұмыс істеп, амалсыз оларды сатып алады. Одан бөлек, өмір салтымыз өзгерді, жанталасқан заман болып кетті. Әсіресе, жастар түскі үзілісте тез дайындалатын немесе дайын пісірілген тағамдарды сатып алып тез тұтынып жатады. Немесе жеткізу қызметіне жүгініп, тамаққа тапсырыс береді. Өнімдер неғұрлым көбірек қайта өңделсе, соғұрлым құрамындағы пайдалы дәрумендер, минералдық заттар мен т.б. биологиялық белсенді заттардың мөлшері күрт азаяды. Сонымен қатар олардың дәмін, түсін, хош иісін, консистенциясын жақсарту, сақталу мерзімін ұзарту үшін әртүрлі химиялық қоспалар (бояғыштар, дәмдеуіштер, консерванттар) қосылады. Мәселен, натрий глутаматы бара-бара тәуелділікті тудыру мүмкін. Мұның бәрі әрине, денсаулыққа зиян. Неліктен адамдар қайта өнделген тағамдарды жиі тұтынады десеңіз, оның тағы бір себебі маркетингтік трюктер дер едім. Сатылымда мұндай өнімдер қызылды-жасылды, көздің жауын алатын қаптамада, дүкен сөрелерінде көзге түсетін орында орналасуы, әртүрлі акциялар да адамның жиі сатып алуына әсер етеді. Жалпы, тамақтануға қатысты интернетте ақпарат өте көп. Тек олардың дұрысын таңдай білсеңіз болғаны. Осы ретте оқырмандар ресми мекемелердің сайттарындағы тексерілген ақпараттарға жүгінсе деймін. Дұрыс тамақтануға байланысты пайдалы кеңесті біліктілігі жоғары дәрігерлерден, нутрициолог, диетолог мамандардан алған жөн. Нутрициологтармен диетологтардың айырмашылығына келетін болсақ, нутрициология – жалпы тамақтану туралы ғылым. Қазір нутрициологтар көбейіп кетті, тамақтану бойынша қысқа оқыту курстарын өтіп, өздерін маман ретінде санайды, олардан аулақ болған жөн. Ал диетология тамақтанудың емдік бағытын да қарастырады, яғни диетологтар адамдарда аурулары болған жағдайда не ішіп-жеуге болатыны жөнінде де ұсыныс бере алады. Дұрыс тамақтану дегеніміз – сапасы жоғары табиғи өнімдердің рационда болуы, тамақтану тәртібін сақтау және тамақты мөлшерімен жеу. Оның басты ережесі – тағамдардың әртүрлі болуы, басымдықтың өсімдіктерге берілуі. Ет өнімдері де рационда болуы керек, бірақ шамамен табиғи ет өнімдері (күніне - мал еті 80-100 гр, құс немесе балық – 100-150 гр), сүт өнімдері жалпы 100-200 гр (сүт, айран, қымыз, шұбат, ірімшік т.б.), жұмыртқа аптасына 3-4 мезгіл болуы керек. Сондай-ақ күнделікті рациионда әртүрлі дәнді-дақылдар болғаны абзал. Ал шикі көкөністер, жеміс-жидектер күніне 500 гр-нан кем болмағаны жөн. Олар – ағзаға өте қажетті биологиялық белсенді заттардың (дәрумендер, минералдардың) негізгі көзі. Сонымен қатар олар тағамдық талшықтарға бай болғандықтан ағзадан зиянды заттарды шығаруға себін тигізеді. Неғұрлым рационымыз әртүрлі болса, соғұрлым ағзаға пайдалы заттар көбірек түседі. Сондықтан сапалы табиғи азық-түліктердің барлық түрі рационда болуы керек. Рационның тәуліктік калориясы ағзаның энергия шығынына сәйкес болғаны абзал. Мәселен, адам жасына, жынысына, іс-әрекетіне, өмір салтына байланысты тәулігіне 1500-2000 калория шығындаса (көбінесе ақыл-ой еңбегіне тән), рационның энергиялық құндылығы осы мөлшерден аспау керек. Көп тамақ жеп, аз қимылдасақ, дене салмағын арттырамыз. Ағзаға артық түскен әрбір 100 калория 14 гр майға айналады. Мәселен, 300 калория артық қабылдасақ (бұл дегеніміз бір шоколад батончигі, бір тілім бисквит 80 гр чипс немесе 0,5 мл тәтті сусын), бұл жарты жыл ішінде 7,4 кг артық салмаққа алып келеді. Сондықтан тамақты артық тұтынбау керек, көп тұтынсаң қозғалысты арттырып артық калорияны шығындау керек. Қазақ «Ауру – астан» деп бекер айтпаған. ДДС ұйымының тапсырмасы бойынша Германиядағы Ф.Шиллер атындағы Йен университетінің ғалымдары зерттеу жүргізген. Олар дұрыс тамақтанбау салдарынан болатын өлім-жітімі жоғары елдердің рейтингін жасады. Қазақстан алғашқы 10 елдің арасында 9-орында тұр. Өкінішке қарай, елімізде дұрыс тамақтанбау салдарынан жыл сайын 100 мың адамға шаққанда 306 адам қайтыс болады екен. Қазақстандықтар тұзды көп қолданатыны анықталған. Жалпы, дені сау адамның ағзасы бір тәулікте 5 гр тұзды шығара алады. 5 гр тұз бір шай қасықпен тең. Ал біздің ас мәзірін зерттеген кезде әрбір адам тәулігіне 15-17 гр тұз тұтынатыны белгілі болған. Бұл қалыпты нормадан 3-4 есе жоғары. Натрий тұзын көп қолдансаңыз, ол ағзадағы калий, магний, кальций тұздарын ағзадан шығарып тастайды. Ал тұздың артық мөлшері қан тамырлардың серпімділігіне, өткізгіштігіне кері әсер етіп гипертония, атеросклероз, жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соғады. Сондықтан күніне 5 грамнан артық тұз қолданбау керек. Бұл мөлшерге дайын тағамдардағы (ірімшік, нан, әртүрлі соустар мен консервілер, үш мезгіл тамақтағы) тұз да кіреді. Зерттеу қорытындысы халқымыздың дәнді дақылдарды, теңіз өнімдерін, жаңғақтарды аз қолданатынын көрсетті. Құрамында майы, тұзы, қанты көп, химиялық қоспалары бар қайта өнделген тағамдардан бас тартып, рационға сапасы жоғары табиғи өнімдерді көбірек енгізіп, жалпы тамақтануға деген көзқарасымызды өзгертіп, өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпауымыз керек. Өмірдің өзі – қозғалыс. Жиі серуендеуді, күніне 10 мың қадам жасауды, спортпен шұғылдануды қолға алған дұрыс. Физикалық белсенді адам дұрыс тамақтанып, өз денсаулығына мән бере бастайды. Ал дені сау адамның – жаны сау.
Лаура СЕЙІТБЕК, функционалды тамақтану эксперті:
Балам тұлға болсын десеңіз, тамағын дұрыстаңыз
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дерттің 80 пайызы белгілі дәрежеде дұрыс тамақтанбауға байланысты екен. Әсіресе, фастфуд пен газдалған, тәтті, энергетикалық сусындардың зияны ұшан-теңіз. Ғалымдар қанша дабыл қақса да, халық қауіпті өнімдерден бас тарта алмай жатыр. Бұған бірнеше негізгі фактор әсер етеді. Ең алдымен халықтың әлі де тамаққа көп ақша жұмсағысы келмейтін көзқарасы басымдығында. Неғұрлым арзанырақ, сапасыз тамақтарға басымдық береді. Дәмді, тез дайындалатын фастфуд, бургерлерге адам тез тояды. Көпшілік мұндай тағамдардың денсаулыққа зиянды әсерін түсінбегендіктен, «қарным тойса болды» дейді және сол тамақты жеу барысында алатын ләззат сезімдерге үйреніп қалған. Бұл жерде қандай да бір деңгейде тәуелділік те бар. Бірақ біз нақты құрамындағы мына зат тәуелділікті қалыптастырады деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені бұл толық дәлелденбеген. Мысал ретінде қазір бір фастфудты айтсам, ертең олардың мені сотқа беруге құқығы бар. Алайда дәмін, иісін күшейтетін қоспалар қосады. Екіншіден, денсаулыққа байланысты ақпаратты ізденіп қарамаймыз көп ретте. Адамға өзінің денсаулығы құндылық болмайынша, ол туралы ізденбейді. Өйткені фокусы неде болса, сол нәрсені ғана көреді. Денсаулығы сыр беріп, дұрыс тамақтану керек екенін түсінгенде ғана қолға алады. Фастфудты жемеу керек екенін естиміз, бірақ нақты қандай зияны бар екенінен хабарсызбыз, астарына үңілмейміз. Жоғарыда айтқан ойымды жалғастыра кетсем, адам арзан тамақ алып, ақша үнемдеп жатырмын деп ойлағанмен, стратегиялық тұрғыдан қарайтын болсаңыз, бұл – ұтылу. Тамақтан ақша ұттым дегеніңмен кейін пайда болған аурулардан денсаулығыңды қалпына келтіруге одан да көп шығындаласыз. Мысалы, әлсіздік пайда болады, белсенділігі төмендейді, дефициттер қалыптасады, жұмыс өнімділігі азаяды, көп нәрсеге зауқы болмайды. Ал жұмыс өнімділігі адамның табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар әр жерің бір ауырса, өміріңнің сапасы төмендейді. Қарапайым тілмен айтқанда, толыққанды өмір сүре алмайсың. Сондықтан сапалы тамақ сатып алған дұрыс. Бір айта кетерлігі, қоғамда сапалы тамақ қымбат деп ойлайды. Шын мәнінде денсаулыққа пайдалы тамақтардың тізіміне қарасаңыз, қымбат емес екеніне көз жеткізуге болады. Сапалы тамақ туралы ақпарат та әртүрлі. Біз қолданатын күнбағыс майына пісірілген тамақ денсаулыққа зиян. Бұл ағзада қабыну процестеріне алып келеді, ағзаны қышқылдандырады. Ал шамадан тыс қышқылдану рак жасушаларын оятады. Майлылығы 82,5 пайыздық қолдың сары майын таңертең жесеңіз пайдалы. Ұннан жасалған тағамдарды да шектен тыс қолдану ағзаға зиян. Таңғы астың құрамында май болмаса өт қызметі нашарлайды. Бүгінде гормон салынған тауық, малдың еті көбейді. Тезірек ет жинап, семірту үшін малдың жеміне неше түрлі қоспа салады. Мысалы, тауықтың өзі өсіп-жетілгенше 12 рет екпе алады. Неше түрлі аурулардың бәрі етке сіңеді. Ал жайылымға бармаған, қорада тұрып түрлі қоспа жеп семірген малдың еті адам ағзасында синтезделіп, толықтай сіңуі өте қиын. Сондықтан ет таңдаған кезде де жайылымда жайылған, гормон салынбаған малдың етін сатып алған дұрыс. Еттен түбегейлі бас тарту да зиян. Өйткені ағза өзіне қажетті ақуызды ет арқылы алады. Сапалы тамақтану тақырыбын терең зерттеген сайын тауық етінен бас тартқан дұрыс екеніне көзім жетті. Үйде өзің өсірген тауық болса немесе дәрісіз өсірілген болса, жеуге болады. Гормонға толы тауық еті әйелдің, баланың денсаулығына көп зиян. Жұмыртқа көп тудыру үшін де гормон салатынын ескерсек, жеп жатқан жұмыртқамыз да зиян екенін шамалай беріңіз. Балалардың психоэмоционалды, психосексуалды дамуына кері әсер етеді. Ал қазір екі әйелдің бірінде киста, миома, эндометриоз кездеседі. Гормондар әсерінен ағзада эстроген шамадан тыс көбейеді. Ағза жасанды эстрогенді өзінің эстрогені деп қабылдайды, нәтижесінде неше түрлі өскін пайда болады. Сондықтан тауыққа қарағанда бөдененің еті, жұмыртқасы әлдеқайда пайдалы дер едім. Дұрыс тамақтануды бала өмірге келген алғашқы айлардан бастап жіті мән беру керек. Дұрыс тамақ баланың алдағы өмірінің, иммунитетінің, өмір сапасының, денсаулығының мықтылығының фундаментін қалыптастырады. Жалпы, әйелдің бойына бала біткен кезден рационды дұрыстаған абзал. Ананың рационынан баланың бойындағы витаминдер, минералдар түзіледі. Рационы дұрыс емес анадан сау бала тумайтынын көріп жүрміз. Аутизм, бала тілінің кеш шығуы, сөйлей алмауының бір себебі тамақтануда жатыр. Аналар баласын емдеу үшін сауықтыру орталықтарына апарады. Бірақ баланың тамағын дұрыстамай толық емделмейтінін ұмытпау керек. Бала туғаннан кейін 4 айдан бастап аналар әртүрлі жеміс езбелерін береді. Бұл – үлкен қателік. Енді жетіліп келе жатқан баланың ағзасына өте зиян. Ғалымдар 4-8 жас аралығындағы баланың ағзасы клетчатканы қорытатын ферменттер бөлмейтінін дәлелдеген. Баланың асқазаны майды, ақуызды ыдырататын ферменттер бөледі. Байқасаңыз, бұрын әжелеріміз жаңа босанған әйелге тортасынан айырылған майды, құйрық майды, яғни қойдың майына қуырылған тағамдарды беретін. Жаңа босанған ананың рационында майдың болуы маңызды. Өйткені баланың миы – липовильді ағза және мидың жақсы дамуына, өсуіне оған ешқандай езбе керек емес, оған май қажет. Езбелер баланың ұйқы безіне артық жүктеме береді. Сөйтіп, балада шамадан тыс инсулин бөлінеді, нәтижесінде инсулин резистенттілік пайда болады. Қазір байқасаңыз, балаларда қант деңгейі өте жоғары. Ұйқы безі нашарлағандықтан, ағза майды ыдырата алмайды. Фермент бөлінбеген соң бала әлсіз болады. Аналар «Балам ет жемейді, қаны аз» деп шағымданады. Неге? Өйткені баланың алғашқы тамақтану рационы дұрыс қалыптаспаған. Баланы УДЗ-ге түсірген кезде өтін май басып тұрады. Балаға езбені көп бергендіктен өт мүлдем жүрмей қалады. Міне, осылайша баланың алғашқы рационын дұрыс қалыптастыру арқылы тамақтану әдебі қалыптасады. Өзім осы тақырыпта алған білімім мен тәжірибемді қосып, кітап дайындап жатырмын. Жақын арада баспадан жарық көреді. Біз, аналар өз денсаулығымызға немқұрайлы қарасақ, ұрпағымыз зардап шегеді. Ал одан кейінгі ұрпақ тіптен әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан балам тұлға болсын десеңіз, тамағын дұрыстаңыз. Баланың психоэмоциялық күйі, агрессиясы, эмоциясын басқара алуы да тамағына тікелей байланысты. Біз тамақтану мәселесінде салдарымен емес, себеппен жұмыс істеуіміз керек. Сонда еңбегіміз нәтижелі болады. Дұрыс тамақтану дегеніміз – физиологиялық тамақтану, яғни рационда сапалы, дұрыс майлардың болуы. Осы салада шетелден алған білімімнің арқасында ата-бабамыздың тамақтану әдебінің дұрыс болғанына көзім жете түсті. Қазақ бұрын балаға қойдың құйрығын сорғызып, қолына сүйек беріп мүжіткен. Ал қазіргі балалардың сау тісі жоқ, қарайып, үгітіліп кеткен. Бұл – дайын езбе бергеннің кесірі. Бұрын аналарымыз тамақтың барлығын тоң майға, сары майға, тортасынан айырылған майға жасаған. Қазір оны ГХИ деп айтып жүрміз. Ал етке келсек, ата-бабамыз қамырын аз салып жеген, тіпті қамыр салмаған. Етті сорпасымен немесе қымызбен ішкен. Олар етті ыдыратып, ақуызды ағзаға сіңіреді. Рационда еттен бөлек көкөніс болғаны дұрыс. Физиологиялық тамақтану дегеніміздің өзі – ата-бабаң жеген тамақтарды тұтыну. Мысалы, сен күнде авокадо жесең, денсаулығың керемет болып кетпейді. Өйткені ол біздің өңірде өспейді. Керісінше, авокадоны көп жеу зиян болуы мүмкін. Сондықтан атамыздан қалған асты жесең әлдеқайда ағзаға сіңімді, пайдалы, шипалы болады. Бүгінде неше түрлі тропикалық жемістер қолжетімді, алайда пайдалы деп оларды шектен тыс тұтынбауға кеңес беремін. Егер сіз рационды дұрыс құра алсаңыз, қандай да бір аурулардың алдын алуға, емдеуге болады. Ең күшті витаминді іш, ең қымбат дәріні іш, бірақ тамақтану әдебін реттемесең, бәрі далаға кетеді. Бір жері мазаласа дереу витамин ішетіндер бар, олар витаминді сиқырлы таяқша көреді. Сен тамағыңды дұрыстасаң ғана, барлық БАД пайдалы болады. Ал газды, тәтті тағамды көп жеу семіздікке алып келеді. Бірақ гормондар ауытқыса да адам семіздікке ұшырайды. Семіздіктің себебі басқа да болуы мүмкін. Семіздіктің себебі рационда болса, сол өнімді шектесе, адам артық салмақтан құтылады. Сапалы тамақты тұтынатын, дұрыс рационды қалыптастырған адам ағзасының жұмысын реттей бастайды. Адамның ағзасы үлкен потенциалға ие, Жаратушы солай шебер жаратқан. Ағзаға қажетті нәрсені беріп отырсаң, ол өзін-өзі емдейді, қалыпқа келтіре алады, регенерация жасалады. Бұрын ата-бабамыз ерте жатып, ерте тұрған. Бұл – дұрыс. Қазір біз кеш жатып, кеш тұрамыз. Негізі, кешкі сағат 20:00-ден кейін тамақ ішпеген дұрыс. Ең абзалы 18:00-ден ішпеген. Алайда ол уақытта адамдар жұмыстан енді үйіне келіп жатады және кеш жататындықтан қарындары ашады. Алайда кеш тамақтанып ұйықтап қалу ағзаға орасан зор зиян әкеледі.
Қорыта айтқанда, қыста жылқы етін, жазда қой етін жеген пайдалы. Ата-бабамыз сиыр етін көп тұтынбаған, сиырдың етінде суықтық болады деген. Сиыр етін көп жейтін адамның ағзасы қабыну процестеріне бейім келеді. Байқасаңыз, сиыр етін ассаңыз тез тоңазып қалады және ірі қара мал болғандықтан етінің ағзаға сіңуі оңай емес, ол үшін көбірек қимылдау керек. Бүгінде «Қойдың еті ауыр» деп жатады, бұл – жаңсақ пікір. Керісінше, өте жеңіл, ағзаға тез сіңеді.