Дауыл алдындағы тыныштық па?
немесе тұрғын үй нарығындағы қазіргі ахуал
Жақында «Отау» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталды. Ізін ала «Наурыз» атты тағы бір жеңілдетілген бағдарлама басталды.
«Баспана хит» бағдарламасы тоқтағаннан кейін жалпы халыққа арналған бағдарламадан тек «7-20-25» қана қалған еді. Бұл бағдарламаға да қаражат қарастырылуы екіталай екені айтылып жүрді, дегенмен шектеулі бюджетпен 2029 жылға дейін жалғасатын болды. Яғни, бұрынғыдай қолжетімді болмады. Осылайша, баспана нарығындағы «тыныштықтан» кейін бағдарламалардың толқыны туындады десе де болатындай.
«Отаудан» отау алатындар анықталды
Биыл жыл басында «Астана жастары» ресурстық орталығында жастармен кездескен «Отбасы банкінің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жастар мен жас отбасыларды қолдау мақсатында қосымша «9-20-25» бағдарламасы әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді. Жоспарға сәйкес бұл бағдарлама наурызда басталатынын да айтты.
– Тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалау кезінде қазір жастар үшін қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінен гөрі бастапқы жарнаның мөлшері маңыздырақ екені айқындалды. Ең бастысы, бұл жас отбасы өміріндегі алғашқы, бірлескен меншік, бірігіп алған ортақ жылжымайтын мүлік болады, – деді Ләззат Ибрагимова.
Осылайша, наурызда «Отау» бағдарламасы іске қосылды. «Отаудың» «9-20-25» бағдарламасына қатысы бар-жоғы туралы ресми мәлімдеме айтылмады, дегенмен көпшілік әуелде айтылған жастарға арналған бағдарлама осы деп топшылады. Яғни, «9-20-25» бағдарламасының атауы «Отау» болып өзгерді. 13 мамырда «Отбасы банкі» «Отау» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау сәтті аяқталғанын, іріктеу кезеңінің қорытындысы белгілі болғанын хабарлады. Банк мәліметіне сүйенсек, 25 038 мың өтінім қабылданған. Соның ішінде жеңімпаз атанған 8 мың адамның аты-жөні сайтта жарияланды. Бұл ашықтық үшін жасалған қадам деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. Бұл қадам баспанаға, немесе автокөлікке несие беру «бармақ басты, көз қысты» әдіспен жүреді деген қоғам сынынан кейін қабылданған шешім болса керек. Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізілген. Соның ішінде, жинаған қаражатқа мемлекеттің берген сыйақысының мөлшері, депозитке қанша жыл болғаны ескерілген. Сондай-ақ отбасы құрған және баласы барларға да басымдық берілген. Бағдарлама басталар алдында банк бұл бағдарламаға іріктеу кезінде жұмыс істейтін жас отбасыларға көңіл бөлінетіні айтылған еді. Тізімді сараласақ, 8 мың жеңімпаздың ішінде 35 жасқа дейінгі жастар көбірек іліккенін байқаймыз. Сонымен қатар 35 жасқа дейінгі және 35 жастан асқан ел азаматтары бөлек қарастырылған екен. «Отау» бағдарламасы 7 жылға созылады. Бағдарлама аясында 50 мыңға жуық адам баспаналы болады деген жоспар бар. «Отбасы банк» «Отауға» ілікпегендерді «Наурыз» бағдарламасына өтінім беруге шақырды. Банктің сөзінше, бұл жолы іріктеуден өту ықтималдығы жоғарырақ екен. – Отауда жеңіске жете алмағандар «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім бере алады. Онда мүмкіндік көп, өйткені пәтер саны 12 мыңнан асады, маусым айының аяғында біз тұрғын үй ала алатындардың есімдерін білетін боламыз, – деді «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова ОКҚ алаңында өткен брифингте.
«Наурыз» бағдарламасы басталып кетті
«Наурыз» бағдарламасы басталған алғашқы күні 1 124 өтінім сәтті қабылданған. Жалпы бағдарламаға қатысуға 2024 жылғы 25 сәуірден 30 маусымға дейін өтінім беруге болады. Сондай-ақ осы айтылған мерзімде депозитке қаражат сала беруге болады. Сондықтан банк салымшыларды асықпай өз депозиттерін толықтырып, қажет болған жағдайда оны туыстарының депозиттерімен біріктіріп, бағдарламаның шарттарымен мұқият танысып, содан кейін ғана өтінім беруге кеңес берген екен. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады. Бұл бағдарламаның іріктеу шарты да «Отау» бағдарламасының талаптарына ұқсас, дегенмен бұл жолы халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы жеке қарастырылмақ. Саралаудан кейін клиенттер Банк сайтында «Наурыз» бағдарламасына өткен үміткерлер тізімін көре алады. Сондай-ақ олардың несие алуға тағы екі ай уақыты болады. «Отбасы банк» осы уақыт аралығында тұтыну несиелерін төлеп тастауға кеңес береді, мұндай жағдайда қарыздың мақұлдану мүмкіндігі көбірек болады екен. Шынында да, төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табыс қана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ несиелер бойынша төлемдер де ескеріледі. Сондай-ақ ипотекаға алып жатқан жаңа баспананы жөндеу жұмыстарына да қосымша қарызға ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20 пайызынан аспауға тиіс. «Отбасы банкінің» мәліметінше, қазір қатысуға ниет білдірген азаматтар арасында 24 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар көш бастап тұр. Ал үйге сұраныс бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе және Маңғыстау облыстары алдыңғы орында. Баспана маркет платформасы сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдап, өңдейді екен.
«Баспана маркет» бәріне жете ме?
Бағдарламаларға қатысатын азаматтар пәтерді otbasybank.kz сайтынан, «Баспана маркет» порталынан таңдап, сатып ала алады. – Бұл қадам жаңа тұрғын үй бағдарламалары басталғанда тұрғын үй бағасын қолдан өсіруге жол бермеу үшін жасалып отыр, – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі. Сонымен, «Отау» бағдарламасы бойынша биыл 8 мың азамат баспаналы болса, ал «Наурыз» бағдарламасы аясында 12 мың адам үй ала алады. Сонда, тамыз айына дейін аталған «Баспана маркет» порталындағы 20 мың үйдің кілті иелерінің қолына тиеді. Дегенмен қазір бұл порталда қолжетімді үй саны жеткіліксіз. «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова айтқандай, қазір «Баспана маркет» порталында 8,5 мың пәтер бар. Әйтсе де, төрағаның сөзінше, банк жақын арада олардың санын 40 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бас-аяғы 2-3 ай ішінде онлайн үй дүкені қаншалықты толығатыны беймәлім. Бағдарлама жеңімпазы атанғандар өздері қалаған, өздеріне қолайлы баспана таба ала ма деген заңды сұрақ туындайды. Оған қоса, бағдарламалар аясында 30 миллион теңгеге дейінгі үйлер берілетін болса, ұсыныс көлемі тағы да біраз сүзгіден өтіп, азаятынын ескеру керек сияқты. Жалпы, 2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көзі есебінен 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу және 1 миллионнан астам отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар екен.
650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр
Өткен айдағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов тұрғын үй құрылысы және проблемалық объектілерді аяқтау мәселесі бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ бірқатар өңірлер әкімдерінің баяндамасын тыңдаған болатын. Олжас Бектенов Үкімет алдына биыл тұрғын үй құрылысына қатысты көптеген маңызды міндет қойылғанын атап өтті. Соның бірі – 18 миллион шаршы метр тұрғын үйді аяқтап, тапсыру. Бұл – бұрын-соңды болмаған жұмыс көлемі. Премьер-Министр қазір 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұрғанына тоқталды. Кезекте тұрғандардың өзін екінші қайтара тексеру жұмыстарын жергілікті әкімдіктер қолға алыпты. Мәселен, Ақмола облысында баспана кезегінде тұрғандардың ішінде ереже мен талаптарды бұзған 16 мыңға жуық азамат, Шымкент қаласында 36 мыңнан астам адам анықталған. Олардың біразы кезектен шығарылыпты. Премьер-Министр әкімдіктерге тізімдерді бірінші жартыжылдықтың соңына дейін өзектендіруді және тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуына мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жастар арасында 35 жасқа дейінгі 1,3 миллион қазақстандық жеке баспанаға мұқтаж екен. Бұл туралы «Астана жастары» ресурстық орталығында жастармен кездесу кезінде «Отбасы банкінің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтқан болатын. Бұл мәселе әсіресе өңірлер мен моноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады. Былтыр «Отбасы банк» 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектескенін мәлімдеді төраға. Оларға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында 414 миллиард теңге қарыз беріліпті. Негізінен жас қазақстандықтар бір немесе екі бөлмелі пәтер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің орташа құны 19,7 миллион теңгеге тең. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр, бұл 1 млн-нан астам отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы сомасы 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарда бар. Сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың қалай іске асырылатыны туралы айтылды. Мәселен, 2 пайыз және 5 пайыз мөлшерлеме бойынша жеңілдікті ипотека аясында 7 мыңға жуық қарыз беру үшін 81 млрд теңге бөлінбек. «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 миллиард теңгеге 8 мың қарыз беру көзделіп отыр. 1 мамырдан бастап «Отбасы банк» әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін жылдық 7 пайыз мөлшерлеме аясында 20 пайыз бастапқы жарнамен және қалған санаттағы азаматтар үшін 9 пайызбен жаңа жеңілдікті бағдарлама іске қосылатыны, жыл сайын 200 млрд теңгеден беру жоспарланып отырғаны да айтылды. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 миллиард теңгеге 5 мыңға жуық қарыз берілетін болады. Шарлапаев құрылыс саласын реттеудегі мемлекеттің жаңа тетіктері туралы да айтты. Соның ішінде алдын ала шарт жасасуға тыйым салу, айыппұлды 300-ден 2 000 АЕК-ке дейін ұлғайту, үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз жасалатын жарнамаға тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшасыз сатып алу-сату бойынша мәміле жасауға жол бермеу сияқты шаралар талқыланып жатыр. Бұл ұсыныстар жауапты мемлекеттік органдармен келісілетіні айтылды. Қазір еліміздің 8 өңірінде үлес құрылысы бойынша аяқталмай тұрған 39 проблемалық нысан бар екен. Жауаптылардың сөзінше, оларды аяқтау үшін инвесторлар мен қаржы керек.
Бағдарламалар бағаны тағы аспандатпай ма?
Осылайша, Үкімет халықты баспанамен қамтуға мүдделі екенін айтады. Жоспар орындалар болса, көздеген межеге жетер болсақ, талай мәселе шешілетіні сөзсіз. Дегенмен бағдарламалардың үй бағасына кері әсері болмай ма деген қорқыныш та жоқ емес. Бұған дейінгі баспанаға байланысты шаралардың, соның ішінде бағдарламалардың ахуалды ауырлатқаны жиі айтылып келді. Әсіресе, зейнетақы қорындағы белгіленген шектен артылған қаражатты үй алуға немесе үй жөндеуге жаратуға рұқсат беру туралы шешім баспана нарығындағы ахуалды ушықтырып, бағаны аспандатқаны есте. Осы құбылыстан кейінгі дүмпу нарықта күні бүгінге дейін басылмай келген еді. Ал сарапшылар жаңа бағдарламалардың нарыққа әсері әлі де болса байқала қоймағанын, дегенмен жалпы үй бағасының айтарлықтай арзандамауына осы бағдарламалар әсер етіп отырғанын айтады. – Жаңа тұрғын үй бағдарламалары әлі де жаңа тұрғын үй бағаларына айтарлықтай әсерін тигізген жоқ. Кейінгі жылы үйдің бағасы өспегеніне қарамастан, мәмілелер саны екі есе қысқарған, дегенмен құлдырау байқалмайды. Бұл пәтер бағасының, әсіресе жаңа пәтерлердің бағасы одан әрі түспейтінін, яғни бұған мүмкіндік жоғын көрсетеді деуге бола-ды, – дейді экономист Андрей Чеботарев. Сарапшы мұның себебін сұраныстың көптігі мен бағдарламалардың да едәуір көптігімен байланыстырып отыр. – Себебі тұрақты жоғары сұраныс пен жеңілдетілген пайыздық бағдарламалар бағаның төмендеуіне жол бермей отыр. Қазір пәтер сатып алғысы келетіндерге өте қолайлы: егер сізде ақша болса немесе банктің мақұлдауы болса, сіз өте мұқият және ұзақ уақыт бойы қолайлы пәтерді іздеп, ол үшін үлкен жеңілдік сұрай аласыз, өйткені қазір сатушы нарығы сатып алушы нарығына айналды, яғни сіз сатып алушы ретінде шарттарды белгілейсіз, – дейді ол. Ал ресми деректерге қарасақ, үй бағасы болар-болмас арзандағанын байқауға болады. Дегенмен «арзандады» деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Әйткенмен, кейінгі жылдардағы қарқынды әрі серпінді өсімнен кейін бағаның бірқалыпты тұрғанының өзі көңілге медеу болып отыр.
Ахуал тұрақты
Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, 2024 жылғы сәуірде жаңа тұрғын үйді сату бағасы бір шаршы метрге 0,4 пайыз, яғни 484,6 мың теңгеге дейін арзандаған, ал қайталама нарықтағы үйдің бағасы бір шаршы метр үшін 507,7 мың теңгеге дейін, яғни 1 пайызға өскен. Бір жыл ішінде жинақталған жалпы өсімге қарасақ, жаңа үйлер бойынша өсім байқалмайды деуге болады, яғни бір жыл ішінде жаңа үй бағасы қымбаттамаған. Қайталама нарықтағы үй бағасында да дәл осындай серпін байқалады. Krisha.kz сарапшылары ұсынған мәліметте еліміздің көптеген қаласында жылжымайтын мүліктің орташа бағасы төмендегені айтылған. Нақтырақ айтқанда, мониторинг жүріп жатқан 18 қаланың 11-інде пәтер арзандаған. Бір жылда алғаш рет теріс динамика Алматыда байқалыпты. Қалған қалаларда төмендеу қатты байқалмайды. Жалпы, нарықтағы ахуал тұрақты. Баға өсімі байқалған қалалар ішінде Ақтау көш бастап тұр, онда 4 айда пәтер 5.6 пайызға қымбаттады. Екінші орында 1,7 пайыз өсіммен Астана қаласы тұр. Басқа қалаларда болар-болмас қана өзгеріс байқалады. Баға төмендеген қалаларға тоқталсақ, Қызылорда, Атырау, Өскемен, Семей қалаларында үй арзандаған. Ал Тараз, Түркістан, Қостанай, Шымкентте – өзгеріссіз.
Қорыта айтқанда, бірнеше жылдан бері құбылып келген нарықта қазір «тыныштық» орнағандай. Дегенмен дауыл алдындағы тыныштық болуы мүмкін деген қауіпті де әрі ысырып қоя алмаймыз. Жаңа бағдарламалар құрылыс лоббилерінің «өнімін» өткізуге емес, расымен халықты жаңа баспанамен қамтуға жұмыс істесе игі. Тек баспанамен емес, сапалы баспанамен қамтыса деген тілек. Бұл – астын сызып тұрып ескеретін және тағы бір тақырыпқа арқау болатын мәселе.