Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендерге баспана беріліп жатыр
Су тасқынының салдарынан өңірде 4 600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінде 1 мыңнан астам үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды.
Олар – BI Group холдингі, «Верный Капитал» және «Казхром» трансұлттық компаниясы» (ERG компаниялар тобы) акционерлік қоғамы. Аталған компаниялар облыста су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға және сатып алуға шамамен 28 миллиард теңге қарастырып отыр.
Шығын: 4 600 тұрғын үй, 136 шақырым жол, 15 көпір және 23 әлеуметтік нысан
Көктемгі тасқынға байланысты Ақтөбе қаласы мен облыстың алты ауданында (Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Ырғыз) жергілікті деңгейдегі табиғи сипатқа ие төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Су тасқынының салдарынан өңірде 4 600 тұрғын үй апаттан зардап шекті. Бүгінде 1 мыңнан астам үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір өңірде жағдай тұрақтанды, өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбеде жергілікті деңгейде төтенше режимі әлі де сақталуда. Бүгінде аталған аймақтарда тасқынның салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жақында Ақтөбеге арнайы іссапармен келген вице-премьер Қанат Бозымбаев тасқын салдарын өз көзімен көрген еді. Ол аймақта су тасқынынан келтірілген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылғанын айтып: «Алайда тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруіміз қажет. Елімізге белгілі ірі кәсіпкерлер көмек қолын созды. Біз Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. BI Group, «Верный Капитал» және «Қазхром» компаниялары бұл өңірге тұрғын үй салуға, сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 28 миллиард теңге бағыттайды. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анықтады, қазір 63 үйдің құрылысы жүріп жатыр», – деді. Бұл орайда баспанасыз қалғандар үшін «Қазақстан халқына» қорынан да қаражат қарастырылып жатыр. Әзірге қордан бөлінетін қаржының көлемі – 1,5 млрд теңге. Бұл қаражатқа Ырғыз ауданында 54 үй салынатын болады.
Қырық үйдің құрылысы
Бүгінде BI Group холдингі Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында 40-қа жуық үй салуға кірісті. Сондай-ақ компания Ақтөбе қаласында баспанасыз қалғандарға 34 пәтер сатып алады. Жұмысты тамыздың ортасында аяқтау жоспарлануда. Бұл мақсатқа компания 2 млрд теңге қарастырып отыр.
– Су тасқыны кезінде апатқа қарсы күреске барлығы 5 миллиард теңге бөлдік, оның 2 миллиарды Ақтөбе облысына бағытталады, – деді BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев.
Оның айтуынша, қазір аталған компания мамандарының Ақтөбе облысында жұмыс істеп жатқанына үш аптайдай уақыт болған.
– Ақтөбеге бөлінген қаражат тасқыннан зардап шеккендерге үй алу, баспана салуға ғана көзделді, – деді ол.
13 отбасының қуанышы
Ал Қобда ауданында қосымша 150 тұрғын үй салуға, сондай-ақ Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында 269 пәтер мен үй сатып алуға «Верный Капитал» компаниясының негізін қалаушы Болат Өтемұратовтың жеке қоры демеушілік етпек.
– Жалпы, компания тарапынан Ақтөбе облысына 11,5 миллиард теңге бөлінеді. Өткен аптада Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында жаңа үйлер сатып алына бастады. Алғашқы бес үй зардап шеккендерге берілді. Тағы 15 үйді тапсыру жоспарлануда. Қобда ауылында құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Біздегі жоспар – аталған ауданда су тасқынынан зардап шеккендер үшін 150 үйдің құрылысын қаржыландыру. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендер үшін Ақтөбе қаласында дайын үй сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр, – деді басқарма төрағасы Дәурен Өтемұратов.
Әйтеке би ауданында еріген судан үйлері апатты жағдайда қалған тағы 8 отбасы жақында баспананы өздері таңдап алды.
– Осыдан екі апта бұрын біз «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен бес тұрғынға жаңа үй сатып алып берген болсақ, бүгінде міне, Ақтөбе қаласына келіп, тағы да сегіз отбасына үй сатып алып бердік. Енді келесі аптада тағы да жеті-сегіз отбасының құжаттарын толық дайындап болғаннан кейін, сатып алу рәсімі жүргізіледі. Мұнымен дайын баспана сатып алғысы келетіндердің мәселесі шешіледі, ал қалған жерлестерімізге жаңадан үй сатып аламыз, – дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.
Оның айтуынша, аудан бойынша 150-ге жуық арыз түскен. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың өтініші негізінде құрылған комиссия әр үйге техникалық бақылау жүргізген. Комиссия шешімімен 48 үй жарамсыз деп танылған. Соның ішінде 21 отбасы екінші нарықтағы, яғни дайын пәтерлерді сатып алуға ынталы екенін жеткізіпті. Ал қалған отбасы үшін жаңа баспана салынатын болады. Аудан әкімі қазір тұрғын үйлерді салу жұмыстары басталғанын айтты. Бұл орайда үш құрылыс компаниясы іске кіріскен. Мердігер компаниялар алдағы үш айда барлық құрылыс жұмыстарын аяқтауға тиіс. Ауданда тасқыннан зардап шеккендердің бірі – Венера Алихованың отбасы. Бұл отбасы Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылында тұрады. Венераның айтуынша, 29 наурыз күні үйін таңғы сағат 4-те су басқан. Сөйтіп отбасы мүшелері дереу қауіпсіз жерге эвакуацияланады. Кейін ол материалдық шығынды өтеу туралы комиссияға өтініш қалдырып, дайын үй сатып алуға ниет білдіреді. Бағалаушы компания оның таңдаған үйін тексеріп, оң қорытынды берген. Бүгінде жалпы ауданы 110 шаршы метр болатын тұрғын үй аудан орталығында орналасқан. Венера үйінің жайлы әрі қауіпсіз екенін айтады. Қазір ол тез арада баспаналы болуына жәрдемдескен «Болат Өтемұратов қоры» мен жергілікті билікке ризашылығын білдіріп отыр.
ERG-дің еріктілері
Ал «Қазхром» трансұлттық компаниясының бас директоры Сергей Прокопьев ERG компаниялар тобына қарасты барлық кәсіпорын тасқыннан зардап шеккендерге және су тасқынының салдарын жоюға қолдау танытып жатқанын айтады.
– ERG компаниялар тобының барлық кәсіпорны су тасқынының салдарын жою үшін қолдан келгенше көмек көрсетеді. Компаниялар тобының акционерлері қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 40 миллиард теңге бөлді. Ақтөбе облысында біздің компаниялар төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап жергілікті атқарушы органдармен белсенді қызмет етуде. Біз техника беріп жатырмыз, сонымен қатар біздің еріктілер қозғалысы да белсенді көмектесіп жатыр, – дейді Сергей Прокопьев.
Сарыобаның жері зерттеледі
Төтенше режим жарияланған Ырғыз ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін үй салу жұмыстары жақын күндері басталады. Қазір аталған ауданда топан су астында қалған 152 үй жарамсыз деп танылды. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, 8 отбасы дайын үйді алуға, ал қырықтан астам отбасы Ырғыз ауылында салынатын үйге қоныстануға өтініш білдірген. Нұра ауылы тұрғындарының басым бөлігі Сарыоба дейтін жерге көшуге, сонда тұрғын үйдің салынуына қарсы емес. Дегенмен Сарыобаның жерін, оның келешегін зерттеу үшін мамандар жіберілмек. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жақында тасқыннан зардап шеккен ырғыздықтармен кездескенде: «Қаржы мәселесі шешілді десек болады. Еліміздегі үш компания Ақтөбе облысындағы су тасқыны салдарын жою үшін демеушілік етеді. Бұл – ең бірінші кезекте баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Облыстың Ырғыз ауданынан басқа жерде үй мәселесі шешімін тапты. Қазіргі біздің басты міндет – үй салу, үй алып беру, үйді қалпына келтіру. Мемлекет басшысы тасқынның салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды өзі қадағалап отыр. Сондықтан біз мүмкіндікті пайдалана отырып, тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындауға тиіспіз», – деді. Қарғын судан Ырғыз ауданы бойынша 152 тұрғын үй, 6 кәсіпкерлік және 8 әлеуметтік нысан зардап шекті. Бүгінгі күні Нұра ауылдық округінің Нұра, Мамыр, Белшер, сондай-ақ Тәуіп ауылдық округіне қарасты Құйлыс, яғни төрт ауылдан көшірілгендердің жалпы саны – 1 042 адам. Қазір оның 680-і – туыстарының үйінде, ал 362 адам эвакуациялық пункттерді паналап жүр.
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы