Жырдың жарық жұлдызы
Қазақ өлеңіне 70-жылдары келіп, жырсүйер қауымды елең еткізген ақын Ұлықбек Есдәулет 70 жасқа толды.
Қазақ өлеңіне 70-жылдары келіп, жырсүйер қауымды елең еткізген ақын Ұлықбек Есдәулет 70 жасқа толды. Алғашқы өлеңдері «Лениншіл жас» газетінде жарияланып, үлкен-кішіні таңдай қақтырып, дүбірлетіп, дүр сілкінтіп келгендердің бірі әрі бірегейі Ұлықбек ақын екенін біз көп естідік. Алматыға 80-жылдары келген біздің буынды Ұлықбек ақынның:
«Намаздыгерде қолатта, Ырдуан арба ырғалып, Қопаңдап қойып қорапта, Ылдимен үйге құлдадық.
Екеуміз:атам және мен, Елеусіз ғана келеміз. Ен дала төсі-қара өлең, Елтиді желге денеміз.
Қыр үстін өртеп отымен, Қырмызы жүзбен күн батты. Қызыға қарап отыр ем, Қайырылып атам тіл қатты.
«Батысқа,балам,қызықпа, Батқан күн – біздің күніміз, Көкжиек деген сызыққа Сіңгенше ғана тіріміз.
Уақыт зулап улы оқтай, Уатып өтер төзімді. Сондықтан, балам, күн батпай, Айтып қал,айтар сөзіңді», – деген өлеңі таңғалдырды. Ішінде біз білмейтін «Намаздыгер», «қолат», «ырдуан» сияқты көнерген сөздер, балалық дәуреннің балдан да тәтті періште тазалығы, қаймағы бұзылмаған тамылжыған табиғат суреттері де, аллитерация мен ассонансқа құрылған қазақ тілінің байлығы мен шұрайлылығын, үндестік заңының үйлесімді мысалдарын да бір өлеңге сіңірген шеберлік те, елден енді ғана қалаға келген бізді туған ауылды сағынуға бастайтын ерекше бір аңсарды қытықтап оятатын нәзік сезім иірімдері мен қарияның аузымен айтылатын өтпелі өмір философиясы да бар. Осыншама мол ақпаратты бойына сіңірген алты шумақты кезек-кезек жаттап алдық. «Тәттісін-ай!» – дейміз тамсанып…
Ақынның аты – Ұлықбек. Әкесі Оразбай ағамыз әскер қатарында Өзбекстанның Самарқан шаһарында болып, сондағы әлемге әйгілі астроном Ұлықбектің жұлдыз қараған обсерваториясын көргеннен кейін, сол шығыс ғұламасындай танымал болсын деп ырымдап, 1954 жылы дүние есігін ашқан ұлының есімін Ұлықбек қойған екен деп есіттік. Ақын өмірбаянына үңілсек, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында сәуірдің 29-жұлдызында туған. 1977 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін, 1985 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтының жоғарғы курсын бітірген. Әр жылдары «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында, Қазақ теледидарының Жастар редакциясында, Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеді. 1988-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жастар ісі жөніндегі хатшысы, 1991-1993 жылдары «Жас қазақ» газетінің бас редакторы, кейін Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, Министрлер Кабинетінде жауапты қызметтер атқарды. 2003 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. 2018-2023-жылдары Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Қазір ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы. Ол «Қанат қақты», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Перевалы Алтая», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», екі томдық таңдамалы, үш томдық, бес томдық шығармалар жинағы, «Әбілхаят», «Біз-дағы ғашық болғанбыз», тағы басқа да кітаптардың авторы. Ұлықбек ақын «Ақ керуен» жыр кітабы үшін 32 жасында Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, «Заман-ай» кітабы үшін 45 жасында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Киіз кітап» өлеңдер жинағы үшін 48 жасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Оның кітаптары ағылшын, түрік, орыс, қытай, монғол, қырғыз, испан, жапон, өзбек, әзербайжан, татар, гагауз, балтық бойы, украин, беларусь, болгар, чех, румын, поляк, неміс, грузин, үнді, саха, парсы, хинди, португал, итальян, башқұрт, тағы басқа тілдерге аударылған. Ақын туралы бұл деректер қосымша мағлұмат береді. Ал ақынның автопортретін жасайтын да, оның шын ғұмырбаянын көрсететін де оның жүрегін жарып шыққан өлеңдері болса керек. Ұлықбектің нағыз қазақи ұлттық колоритке боялған жыр жолдары қарапайым қазақ баласының жан тебіренісін көз алдымызға әкеледі. Сол өлеңдерден қазақтың көп қарадомалағы өзін тапса, бұл ақынның бүкіл ұлттық ауқымдағы суреткер екенін айғақтайды. Алғашқы жинақтарының бірі «Жұлдыз жарығын» біз студент кезімізде қолдан-қолға көшіріп, әбден тозығы жеткенше құмарта оқығанымыз естен кетпейді. «Жазушы» баспасынан шыққан осы шағын кітабында жастықтың екпінімен жазылған тамаша жырлар мол кездеседі. «Іздер» өлеңінде: Өткен өтті, бұл шақта дала да өзге, Жас толады ойласаң қара көзге. Текеметтің үстінде ойнаушы едік, Бауырсақтай шашылып бала кезде, – деп бас-аяғы жұп-жұмыр, саған да, маған да, оған да тым-тым жақын балалық шақ баяны елес береді, тәтті шумақтар тамсандырады. Тағы оқығың келеді. Ақын «Әже алақаны» дейтін ғажайып өлеңінде Әже бейнесін шебер сомдайды: Сол алақан мұңайсам жадыратқан, Тоңдырмаған өтсе де небір ақпан. Сол алақан көңілдің жайлауына Ойларымның қозысын жамыратқан.
Мен сүретін алдымда өмір қанша? Есейгенше бөлмеппін көңілді онша: Сипады ма лақтырып тастау үшін Маңдайыма жазылған сорым болса. Шынында да, әжесі немеренің маңдайынан сипауының өзінде үлкен бір сыр жатыр. Сол жұмбақтың шешуін ақын өзінше табады, өзгеше түйін түйеді. Мұнда өмірдің өз көрінісі мен көркемдік тапқырлық қатар астасып жатыр. Ұлықбек ақынның қамтитын тақырып аясы сан алуан. Оның жырларының өзегі – туған өлке, өскен жер. Кейде махаббат тақырыбына да барып, әдемі сыршыл лиризмге толы жырларды да төгілдіреді. Жымыңкөз аспан күліп кеп, Құшағыңа ұйтқып кірердей. Шығамыз шырқап биікке Бетінен Айдың сүйердей.
Кеудені сезім кернейді! Барады әлем бұлдырап. Балдәурен бізді тербейді Алтыбақан боп құлдырап.
Думансыз өткен күн құрсын, Думансыз өткен түн құрсын. Барады басым айналып, Бақыттан ба?..әлде… кім білсін?!
* * * Жаңбыр бүркіп жел есе ме, Сені еске алған кезімде? Жылап тұрған терезе ме, Жылап тұрған өзім бе? Ақынның жастық шақта жазған махаббат лирикасының өзі кейін жинақталып, 2019 жылы «Біз-дағы ғашық болғанбыз» деген атпен жеке кітап болып та шықты. Сонда енгізілген әрбір жыр ғашықтық сезімнен туған шынайы шымыр шумақтардан, жастар жатқа оқитын тың да тосын ойларға құрылған өлеңдер. «Көздеріңе ғашықпын» сияқты халық сүйіп орындайтын әнге айналып кеткендері қаншама! Осы орайда менің есіме бір өзім куә болған естелік еске түсіп отыр. Ұмытпасам, 1986 жылдың жазы. Мен ол кезде Қазақ теледидарының Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында қызмет істеймін. Бірде жұмыс ғимаратымызға Тұманбай Молдағалиев ағамыз келе қалды. Марқұм Темірше Сарыбаев екеуміз екі жағынан шығып күтіп алдық. Менің қолымда «Жұлдыз» журналының сол кезде шыққан бір нөмірі бар еді. Ішінде Ұлықбектің топтама өлеңдері жарияланған болатын. Ең соңғы шумағы: Тағдыр да бір Шығайбай-шық бермейді, Серіліктің заманы біткен дейді. Сәулем, сені мәңгілік сүйе аламын, Одан басқа қолымнан түк келмейді, – деп аяқталатын. Тұмағаң сол журналды қолына алып, басын шайқай-шайқай, Есдәулетов топтамасын шұқшиып оқып шықты да: «Осы Ұлықбек інім – мықты ақын. Ол әлі ұзаққа шабады», – деді. Тұмағаң айтса,айтқандай, Ұлықбек ақын ұзаққа шапты. Жеті айналымнан өтсе де, өлең бәйгесінде ентікпей, еркін заулап келеді. 2002 жылы Мемлекеттік сыйлықты қаламгерлер қауымының айрықша қолдауымен алды. Менің есімде қалғаны – Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойында «Қасымның құдығы» деген өлеңімен жыр мүшәйрасында Бас жүлде иемденгені. Ол Ресейдің Л.Толстой, М.Лермонтов, С.Есенин Алтын медальдарының, Қырғыз Республикасының «Жеті Мен» тәуелсіз сыйлығының және Байділда Сарноғаев Алтын медалінің, Әлемдік өнер және мәдениет Академиясы Алтын медалінің иегері. Осыдан он шақты жыл бұрын мұхиттың арғы жағындағы Оңтүстік Американың Колумбия еліндегі бүкілдүниежүзілік поэзия фестиваліне барып қатысып қайтты. Одан кейін де Монғолияның Улан-Батыр қаласында өткен, сосын Румынияның Бухарест қаласында өткен әлем ақындарының фестивальдеріне қатысып, ең жоғары марапаттарын иеленді. Жақында ғана Қытайда өткен 6-БОАО халықаралық поэзия фестивалінің Гран-При жүлдегері, «Азия, Африка, Европа құрлықтары Ұлы поэзия қозғалысының» Алтын медаль иегері, Гонконг әдебиет және өнер журналының кеңесшілер алқасының мүшесі атанды. Сонымен қатар ол – Дүниежүзілік Поэзия Қозғалысының (World Poetry Movement – қысқаша WPM, штаб-пәтері Медельин қаласында, Колумбия) ұлттық координаторы. Осының бәрін жазып отырып, бұдан қырық жылдай бұрын Тұманбай ағамның «Ұзаққа шабады…» – деген сөзі қайта ойыма түсті. Ұлықбек ағам көп жастардың әдебиеттің табалдырығынан аттауына өмір бойы қамқор болып келе жатқанын білемін. Менің өзім оқу бітірген 1985 жылы Ұлыағамның Калинин (қазіргі Қабанбай батыр) – Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы үйіне барып тұратынмын. Ұлықбек ағам футбол жанкүйері болатын. Сол кезде кешкілік күнде барып, Мексикада өтіп жатқан әлем чемпионаты ойындарын түні бойы бірге отырып тамашалайтынбыз. Ол кезде қызы Назым мен ұлы Ролланның тіптен кішкентай кезі болатын. Мұның алдында студент кезімізде бұл үйге талай рет барып, Бейсенкүл жеңгеміздің шайын ішіп жүретінбіз. Бір жолы, ұмытпасам, 1983-жылдың жаңа жылдық мерекесі күні өзімнен бір курс кейін оқитын ақын қыз Гүлнәр Салықбаева екеуміз бір тортымызды алып, ағамыздың үйінен бірақ шыққанбыз. Одан кейін де талай мәрте барушы едік. Қашан барсақ та, жайдары көңілмен қарсы алатын. Сонау сексенінші жылдардың аяғында Ұлықбек ағам Одақтың жастар ісі жөніндегі хатшы болып жүрген кезінде Пицунда қаласына бүкілодақтық жас ақындардың фестиваліне Қазақстаннан жалғыз мені жіберді. Қара теңіздің жағалауында, Абхазияның Пицунда қаласындағы КСРО Жазушылар одағының Дмитрий Гулиа атындағы демалыс үйінде 24 күн болып қайтқаным бар. Сол сапарда Мәскеуден келген Юрий Лопосов деген әдебиетшінің шеберлік курстарында шыңдалдық. Ресейдің көп қалаларынан келген ақын достар таптым. Украинадан Иван Козаченко, Стефония Украинец, Анна Войнорович, Әзербайжаннан Акиф Ахмедов, Өзбекстаннан Ағзам Худайбердиев, Түркменстаннан Оразкылыч Дурдыев, Қырғыз Республикасынан Чыныбай Куанычбеков, Армениядан Артур Абрамян, Тәжікстаннан Мухамедали Джунайди, Грузиядан Маквала Гонашвили сияқты ақын достар тауып қайттым… Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Жас қазақ» атты газеттің бас редакторы болған жылдарында маңайына біздің буынның өңкей талантты өкілдерін жинады. Олар – Нұрлан Мәукенұлы, Ғалым Жайлыбай, Қазыбек Иса, Есжан Айнабеков, Гүлнәр Салықбаевалар болатын. Одан кейінгі буыннан Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бекжан Әшірбаев, Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Бақыт Беделхан, Дәурен Берікқажыұлы, Қалқаман Сарин, Әлібек Шегебай сияқты өңкей талантты жастар Ұлықбек ақынның шарапатын көрген деп айтуымызға толық негіз бар. Одан кейінгі толқындарда тіптен көп шәкірттері бар. Қалам алып, жыр жазғандардың қай-қайсысы да ақындық табиғатының ішкі иірімдеріне үңіледі, ақындық құдіреті туралы толғанады. Ұлықбек пайымындағы Ақын автопортреті мынадай:
Отты аспан гүрілдейді, Тұяқтар дүбірлейді, Таулар селкілдейді, Баулар желкілдейді. Жерде де емес, Көкте де емес, Шабыттанған ақынның кеудесінде Бүкіл әлемнің қақтығысы бар Оның кіп-кішкентай бөлмесінде. Ұлықбек ақынның табиғат жырлары да соншалықты мөлдір, соншалықты шынайы, әуезді, әсем бояуларға толы.
Күзгі тамшыда Көктем даусы бар. Көктің көз жасы Қашан таусылар.
* * * Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап, Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ.
* * * Бұлтты серпіп Ай да тыңдар бұл әнді Құзар шыңға сүйеп қойып қылышын.
Осындай тың теңеулер мен соны эпитеттер, ассонанс, аллитерацияға құрылған жаратылыстың таңғажайып суреттері ақын жырларында мол кезігеді. Ұлықбек бұрын қозғалмаған тың тақырыптарға қалам тербейді, жаңа көкжиектерге барады, алыс жағалауларды бағындырады. «Мұхит. Гольфстрим ағысы», «Зевстің тойы немесе түнгі теңеулер», «Қайыңның сөлі», «Рояль», «Психологиялық портрет», «Альпинистер», «Шеррийдің қазасы», «Сарайшық. Қылқалам», «Біз – түркілерміз», «Кентавр Хирон», «Коррида», «Иероглифтер», «Айвазовский. Тоғызыншы вал», «Бродвей. Үндіс көсемі», тағы басқа өлеңдері соның дәлелі бола алады. Оның сюжетті балладалары мен «Көздің құны», «Сарыарқа пирамидалары», «Қара пима», «Космонавтар аллеясы», «Натюрморт» сияқты кең құлашты поэма-дастандары да өзгеше тақырыптарды өзек етеді. Ел аузында шырқалып жүрген ән мәтіндері қаншама! Бірақ біз білетін аса талантты ақын Ұ.Есдәулет – ең алдымен лирик, лирик болғанда да кешегі Сырбай мен Ғафудың, Сағи мен Мұқағалидың, Қадыр мен Тұманбайдың, Төлеген мен Жұмекеннің өлеңдегі өшпес дәстүрін өміршеңдікпен, жаңа заман бояуларымен дамытқан лирик. Ұлықбек лирикасынан нәзіктік пен жазықтық, ойлылық пен сезімталдық, тапқырлық пен қысқалық, жалпығаламдық кеңдік пен ұлттық нақыш қатар өріліп, көрініс тауып жатады. Ол қазақ поэзиясының тақырыптық аясын әлемдік поэзия көкжиегіндегі әсем бояулармен байытты. Байытқанда да қазақи мінез, қазақи өрнекті сақтай отырып байытты. Ұлықбек жырларының тағы бір ерекшелігі оның лирикасындағы қазақы жеңіл әзіл мен юморлық тапқырлық. Бұл оның өмірдегі келбетімен, ішкі жан дүниесімен де терең астасып жатыр. Қыр желі сүйіп бетінен Айтар ол келіп қауымға. Қаланы енді шетінен Айналдырсақ, деп, ауылға!
* * * Қыздардың махаббатын ұғу үшін Жаз болып жайнап, Қыс болып суу керек, Қыздардың махаббатын ұғу үшін Қыз болып туу керек!
Осындай езу тартқызып отырып-ақ, юморлық тапқырлықпен күлдіріп отырып-ақ, кейде әлеуметтік үлкен ойларды жеткізетін тұстары да жоқ емес. Ұлықбек ақын 90-жылдары «Лениншіл жас» газетінің бетінде орыс поэзиясында «Верлибр» деп аталатын үлгідегі «Ақ өлеңдер» топтамасын жариялап, эксперименттерге де барды. Солардың бірінде ақын ойлары былайша өріледі: Қызыл іңір. Қызғылт қыр. Қыжым аспан. Қызыл жел. Қызыл көйлек қыз бала, Қызылбауыр бұлттарға Қыр басында қызығып, Қолын бұлғап қызғылт қыр, Қыжым аспан. Қызыл жел. Жел өтінде желбіреп, Қырда тұрған қыз бала Жердің – Көкке ұсынған Қызғалдағы секілді!.. Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған «Киіз кітап» атты көлемді өлең кітабымен ол қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Кітаптың құрылымының өзінен-ақ ұлт ақынының қолтаңбасы айқын сезіледі. «Босаға», «Қара шаңырақ», «Кереге», «Уық», «Шымылдық», «Ошақ», «Түндік», «Қонақкәде», «Қазық» деп аталатын бөлімдерде топтасқан дәстүрді де сақтай отырып, әлемдік поэзиядағы жаңашылдықпен де суарылған жауһар жырлардың жарығы ұзаққа сәуле шашады. Кейінгі жылдардың бедерінде сахналарда қойылып жүрген «Бейбарыс» операсы либреттосының, «Қара пима» драмалық поэмасының, «Зере» драмасының авторы ретінде де кең танылды. Ол өлеңін жазған «Заман-ай» әні антиядролық қозғалыс гимніне айналды, жапон тіліне аударылып, жапон караокесіне кіріп, кең танылды. Ал «Атамұра» баспасы екі том етіп басып шығарған «Әбілхаят» эсселер жинағының жас ұрпаққа берері көп. Бұл кітап соңғы онжылдықтағы ең көп оқылған таңдаулы 10 кітаптың қатарына кірді. «Әдебиет порталы» интернет-сайтының жұртшылыққа бір жыл бойы жүргізген сұрауы бойынша, Қазақстанның соңғы 60 жылдағы ең таңдаулы 10 ақынының бірі болып танылған. Сауалнама бойынша «Алаш арыстарының 100 ізбасары» қатарына енгізілген. Ал Ұлықбек ақынның мықтылығы туралы екі ғасырдың ғұлама-абызы Әбіш Кекілбайұлынан асырып айту мүмкін емес. Талай ақынның шеберлігін тамыршыдай тап басып таныған Әбіш аға былай деп толғаныпты: «Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» ескі ауылдың төсекқабы сияқты. Іздеген нәрсеңнің бәрін табуға болады. Бәрінен де жиырма ғасыр бойы талай қапысы кетіп, ХХІ-ғасырдың өзіне қапияда тап болып отырған қазақ тұрмысы мен қазақ жан дүниесінің талай табын таба аласыз, талай қатпарына үңіліп, көз жүгірте аласыз… …Тағдыры тарихтың талма тұсына тіреліп тұрған ұлттың ұяты бар ділмары онсыз да өртеніп тұрған кезеңде өз жұртын өзі шаптан түртіп шамырықтырып, қаралай отқа итермей, базына емес, басу айтып сөйлесе лазым-ды. Ұлықбек таланты – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгінгідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың жүргенінің өзі қандай ғанибет?!… …Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл ұғылады…». Бұл – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулеттің ақындығына берілген керемет баға. Жетпіс деген белеске желіп жеткен Ұлықбек ағамыз туралы ойтолғауымды жыр жолдарымен аяқтағым келеді:
Күлімдейді ерекше күн реңі, Шығарды оны төріне бүгін елі. Ұлы Абайдың жиені Ұлықбекті, «Ұлыаға», – деп атадық інілері. Көрсең егер көзіңді бөлек суар, Оның жыры тас жарған ерек шынар. «Ұлық болсаң, кішік бол!» – деген сөзді, Ұлықбектен үйрену керек шығар. Атын қырдан естідім гүлін жапқан, Ұрым жақтан естідім, Қырым жақтан. Бір Ұлықбек зерттесе жұлдыздарды, Бұл Ұлықбек жұлдызды жырын жаққан. Аты шыққан Ақын боп «әп» дегеннен, Жанарынан маздаған от көрем мен. Бір Ұлықбек үңілсе Құс жолына, Бұл Ұлықбек Құс жолын тапты өлеңнен. Арбаса да жеңе алмас қалың шайтан, Ашуланса мінезі оның сойқан. Алдында оның Ақ Ертіс буырқанып, Артында оны қорғайды Сауыр-Сайқан. Арыны арғымақтың арынындай, Сарыны Ақтамберді сарынындай. Бұл күнде Тарбағатай тарланы – ол Алтайдың өзі алтын тамырындай. Қаршадайдан өскен ол қайсар болып, Жадыраған, жайнаған, жайсаң көрік. Марқакөл боп мөлдіреп ойға батып, Тебіренеді, толқиды Зайсан болып. Қарауылда, Қаройда, Қарқарада, Ескішеһир, Ыстамбұл, Анкарада, Ашхабадта, Самарқан, Тегеранда, Жыры оқылған ақын ол сан қалада. Достары бар Қарашай, Малқарда да, Татарда да, Башқұртта, Балқанда да. Моңғолия, Кипрде, Гүржістанда, Қытайда да, біледі Үндістанда. Абхаз барсам, сұрайды Ұлықбекті, Кавказ барсам, сұрайды Ұлықбекті. Тәшкен барсам, сұрайды Ұлықбекті, Мәскеу барсам, сұрайды Ұлықбекті. Қырғыз елі, Сахада сыры оқылған, Жанартау боп жүректен жыры атылған. Құс жолында ол мінген арғымақтың Түнгі аспанда нұры бар шұбатылған. Бұла жыры бұлтты асып бұлқынады, Дүниені шарлаған жыр пырағы, Көрген сайын қара өлең, ақ өлеңін, Жанарыма ғажайып нұр тұнады. Шайырлықтан жас өркен үміттенсе, Шырша болсын дейтұғын шыбық көрсе. Әлемді тану керек Ұлықбекше, Өлеңді жазу керек Ұлықбекше. Кейде Ақ түндей жұлдызын үйіп-төксе, Кейде ақ таңдай сәулесін күліп төксе. Өлеңінен ақ қанат байлап алып, Ойланбастан сапарға жүріп кетсе, Менің түйген түйінім біреу ғана – Жетпіске келу керек Ұлықбекше! Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Ұлыаға!
Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспендент мүшесі