Жаңалықтар

ШҚО-да 12 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Pixabay

Коммуналдық кәсіпорын қызметкері өзінің жеке банктік шоттарына бюджет қаражатын заңсыз аударып алған.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 12 млн теңге жымқырған коммуналдық кәсіпорын есепшісі сотталды.

Алтай аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, коммуналдық кәсіпорын қызметкері өзінің жеке банктік шоттарына бюджет қаражатын заңсыз аударып алған.

«Айыпталушы жергілікті коммуналдық кәсіпорындардың бірінше есепші болып жұмыс істеген. Өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланған ол бірнеше жыл бойы мемлекеттік бюджет қаражатын жеке банктік шоттарына заңсыз аударып отырды. Осының салдарынан келтірілген шығын көлемі 12 264 882 теңгені құрап отыр», - делінген ақпаратта.

Шоттағы ақша жетіспеушілігі анықталған соң іс сотқа жеткізілді. Сот шешімімен әйел ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушыға 3 жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.