Қоғам

Блогер Мұрат Әбділда үкімді айыппұлға ауыстыруды сұрады

Сурет: stan.kz

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады.

Ол жазасының өтелмеген мерзімін айыппұлға ауыстыруда сұрады, деп хабарлады turkystan.kz.

Оtyrar.kz сайты 4 жыл 6 айға сотталған блогер бұған дейін дәл осы баппен екі рет сотты болғаны жайлы жазды.

Белгілі блогер Мұрат Әбділда сотқа бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны айыппұлға ауыстыру туралы өтініш жасады. Ол өз сөзінде істеген ісіне өкініп, түзеліп жатқанын, дұрыс жолға түскенін айтты. 2 жыл 2 ай уақытын темір торда өткізген ол, өтелмеген мерзімді айыппұлға ауыстыруды сұрады.

«Құрметті сот, кешірім сұраймын! Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қателігімді мойындаймын. Сабақ алдым. Кешіріммен қарауды сұраймын! Мүмкіндік берсеңіздер!», – деді Мұрат Әбділда.

Прокурор судьядан сотталғанның өтінішін қанағаттандырмауын сұрады. Ал адвокат Мұрат Әбділданың түрмеде өткізген уақыт ішінде мінездемесінің жақсы екенін, үш рет алғыс алғанын, алкогольден еріксіз емдеудің тоқтатылғанын айтты. Содан кейін судья Талғат Қахаров кеңесу бөлмесіне барып, біраз уақыттан кейін өз шешімін шығарды.

«ҚР Қылмыстық кодекстің 73-бабы және ҚР ҚПК 476, 477, 480- баптарын басшылыққа алып, сот қаулы етті: Сотталғанның өтініш хаты қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Талғат Қахаров.

Судья сотталушыны дәл осы баппен бұған дейін 2 рет сотталғандықтан және оған екі ретінде де жазасын жеңілдету мүмкіндігі берілгенін айтып, оның өтініш қанағаттандырмады.

Еске салайық, белгілі блогер 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді.