Спорт

«Жанкүйер сенімін ақтай алмадық»: Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына қатыспайды

Olympic.kz.

Құрамадағы сәтсіздік себебін бас бапкер Қайрат Сағадиев түсіндірді.

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Париж Олимпиадасына қатыспайды. Отандық балуан қыздар іріктеу турнирлерінде бірде-бір жолдамаға қол жеткізе алмады. Құрамадағы сәтсіздік себебін бас бапкер Қайрат Сағадиев түсіндірді.

«Өкінішке қарай, жанкүйерлер сенімін ақтай алмадық. Бір жолдама да бұйырмады. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Қазіргі жағдайды сөзбен жеткізу қиын.

2022 жылы ұлттық құраманы қабылдап алғанымда, Олимпиаданың екі жолдамасына қол жеткіземіз деген сенім болды. Мен негізінен екі ауыр салмақта квота алатынымызға сендім.

Бірақ 76 келідегі Эльмира Сыздықова аяғын ауыр жарақаттап алды. Мұндай жарақаты бар спортшылар кем дегенде бір жыл бойы кілемге шықпайды. Бірақ Сыздықова жарты жыл сайын күреске оралып, нәтижесін жақсартып жүрді. Десе де, Эльмираның жолдамасыз қалуына осы жарақаты кедергі келтіріп бақты.

72 келіде әлем чемпионаттарынан жүлде алып жүрген Жәмила Бақбергеноваға да олимпиадалық салмақтың жолдамасы бұйырмады. 

Негізі, әйелдер құрамасында біз күтпеген факторлар жиі орын алып жатады. Қанша дегенмен, қыз баласы болғандықтан, жеке өмірі, отбасылық жағдайы да үнемі әсер етеді. Мысалы, жеңіл салмақтарда көзге түсіп, жақсы нәтиже тіркеп жүрген қыздарымыз олимпиадалық маусым басталарда қатардан шығып қалды. Нулифар Раимова, Алтын Шағаева сынды балуан қыздарымыз отбасылы, сәбилі болуына байланысты күресті тоқтатты. Мәдина Бақбергенова (68 келі) да мықты балуандардың бірі. Бірақ босанғаннан кейін оның да белі жиі сыр беріп жүр. Ерлерге қарағанда, қыздар күресінде біз алдын ала алмайтын жайттар жиі кездеседі.

Елена Шалыгина қырыққа жақындаса да, күресіп жүр деп сынайтындар көп. Бірақ Елена құрамадағы қыздардың бәрін жеңді. Физикалық дайындығы бәрібір жоғары.

Стамбулдағы турнирде күрескен Лаура Ғаниқызы (50 келі), Лаура Алмағанбетова (57 келі), Ирина Кузнецоваларға (62 келі) тәжірибе жетпеді. Кузнецова күтпеген тосынсый жасайды деп ойлаған едім. Себебі, ол әлем мықтыларын халықаралық жарыстарда жеңіп жүрген балуан. Әйгілі Айсұлу Тыныбековадан 1:2 есебімен жеңіліп, соңына дейін беріспеді. Бірақ Түркияда біздің команданың жолы болған жоқ.

Жанкүйер сенімін ақтай алмағынымыз қынжылтып тұр. Еліміздегі әйелдер күресін әлі де дамыту қажет. Резервтегі спортшылар бақ сынайтын, өз жерімізде өтетін халықаралық турнирлерді көбейту керек деп ойлаймын. Бізде бір спортшы кетсе, соның орнын аңдып отыратын екінші, үшінші нөмірлі балуандар өте аз. Жоқтың қасы. Ал бәсекелестік болмаған жерде нәтиже де болмайды. Егер өз елімізде өтетін халықаралық сын көбейсе, бір салмақта бірнеше спортшыны қатыстыра алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, шетелдегі халықаралық жарыстарға бірнеше құрамды апаруға қаражат бөліне бермейді», - деді Сағадиев.