Қоғам

Меркі ауданында жасөспірім өлі күйінде табылды

t.me/kozachkow

13 мамыр күні Сыпатай батыр ауылындағы үйлердің бірінің жанынан кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған

Журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында Жамбыл облысы Меркі ауданындағы автомектеп аумағында 10-сынып оқушылары арасында төбелес болғанын, салдарынан бір жасөспірім оқиға орнында көз жұмғанын жазды. 

Меркі аудандық ауруханасынан Облыстық полиция департаментіне 13 мамыр күні Сыпатай батыр ауылындағы үйлердің бірінің жанынан кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылғаны жайлы хабарлама түскен.

"Полиция кәмелетке толмаған күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі таңда жасөспірім өлімі дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар, күдіктіге қатысты заңсыз суық қару алып жүру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайды", – делінген хабарламада.