Спорт

Жаңыл Балтабаева Париж Паралимпиадасына жолдама жеңіп алды

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау ортылығы

Паралимпиада ойындары тамыздың 28-і мен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.

Мажарстанның Сегед қаласында өткен пара каноэдан лицензиялық әлем чемпионатында Жаңыл Балтабаева Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды.

«Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау ортылығы» РМҚК баспасөз қызметі тартқан ақпаратқа қарағанда, чемпионаттың В финалында (VL3 классы) өнер көрсеткен қазақстандық спортшы 200 м қашықтықты 1:05.83 секундта бағындырып, мәреге екінші болып жетті. Осы бәсекеде польшалық Моника Кукла 1:05.45 секунд нәтижесімен бірінші, ал франциялық Елеа Чарвет 1:07.33 нәтижесімен үшінші болып жетті.

«Париж – 2024 Паралимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде пара каноэдан VL3 класында 10 жолдама сарапқа салынды. Оның ішінде соңғы төрт жолдама осы әлем чемпионатында ойнатылды. Чемпионаттың финалы А және В топ арасында өтті. А тобына - алдынғы лицензиялық турнирлерде жеңіске жеткен 6 спортшы және осы чемпионаттың жартылай финалында үздік өнер көрсеткен Өзбекстандық спортшы іріктелді. Біздің спортшымыз Жаңыл Балтабаева В тобында сынға түсті. Мәреге бірінші болып жеткен спортшыдан тек 0,38 секундқа қалып қойды. Жарыстың ережесіне сай А тобының 7 спортшысы және В тобының 3 спортшысы Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама алады», - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Ерсұлтан Жолшиев.

Жаңыл осымен Паралимпиада ойындарына еліміздің 12-ші лицензиясын иеленді. Бұған дейін пара каноэдан Спатай Бибарыс, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден үш жолдама, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова және Нышан Өмірәлі алған болатын.

Париж-2024 Паралимпиада ойындары тамыздың 28-і мен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.