Лудоманиямен күрес туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен.
Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметін реттейтін заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірлеген. Осы аптада заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістегі «AMANAT» Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойынға тәуелділікпен күресу қоғам үшін өзекті мәселе екенін атап өтті. – Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Сондықтан мұндай жағдайға әкелетін себептерді жойып, қоғамды бұл дерттен сауықтыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған, – деді Е.Бейсенбаев.
Лудомания – дерт
Заңға енгізілетін түзету мен өзгерісті, депутаттардың жұмысын қорытындылаған баяндамасында Елнұр Бейсенбаев лудоманияның қоғамға тигізіп жатқан кері әсері туралы айтты. Біріншіден, құмар ойынға шырмалғандар саны артқан. Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда шамамен еліміздегі әрбір бесінші адамның құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдардың саны белгісіз. Екіншіден, отбасы институтына сына қағып жатыр. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Былтыр Алматы облысында әйелі мен екі баласын өлтіріп, үйін өртеп жіберген тұрғынның оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды. Үшіншіден, суицидті өршітіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. – Төртіншіден, қылмыстың етек алуы. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудоман екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен, – деді Елнұр Бейсенбаев. Бесіншіден, көлеңкелі экономиканы өршітеді. Ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер болатыны сөзсіз.
Қандай өзгерістер қаралды?
Елнұр Бейсенбаев заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылғанын айтты. Үйлерде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кинода, мобильді операторлардың SMS хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты. Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заң жобасы аясында электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыстарында лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі. – Мәселенің қарастырылып келе жатқанына 2 жылға жуық уақыт болды. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдауды жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жыл кетті. Бір атап өтерлігі, заң жобасына Мәжілістегі барлық Фракция өкілдері бастамашы болып отыр. Осы кезең ішінде қаншама талқылау, біраз пысықтау болды. Қоғам дертіне айналған бұл мәселе жөнінде көптеген депутаттық сауал жолданып, арнайы отырыстар ұйымдастырылды. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірге жан-жақты талқыладық. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер, – деді Бейсенбаев.
Заң жобасы тағы да пысықталады
Дауыс беру қорытындысында Ерлан Қошанов Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күресу туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды. – Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зерделеп, заң жобасын жан-жақты талқылап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұмысқа сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн, – деді Мәжіліс Төрағасы.
40 мың адам өзін құмар ойындардан шектеді
Құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу жөніндегі онлайн қызмет іске қосылған алғашқы айда аталған қызметті 40 мыңнан астам ел азаматы пайдаланған. 36 765 адам EGOV mobile порталы арқылы онлайн өтініш берсе, 3 398 адам өзін шектеуге қағаз түрінде өтініш жазды. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігі осы қызметті ілгерілету үшін әлеуметтік жарнама науқанын жүргізіп жатыр. Еліміздің 10 өңірінде 200-ден астам баннер мен билборд ілінген. Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының цифрлы кеңселері мен теміржол вокзалдарында жарнамалық конструкцияларға тақырыптық баннерлер орналастырылған. Өтінішті өзін құмар ойындар мен бәс тігуден шектегісі келетін адам дербес ЭЦҚ пайдалана отырып, өз бетінше өтініш беруге тиіс. Үшінші тұлғалар тарапынан өтініш бере алмайды. Естеріңізге сала кетейік, аталған цифрлы қызметпен қатар ел азаматтары мен резиденттері құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өзін шектеу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жазбаша өтініш бере алады.