T-Newspaper

Кітапхана ісі туралы арнайы заң қажет

Кітапханалардың күні-түні немесе апта бойы үздіксіз жұмыс істеуі, әрине, оқырмандар, со­ның ішінде студенттер үшін тиімді.

– Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың кітапханаларды дамытуға, кітапханашылардың мәр­­­тебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған нақ­ты тапсырмалары мен қабылданған шешімдерінің еліміздің жал­пы кітапхана саласын дамыту үшін маңызы зор.  Жуырда ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші оты­рысында Президент кітап пен кітапханалар мәселесін қай­та көтеріп, кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жас­тарды кітап оқуға баулу, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін, сон­дық­тан кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыру керек екенін баса айта келе, кітапханалар мен кітаптың қоғамдағы орнын тағы да ерекше атап өтті. Және де бұл саланы жетілдіру үшін бас­қа да ауқымды шараларды қолға алу қажеттігі туралы айтып, бірқатар міндеттерді қойды. Бұл, әрине, біз үшін, кітапханашылар қауымдастығы үшін, қуантарлық жайт. Еліміздегі мәдени мекемелердің сан жағынан да, халыққа қызмет көрсету жағынан ал­ған­да да ең ауқымды сала – кітапхана. Алайда еліміздің кітапхана саласындағы негізгі ше­шімін таппай отырған күрделі мәселелердің бірі – «Кітапхана ісі туралы» заңының болмауы. Жо­басы 1998 жылы әзірленген бұл заңды әзірлеу және қабылдау қажет екені туралы мәселе бір­неше рет көтеріліп, талқылауға ұсынылған болатын. Арнайы заңның болмауы еліміздегі кітап­хана ісі дамуын, ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету мәселелерін, т.б. құқықтық рет­теуде белгілі бір қиыншылықтар тудырады, ол, өз кезегінде, әр деңгейдегі кітапханалар жұ­мысының үйлесімсіздігіне әкеліп соғады. Өкінішке орай, қолданыстағы нормативтік және заң­ға тәуелді актілер кітапханаларға олардың ақпараттық, мәдени және білім беру мін­дет­терін толықтай іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар кітапхана ісі бойынша нұсқаулықтар мен ережелер қайта қарауды және жаңартуды қажет етеді.  Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы айтқандай, өткен тоқсаныншы жылдары кітап­ха­н­алардың жабылуы әлі де жалғасуда, мысалы, 2018-2021 жылдары, негізінен, солтүстік өңір­лерде кітапханалардың жабылу тенденциясы үстем болды. Кей өңірлерде ішкі көші-қонға, ел­дімекендерден қалаға көшуі салдарынан халық санының азаюына байланысты ауылдық кітапханалардың жабылуы орын алуда. Дегенмен бүгінгі таңда кітапханалар санының өсу динамикасы туралы сеніммен айтуға болады, бір өңірде жабылса, басқа өңірлерде кітап­ханалардың ашылуы қуантады. Мысалы, былтырғы жылы Алматы облысында – 10, Түр­кі­станда – 3 жаңа ауылдық кітапхана, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыстарында бір-бір кітап­ханадан ашылды. Бұл халықтың кітап оқуға және ақпараттық-кітапхана қызметіне де­ген қызығушылығының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Еліміздің кітапханалары үшін өзекті мәселелердің бірі – материалдық-техникалық база­ның жай-күйі. Республиканың көпшілік қолжетімді кітапханаларының басым бөлігі бейімделген үй-жайларда, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында салынған көпқабатты үйлердің бірінші немесе жертөле қабаттарында орналасқан, сондай-ақ өсіп келе жатқан кітапхана қорларын сақтауға жеткілікті алаңдары жоқ. Көптеген кітапхананың ғимараты оқырмандарға қызмет көрсету және қорларды сақтау шарттарына қойылатын заманауи талаптарға сай емес. Тәуел­сіздік жылдары жалпыға қолжетімді кітапханалардың бес жаңа типтік ғимараты ғана са­лынды: Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапханасы, Ақтау, Қызылорда және Түр­кістан қалаларында үш облыстық әмбебап кітапхана және Шымкент қаласында бір Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы. Бұл мәселені шешу үшін пайдаланушыларға қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін, соның ішін­де мүгедектігі бар тұлғалар үшін кедергісіз қолжетімділікті және еркін қозғалысты қам­та­масыз ететін кітапханалардың жаңа типтік ғимараттарын салу, оларды заманауи талап­тар­ға сай кітапханалық жиһазбен жабдықтау қажет. Көпшілік кітапханалар компьютерлік жә­не көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, ал қолда бар техникалық құралдар, әдетте, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Кітапханаларды жаңа техникалық құ­рал­дармен жабдықтау, сапалы, жылдам интернетке қолжетімділікті және шетелдік ақ­параттық ресурстармен (толықмәтінді дерекқорлар, электрондық кітапханалар және т.б.) қам­тамасыз ету оқырманның қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді.  Республика кітапханаларында үлкен көлемде ақпараттық ресурстар жинақталған және қа­зіргі кезеңде оларға еркін және тең қолжетімділік қамтамасыз ету үшін ресурстарды бір жүйе­ге біріктіру мәселесі де шешуді қажет етеді. Онымен қоса, кітапхана саласын білікті ма­ман­дармен қамтамасыз ету мәселесі де бар, еліміздің өңірлерінде де, жалпы республика бойын­ша кітапханаларда жоғары арнайы білімі бар кітапхана мамандарының тапшылығы сезіледі. Дегенмен қазіргі кітапхана саласын дамыту бағытында қолға алынып жатқан шараларды жү­зеге асыру арқылы бұл мәселелер де біртіндеп шешімін табады деген сенімдемін.  Әрине, Мемлекет басшысының кітапханаларды жаңғырту, жаңа заманауи кітапханаларды, со­ның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды салу туралы ұсынысын, біз, кітап­ханашы маман ретінде, толықтай қолдаймыз және кітапхана саласын дамыту үшін дұрыс қадам деп санаймыз.  Әлемдік тәжірибеде, дамыған елдерде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бар­шылық. Дегенмен халық көп шоғырланған Алматы мен Астана қалаларында ондай кітап­ханаларды салу үшін, ең алдымен, сол кітапханалардың тәжірибесін зерттеп, пайдалы жақ­тарын алуымыз керек деп санаймын. Біріншіден, ондай кітапхананың ғимараты дәстүрлі кітапханалардан өзгеше, адам қызы­ға­тындай өзінің сыртқы келбетімен, сәулетімен, ішкі кеңістігімен ерекше болуы керек. Мұ­ны­мен қоса, жаңа технологиялармен жабдықталған кітапхананың кітап қоры да ең зама­науи, қа­зіргі қажетті, қызықты әдебиеттермен толықтырылуға тиіс. Кітапханалардың күні-түні немесе апта бойы үздіксіз жұмыс істеуі, әрине, оқырмандар, со­ның ішінде студенттер үшін тиімді. Жасыратыны жоқ, студенттердің көпшілігі түнде күн­дізгіден кем емес қарқынды оқиды. Бұл –халықты кітап оқуға, кітапханаға тартудың тағы бір жолы. Өйткені халықтың күндіз жұмыс істеуіне, оқуына байланысты кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ. Ал тәулік бойы істейтін кітапханалар, кітаптар жұмыс кестесіне бейімделмей-ақ, қай кезде болсын қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде, күні-түні әлеуметтік желілерде түр­лі мазмұнды шамадан тыс тұтынатын жастар мен ересектер үшін өз уақыттарын пайдалы кітап­пен өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан кітап оқитын қала жұртшылығының да саны көбейетініне сенімдіміз. Тәулік бойы жұмыс істеу өз кезегінде қосымша адами, материалдық ресурстарды талап ете­ді. Яғни, ғимарат түні бойы толыққанды қызмет көрсетуі керек, электр жарығымен, сумен, жылу­мен, күзетпен қамтамасыз ету, т.б. және ең бастысы, қызметкерлер санын көбейту.  Алматы қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бар. Мысалы, былтырғы жыл­дың айынан бастап, Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен эксперимент ретінде Жам­был атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана және Alatau Creative Hub орталығы тәу­лік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді.  Қазіргі кезеңде кітапханалардың міндеті – халықтың барлық топтары арасында кітап оқу­ды ынталандыру, кітапқа деген қызығушылығын ояту және дамыту. Өйткені өркениетті қо­ғамды, саналы ұлтты қалыптастыру –сапалы білімді ұрпақтың қолында. Ұлттық кітапханада сақталған Қазақстан кітаптарының бай қоры, сирек кездесетін кітап­тар мен қолжазбалардың, алғашқы баспа басылымдары мен грампластинкалардың біре­гей қоры, т.б. шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы. Өкінішке орай, уақыт өт­кен сайын жазба ескерткіштері физикалық жағынан ескіріп, тозады, қор сақталымының тиіс­ті деңгейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан құжаттардың ішінара немесе толық жоғалу қау­піне әкеледі. Сондықтан жаңа технологиялар дамуы жағдайында және жаһандану дәуірінде халқымыздың асыл мұраларын сақтап қалу өзекті мәселе болып тұр. Құжаттық мұраны сақтаудың және оларға барынша қолжетімділікті қамтамасыз етудің за­манауи тәсілдерінің бірі – қорды цифрлау. Әсіресе, сирек қорды ұзақмерзімді сақтап, қазіргі жә­не болашақ ұрпаққа жеткізу үшін оқырмандарға, зерттеушілерге, ғылыми қызметкерлерге пай­далануға құжаттардың көшірмелерін ұсынуымыз керек.  Бұл мақсатта кітапханада жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде және құжаттардың, соның ішін­де сирек кітаптар мен қолжазбалардың, араб, латын графикасындағы сирек басылымдар цифрланып, электронды көшірмелері Қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасына жүк­телген. Бұл жұмысты жалғастыру үшін құжатты цифрлық форматқа жылдам және сапалы кө­шіретін жоғары кәсіби сканерлер, көне және сирек құжаттарға арнайы сканерлер қажет. Өйт­кені қағаз құжатқа зиян келтірмеу үшін оны ұқыпты және мұқият сканерлеуді талап ете­ді. Бұдан басқа, кітап қорын ұзақмерзімді сақтау үшін қорды бүлінудің алдын алу және қал­пына келтіру шараларын дер кезінде жүргізуіміз қажет.  Мемлекет басшысы атап өткендей, кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады бол­ған­дықтан, осы ұлттық тарихи-мәдени жазба құндылықтарымызды мәңгілік сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.

Халықаралық Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері Федерация­сының мәліметі бойынша әлемде 560 мыңға жуық кітапхана бар. Соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасы кітап қоры бойынша алғашқы орында тұр. Одан соң – Британ кітапханасы, үшінші орында – Нью-Йорк қоғамдық кітап­ханасы. Жыл сайын олардың қоры молайып, үлкейіп келеді. Жыл сайын жаңа технологиялар мен жаңа өнертабыстар кітапхана ісін жетілдіруге жұмылдырылады. Айтпағымыз, кітапханаларды дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін алдымен кітап шығару ісін дамытып, кітап санын көбейтудің маңызы аса зор. Бұл ретте, кітаптың мазмұны мен сапасына да салмақты қарау басты та­лап болуға тиіс. Себебі кітап шығаруға көңіл де, қаражат та бөлінбей жатыр деуге келмейді...

 

Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы