Жаңалықтар

Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті опырылып, баланың үстіне құлап кетті

tekelinews.kz

Балалар ауруханасының травматология бөліміне 2013 жылы туған бала түскен.

Астанада тұрғын үй кешенінің қасбеті опырылып, бала жазым бола жаздады, деп хабарлады turkystan.kz.

Оқиға видеоға түсіп қалған. Кадрлар түсіндірмесінде қаптама кірпіш дүкеннің әйнек шатырына құлағаны айтылған.

«Үй әлі кепілдікте, бірақ сапасыз құрылысқа қатысты мәселелер жеткілікті. Бала өтіп бара жатты немесе шығып келе жатқан болса керек. Қыста пәтерлеріміздегі су қатып қалады, құрылыс салушыға бірлесіп жүгіндік, бірақ ешқандай шара қолданылмады. Жалпы проблемасы көп тұрғын үй кешені», - деп жазды Tengrinews.kz оқырманы.

Астанадағы №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының травматология бөліміне 2013 жылы туған бала түскен. Ол басының самай бөлігінде жарақаттар алғанын айтып шағымданған.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қарап тексергенде контузия нүктелі жаралар анықталған. Жалпы баланың жағдайы қанағаттанарлық. Бала хирургтың амбулаторлық бақылауына жіберіліп, тиісті ем-шара жасалған.