Атырауда сауда орталығындағы ойын алаңында 10 жастағы қыз биіктен құлап кеткен
Ойын алаңындағы қорғаныш белдігі үзіліп, жасөспірім биіктен құлап кетіпті
Атырауда сауда орталығындағы ойын алаңында 10 жасар қыз биіктен құлап, жарақат алды. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Оқиға 9 мамыр күні кешкі мезгілде Атырау қаласында орналасқан сауда орталығындағы ойын алаңында болған.
Ойын алаңындағы қорғаныш белдігі үзіліп, жасөспірім биіктен құлап кетіпті. Баланың ата-анасы оқиға орнына жедел жәрдем бригадасын шақырған.
Жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Аурухана дәрігерлері 10 жасар қыздың сол жақ шынтақ буынының жабық жарақаты барын анықтады. Мұндай жарақат оң жамбасында да болған. Дәрігерлердің тексеруінен соң стационарлық емдеу шарасы қажеттігі туындамады. Сол себептен, жарақат алған жасөспірім амбулаторлық ем алу үшін үйіне жіберілді, - делінген хабарламада.