Әнші Нұрлан Өнербаев Отан қорғаушылар күні мерекесін ауыстыруды ұсынды
Өнер иесі бұл туралы пікірін әлеуметтік желіде жазды.
Нұрлан Өнербаев 7 мамыр мерекесін Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев аталарымыздың бірінің туған күніне орайластыру керегін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Соңғы күндердегі мерекелерге байланысты мен де құттықтау алдым. Алақай! Жоқ, рас, қуанып қалдым. Тіпті, "ұсынған гүлім деп қабылда" деген қаржылай сыйлығы да бар. Бүгінге дейін өзімнен ғана сыйлық алып келген жан жарымнан сыйлық келсе қалай қуанбайсың. Дегенмен жан жарым Жаннаның ниетін, "Отан отбасынан басталады" дегендей, отбасымызда қырық жылдан астам жаққан отымызды сөндірмей, берік сақтап келе жатқандығымды меңзегені болар, қырық бес жылдан астам ұлтымның өнеріне қызмет жасай жүріп, ұлтымның тілін, әнін, дәстүрін дәріптеп келе жатқандығымды Отан сүйгіштігіме балағаны болар деп қабылдадым. Жалпы мен мерекелік даталарға аса қатты әсерленбейтіндердің қатарынанмын. Әсіресе, кешегі дәуірдің ескі мерекелеріне. Ал тәуелсіз ел болғалы, күн тізбемізге енген "Отан қорғаушылар" күні деген мерекеге байланысты өз пікірімді білдіргім келіп отыр. Жалпы, Отан қорғаушылар деп кімдерді атағанымыз дұрыс? Әскери мундир киіп, министрлік кеңсесінен ұзап шығып көрмеген офицерді ме, әлде қолына қару алып, әскери бөлімше алаңының шаңын көтеріп жүрген жауынгер жігіттерді ме? Бәрімізге белгілі қаңтардың қасіретті күндерінде Отанымызға шын мәнінде қауіп төнгенде, қауіпсіздік жауынгерлері мен қарулы күш жауынгерлері қауқарсыздығын көрсетіп алды. Менің түсінігімде, Отан қорғау деген қолға қару ұстап ел шебінде тұру ғана емес. Отан қорғау - халқыңның өткен тарихын білу, ана тіліңде сөйлеу, дәстүріңді дәріптеу, мәдениетіңді насихаттау. Міне, осындай ұстанымы бар кез келген азаматты Отан қорғаушы деуге болады. Негізі 7 мамыр күні Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін құру туралы Жарлық шыққан күн. Сондықтан бұл күн, "Қазақстанның Қарулы күштерінің күні" ғана болуы керек деп ойлаймын. Кең байтақ жеріміздегі жаугершілік жылдарында ерлігімен жерді қорғап келген батыр бабаларымызды айтпағанда, соңғы дүние жүзілік соғыста жасаған ерлігін өздері қорғаған СССР мойындамаса да, батырлықтарын бүкіл әлем мойындаған Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев аталарымыздың бірінің туған күндеріне орайластырса да жарасар еді. Сіздер қалай ойлайсыздар? Бұл менің өз ойым. Пікір қосам десеңіздер, ой бөлісіңіздер», - деп жазды өнер иесі.