Жаңалықтар

Үкімет шегіртке зиянкестерімен күресуге 8,1 млрд теңге бөлді

animals.pibig.info

Олжас Бектенов облыс әкімдеріне тапсырма берді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндады.

2024 жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 млн га құрайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады, алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктердің деректері бойынша бүгінгі күні қажетті 2,4 млн тонна тұқымның 99%-ы бар екенін баяндады. Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биылға арналған жоспар 1,5 млн тонна минералды тыңайтқышты құрайды, оның ішінде 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Қалған әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет.

ҚР АШМ деректері бойынша, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай аталған техника 100% дайын болуы керек. 

Егістіктерді химиялық өңдеу үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2023 жылы шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты, биыл 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін барлық қажетті ресурстар бар.

2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдікті дизель отынының көлемі шаруалардың «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы берген электрондық өтінімдері негізінде дайындалды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша фермерлерге биыл жеңілдетілген дизель отынының көлемі қосымша 36 мың тоннаға – 376 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Оның құны литріне 250 теңге деңгейінде сақталады, бұл нарықтық бағадан литріне 45 теңгеге немесе 15% арзан. Облыстарды тиеп-жөнелту бойынша МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді, бүгінде 52% жөнелтілді.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады.

Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге көзделген. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқанын дер кезінде сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. АШТӨ тиімді субсидиялауға ерекше назар аудару тапсырылды.

«Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Сізге, Айдарбек Сейпілұлы, әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Облыстардың әкімдіктеріне шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамту тапсырылды.

Премьер-Министр ауа райының ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлауға назар аударды.

Республиканың оңтүстік өңірлерін, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Үкіметтің ерекше бақылауында.

«Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауы тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық зауыттарда тыңайтқыштардың жетіспеуі себебінен ауыл шаруашылығы өндірушілерінен келіп түскен шағымдар аясында Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет.

Фитосанитариялық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды. Республикалық бюджеттен шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 млрд теңге бөлінді.

«Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуы тиіс. Туындаған мәселелерді Жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», — деп тапсырды Премьер-Министр.