Жаңалықтар

Қазақстан жаз соңына дейін қант экспортына тыйым салады

Бұл алдағы жазғы маусымда қазақстандықтардың қантқа деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

6 мамырда вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қант қызылшасының жаңа өнімі жиналғанға дейін ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлады turkystan.kz.

Қазiргi уақытта қоймалардағы қант қорының және Қазақстанға импорт көлемiнiң теңгерiмi шамамен 256 мың тонна, бұл елдiң жылдық қажеттiлiгiнiң жартысы (500-550 мың тонна).

Жақын арада қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен қант жеткізу квотасын жыл соңына дейін тағы да 100 мың тоннаға ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қазақстандықтарды қантпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ведомствоаралық комиссиямен 2024 жылғы 31 тамызға дейін Қазақстаннан үшінші елдерге, оның ішінде халықаралық транзитті қоспағанда, ЕАЭО-ға қатысушы елдерге қант экспортына уақытша тыйым салуды енгізу туралы ұжымдық шешім қабылданды.