Жаңалықтар

Су тасқыны: Оралдағы саяжайлардың жағдайы назардан тыс қалмайды

Кезең-кезеңімен барлық саяжай техникалық зерттеуден өтеді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тасқыннан зардап шеккен №1, 2, 3 және “Нұрлы жол” саяжайларының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz.

Кездесуге келген тұрғындар тарапынан өзектілігін жоғалтпай отырған бірқатар сұрақ қойылды. Тұрғындар су басқан саяжайларды қалпына келтіру, жаңа үй алу, әлеуметтік көмекке жүгіну және т.б мәселелер алаңдатып отыр. 

Әр зардап шеккен азаматқа тиісті көмек керсетілетін атап өткен облыс әкімі бүгінде Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі арнайы комиссия жұмысын бастағанын айтты. 

Н. Төреғалиевтің сөзінше, кезең-кезеңімен барлық саяжай техникалық зерттеуден өтеді. Тұрғындар көмексіз қалмайды. Бір жолғы әлеуметтік төлемдер берілуде, аталған жұмыстар жалғасын табады. 

Бүгінде облыс бойынша зардап шеккен 2264 отбасыға, оның ішінде саяжайда тұратын 863 отбасы бар, 813 млн теңге көлемінде (100 айлық есептік көрсеткіш) біржолғы әлеуметтік төлем берілген. Алдағы уақытта тұрғындардан түскен өтініштер негізінде төлемдер төлеу жалғаспақ.

Аталған кездесулерді облыс, қала басшылығы жиі өткізетін болады. Нариман Төреғалиев азаматтардың мәселелерін бақылауда ұстайтынын жеткізді. 

Атап өтерлігі, осыған дейін де тұрақты негізде саяжай тұрғындарымен кездесулер өткізілді, алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.