Жаңалықтар

Маңғыстауда 1,5 жылға сотталған экс-прокурордың жаза мерзімі өзгертілді

Оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Апелляциялық сот сатысы Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасарына қатысты алдында шыққан сот үкімін қайта қарастырды.

Бірінші сатыдағы соттың үкімі бойынша сотталушы прокурормен өзгертілген айып бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын.

«Апелляциялық сот алқасы істі зерттеу нәтижесі бойынша сотталушының ісі ҚР ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа берілгені (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) анықталды. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы-прокурор айыптауды онша ауыр емес жазаға, яғни ҚР ҚК-нің 104-бабы, 1-бөлігіне өзгерткен (Абайсызда адам өліміне әкеліп соғу). ҚПК-нің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, егер прокурор айыпты өзгертсе, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот істі жаңа айыптау бойынша қарайды. Сот отырысының аудио-бейне жазбасынан соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмегені байқалады. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық соты.

Сонымен қатар, прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған.

«Істің мән-жайына сүйене отырып, жанжал кезінде сотталушы Т.-ның жәбірленуші М.-ның жамбас тұсынан тепкілеп, басынан жұдырықпен ұрғаны анықталды. Салдарынан жәбірленуші құлап, есін жимай, алған жарақатынан қайтыс болған. Т.-нің кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен бірінші сатыдағы соттың үкімінің күші жойылып, жаңадан айыптау үкімі шығарылып, Т. ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.