Құбылу, қақтығыс және қара алтын құны
Қара алтын нарығындағы кейінгі құбылыстар мен өзгерістерге қазіргі геосаяси жағдай мен АҚШ-тағы ахуал тікелей әсер етіп отыр. Жалпы, мұнай бағасындағы өзгерістерге жасалған болжамдар мен оған әсер етіп отырған негізгі факторларға шолу жасап өтсек.
Осы аптада Brent маркалы мұнай бағасы арзандады. Биылғы наурыздың ортасынан бері тек оң динамика көрсеткен мұнай құны осылайша бір жарым айда бірінші рет барреліне 85 АҚШ долларынан төмен түсті. Бұған дейін кей сарапшылар қара алтын бағасы алдағы уақытта барреліне 100 доллардан асып кетуі мүмкін деген де болжам айтқан болатын.
Жалпы қара алтын нарығындағы кейінгі құбылыстар мен өзгерістерге қазіргі геосаяси жағдай мен АҚШ-тағы ахуал тікелей әсер етіп отыр. Жалпы, мұнай бағасындағы өзгерістерге жасалған болжамдар мен оған әсер етіп отырған негізгі факторларға шолу жасап өтсек.
Үміттің үдеуі бағаны басты
1 мамырда таңертең Brent маркалы мұнайдың халықаралық эталоны барреліне 85,28 АҚШ доллары саудаланды, бұл алдыңғы сауда сессиясындағы қорытынды бағадан 1,22 пайызға төмен. Тек Brent қана емес, West Texas Intermediate (WTI) америкалық эталоны да барреліне 80,83 доллар деңгейінде саудаланды, бұл алдыңғы сессиядағымен салыстырғанда 1,34 пайызға аз. Сарапшылар мұндай өзгеріс Израиль мен Хамас арасындағы қақтығысты тоқтату туралы келісім орнайды деген үміттің үдеуіне және әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушысы АҚШ-тағы шикі мұнай қорының көбеюіне байланысты болып отырғанын алға тартты.
Газа секторындағы шиеленістің басталғанына жеті айға жуықтаған сайын бүкіл әлем қос тарапты қақтығысты тоқтатуға шақырып жатыр. АҚШ Мемлекеттік Хатшысы Энтони Блинкен атысты тоқтату туралы ұсынысты жетілдіру мақсатында бірқатар бастама көтеріп отыр. Хамас осы аптаның аяғында бітімгершілік туралы ұсынысқа өз жауабын береді деген үміт бар.
Осылайша, атыс тоқтайды деген болжамға «жан бітуі» мұнай тасымалында болуы мүмкін кідірістерге қатысты алаңдаушылықты бәсеңдетті. Сондай-ақ мұнай саудасының негізгі бағыттары орналасқан аймақта атысты тоқтату мүмкіндігі бағаның төмендеуіне ықпал еткен. Дегенмен сейсенбіде Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху мәмілеге келу туралы хабарларға қарамастан, Газа Секторының оңтүстігіне басып кіруге уәде берді. Ақ үй 1,4 миллионнан астам палестиналық тұратын аймаққа басып кіруге барынша қарсылық білдіріп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан да, мұнай бағасына әсер етіп отырған бұл фактор алда қалай бағыт алатынын анық болжап-білу мүмкін емес болып отыр.
АҚШ-тағы анықсыздық
Америкалық мұнай институтының (API) деректерінен АҚШ-тағы шикі мұнай қоры 4,9 миллион баррельге өскенін байқауға болады, бұл нарық 1,5 миллион баррельге қысқарады деген болжам теріске шыққанын көрсетеді. Сонымен қатар сұраныстың төмендегені бағаның түсуіне әсер еткенін көрсетеді. АҚШ-тың Федералды Резервтік Жүйесінің пайыздық мөлшерлеме туралы қабылдайтын шешімі де нарыққа айтарлықтай әсер етпек. 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың ортасына дейін пайыздық мөлшерлемені 0,25 пайыз бен 5,5 пайыз аралығында ұстап келген АҚШ-тың бас банкі 2023 жылғы қыркүйектен бастап мөлшерлемені бір деңгейде қалдырып келді. Сондықтан қазір сарапшылар қандай да бір тосын шешім қабылданады деп күтпейді.
Әдетте, жоғары пайыздық мөлшерлемелер басқа валюталарды ұстайтындарға мұнайды одан әрі қымбаттатып, инвесторлардың қара алтынға деген сұранысын төмендетуге итермелейді. Сонымен қатар пайыздық мөлшерлемелерді ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстау мұнайға деген сұраныстың болашағына бірқатар сын-қатер әкелуі мүмкін деген болжам да айтылады. Ал мөлшерлеменің төмендеуі бағаның одан әрі түсуіне ықпал етеді. Осылайша, АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуді қашан бастайтыны белгісіз болуы мұнай бағасына әрі қарай әсер етіп отыр.
Сұраныс – белгісіз айнымалы
Жалпы, мұнай бағасы қазіргі сұраныс пен ұсыныс динамикасына және жаһандық экономикалық сын-қатерге байланысты биыл 70-90 доллар аралығында болады деген болжам айтылған еді. Уолл-стриттің жетекші инвестиция банктері, соның ішінде JP Morgan, Bank of America, Citigroup, Goldman Sachs және Morgan Stanley өз болжамдарын жасаған болатын.
J. P. Morgan мұнай бағасы 2024 жылы негізінен тұрақты болып қалады деп болжайды, ал Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен 83 доллар болады деп күтілуде. Бұл болжам АҚШ-тағы мұнай сұранысының тұрақтылығына, дамушы нарықтардағы сұраныстың айтарлықтай өсуіне және Еуропа нарығы тұрақты болады деген үмітке негізделген.
Goldman Sachs жаһандық рецессия қаупінің төмендеуі мұнайға деген сұранысқа оң әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Алайда банк АҚШ-тағы өндірістің өсуі бағаның өсуін төмендетуі мүмкін деп мәлімдеді, осылайша Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биыл 81 доллар болады деп болжады. Morgan Stanley бірінші жартыжылдықта Brent маркалы мұнай бағасы барреліне орта есеппен 80 доллар болады деген болжамды алға тартқан, екінші жартыжылдықта төмендеуі мүмкін деген дерек келтірді, өйткені әлемдік мұнай ұсынысы сұраныстың өсімінен асып кетуі мүмкін. Уолл-стриттегі бес банктің ішінде тек Bank of America мұнай биыл барреліне орта есеппен 90 доллар деп болжап, айтарлықтай өсім күтті. Ал Citigroup ең төменгі болжамды алға тартты, банк АҚШ-тағы өндірістің ұлғаюын және ОПЕК+елдеріндегі өндірістің төмендеуін ескере отырып, мұнай бағасы барреліне орташа есеппен 75 доллар болатынын айтқан еді.
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Сауд Арабиясы мен Ресей бастаған ОПЕК+ мұнай өндіруші елдерінен импорттың қысқаруына байланысты Brent маркалы мұнайдың бағасы биыл барреліне орта есеппен 85 доллар болады деп болжады.
Сонымен қатар мұнай ағыны және инвестициялар Азия мен Африка сияқты сұранысы жоғары аймақтарға көбірек ауысады деген болжам бар. Осылайша, Еуропа өзінің энергетикалық портфелінен мұнай мен табиғи газды тым тез және ерте шығарудың салдарынан зардап шегуі ықтимал екені айтылады. АҚШ-тағы Energy Intelligence Group мұнай нарығының сарапшылары қақтығыс және соғыс сияқты геосаяси оқиғалар бағаға қысқамерзімді әсер етеді, тенденция тудырмайды деп сендіреді. Яғни, олардың сөзінше, Израиль-Палестина қақтығысы мен Қызыл теңіздегі шиеленістің жалғасуы тек уақытша құбылмалылық тудырып отыр.
Осылайша, сұраныс негізгі белгісіз айнымалы болмақ. Бұл тұжырым АҚШ, Бразилия және Гайана сияқты ОПЕК-ке кірмейтін елдердің өндірушілері сұраныстың өсуіне жауап беруі және ұсыныс мәселелерін жеңілдету үшін 2024 жылы күнделікті мұнай өндіру қуатын 1,5 миллион баррельге және 2025 жылы 1,4 миллион баррельге арттырады деген үмітке негізделген.
Сауда балансына оң әсер етеді
Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) тоқсан сайынғы макроэкономикалық шолуын жариялады. Орталық сарапшылары да әлемде болып жатқан жайттар дүние жүзінің экономикасына бұрынғыдан да жылдам әсер ете бастағанын айтады. Оның ішінде геосаяси қысым Ресей мен Украина аумағында ғана емес, Таяу Шығыста да күшейе түсті. 2024 жылға болжам бойынша AERC Brent маркалы мұнайдың бағасы 89 долларға жетеді деп күтеді. Бұл өсімге Иран мен Иран арасындағы қақтығысты қоса алғанда, бірқатар факторлардың жиынтық әсері, Израиль, сондай-ақ ОПЕК+-тің өндірісті қысқартуды жалғастыру туралы шешімі сияқты жайттар әсер ететіні айтылған.
Бұдан бөлек, ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді ұлғайтпайтындарын мәлімдеді. Мұндай шаралар мұнай өндірудің жаһандық өсімі және картельден тыс өндірудің ұлғаюына байланысты алаңдаушылық аясында нарыққа қосымша қолдау көрсету үшін жасалмақ. Сауд Арабиясы өндірісті ұзартуға ниетті екенін мәлімдеді, бұл өндірістің жалпы көлеміне үлес қосады, ал Ресей мұнай өндіру мен экспортты тағы да қысқартпақ.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы 2024 жылғы сәуірдегі қаржы нарығы қатысушыларының кезекті талдауын жариялаған болатын.
– Сауалнамаға қатысушылардың пікірінше, мұнай бағасының жоғары болуы алдағы 12 айда Қазақстандағы экономикалық өсімге әсер ете алады. ОПЕК+ квотасы шегінде өндіріс көлемінің қысқаруына және Теңіздегі өндірісті ұлғайту мерзіміне қатысты белгісіздікке қарамастан, ЖІӨ өсімі 4,7 пайыз деңгейінде болжануда. Бір ай бұрын 4,4 пайыз еді, – деп хабарлады қауымдастық.
Ұлттық Банк Мұнай бағасы базалық сценарийден сәл жоғары қалыптасып отырғанын, бұл Қазақстанның сауда балансына оң әсер ететінін айтқан болатын. Алайда мұнайдың жоғары бағасы сыртқы инфляциялық әсердің артуына себеп болуы мүмкін екенін де реттеуші жоққа шығарған жоқ. Сәуірдің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,1 пайызға нығайды, яғни 1 АҚШ доллары 442,05 теңгеге дейін жетті. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың болжамына, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болатыны да айтылды.
– Мұнай бағасының құбылуы, әлбетте, ел экономикасына, теңге бағамына тікелей әсер етеді. Себебі біз мұнайға тәуелдіміз. Біздің экономикамыз әлі де болса мұнай шикізатының экспортына, сәйкесінше оның ғаламдық бағасы қалай қалыптасатынына сезімтал. Біздің бюджетіміздің жартысынан көбі сол мұнайдың кірісінен толығады. Экспортты есептесек, үлесі одан да көп. Алпыс-жетпіс пайызға дейін тек қана шикізат сатумен, одан кейін өнімін және де оған тәуелді қанша бизнесті қосқанда, мүлде көбейеді. Сондықтан біздің бюджетіміз, жоспарларымыз, ақшамыз, экономикамыз әлемдегі мұнай бағасына әлі де болса сезімтал және тәуелді болып қала береді, – дейді Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.
Осылайша, қара алтын нарығындағы құбылмалылық ел экономикасының ахуалын болжауда қарастырылатын басты фактор ретінде қалып отыр. Оның сәл жоғары көтерілуі немесе болмашы төмен түсуі көптеген болжамды қайта қарап, басқаша бағыт алуға ықпал етуі мүмкін.